Саясаткер және бизнесмен Болат Әбілов азаматтарды Қаңтар трагедиясында қаза тапқандарды еске алу митингісіне шақырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Құрметті азаматтар! Қаңтар ұлттық трагедиясына 40 күн толды. Біздің азаматтық парызымыз – қаза болғандарды еске алу. Мен, Болат Әбілов, бей-жай қарамайтын барлық азаматтарды 13 ақпанда сағат 12.00-де Республика алаңына бейбіт еске алу митингісіне шақырамын», – деді Әбілов өзінің бейнеүндеуінде.
Orda.kz-ке берген сұхбатында Болат Әбілов әкімдіктен митинг өткізуге рұқсат алмайтынын айтты, өйткені ол «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңды Конституцияға кереғар деп есептейді.
«Біз қазір құқықтық қор құрдық. Заңсыз ұсталғандарға көмектесіп жатырмыз, қазірдің өзінде ондаған отбасына қолдау көрсеттік. Қаңтар трагедиясынан бері 40 күн өтті. Қаза болғандарды еске алу – менің азаматтық парызым. Адам ретінде, азамат ретінде үнсіз қала алмаймын. Мен «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңға түбегейлі қарсымын, ол Конституциямызға кереғар. 2006 жылы менің әріптесім Алтынбек Сәрсенбайұлы қаза тапқан кезде, біз – Ораз Жандосов, Төлеген Жүкеев және мен рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырдық, өйткені біз рұқсат ала алмайтынымызды білдік», – деді Болат Әбілов.
Аталған санкцияланбаған митинг үшін Болат Әбілов 15 тәулікке қамалған, ол аштық жариялады.
«2011 жылы Жаңаөзенде атыс болып, адамдар қаза тапқан кезде мен де санкцияланбаған митинг ұйымдастырып, 15 тәуліктен екі рет түрмеде отырдым да, аштық жарияладым. Мен үш рет рұқсат сұрамастан алаңға шықтым. Қазір де рұқсат сұрауға тиістімін деп санамаймын. Менің ойымша, бұл конституциялық заңдар емес. Оларды қайта қарап, түбегейлі өзгерту керек, сондықтан мен ешқандай өтінім берген жоқпын. Егер билік маған қарсы санкциялар қолданар болса, оның салдарын көтеруге дайынмын», – деді Болат Әбілов.
Алматы әкімдігіндегілер Болат Әбіловтің тарапынан бейбіт митинг өткізу жөнінде өтініш түспегенін хабарлады. Мегаполистің қоғамдық даму басқармасы 2020 жылдың 23 маусымынан бастап бейбіт жиындарды Шоқан Уәлиханов атындағы және Махатма Ганди атындағы саябақтарда, және Family Park саябағындағы «Сары Арқа» кинотеатрының артында өткізуге болатынын еске салды.
Болат Әбілов кім?
Болат Әбілов – саясат және қоғам қайраткері, бизнесмен, Қазақстан меценаттар клубының төрағасы. Мәжіліс депутаты, сондай-ақ президенттің штаттан тыс кеңесшісі болды.
90-жылдардың басында Әбілов республикалық ақшалай-заттай лотереялық ұтыс ойынына жетекшілік етті. 1991 жылдан 2000 жылға дейін ол "Бутя" ЖАҚ президенті болды. 1994 жылы ол Президенттің штаттан тыс кеңесшісі қызметін атқарды. Ал 1997 жылы "Қайрат-Бутя" футбол клубын басқарды.
1999 жылдың күзінде Болат Әбілов "Отан" партиясының тізімі бойынша Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды. 2000 жылы депутаттық мандат алып, дәл сол жылы Қазақстан меценаттар клубын басқарды. Клубқа сондай-ақ белгілі бизнесмендер Райымбек Баталов, Еркен Қалиев, Марғұлан Сейсембаев, Нұрлан Смағұлов, Нұржан Субханбердин және Қайрат Сатылғанов кірді.
2001 жылы Болат Әбілов Президент жанындағы кәсіпкерлер кеңесінің құрамына енді, кейін ол "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қоғамдық бірлестігінің Саяси кеңесіне мүше болды.
2001 жылдың соңында Әбілов "Отан" партиясының мүшелігінен шықты. 2003 жылы "Ақ жол" демократиялық партиясы төралқасының төрағасы болды.
2005 жылы Болат Әбілов тіркелмеген "Нағыз "Ақ жол" партиясының тең төрағасы болып сайланды. Бірақ бір жылдан кейін ол полиция қызметкерін балағаттағаны үшін екі жарым жылға шартты мерзімге сотталды.
2008 жылдың наурыз айында оппозициялық "Азат" демократиялық партиясын басқарды.
2013 жылы ол өзінің саяси қызметін уақытша тоқтатып, шығармашылық жұмыстармен айналысуға бел буғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ол Қазақстан туралы фильмдер түсіріп, кітаптар жазуды жоспарлаған.
Болат Әбілов биліктің іс-әрекетіне бірнеше рет қарсы шықты. 2012 жылы ол Жаңаөзенде қаза тапқандарды еске алу митингісіне шықты. Сол кезде Алматыда Республика алаңына 2000-ға жуық адам жиналған еді.