Министрлер мен депутаттар карантинді сылтау етіп журналистерді жуытпайды

Ulysmedia

Өткен аптада Денсаулық сақтау министрлігінің шенеуніктері елдегі эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруына байланысты той өткізуге рұқсат берілетінін жария етті. Әлбетте, шектеудің белгілі бір талаптары сақталады. Нақтырақ айтқанда, тойшыл қауымның мәртебесі «жасыл», екпесі, COVID-19 індеті бойынша ПТР-тестінің нәтижесі теріс болуы шарт.

Коллаж: ulysmedia.kz

ҚАЗІР МИНИСТРЛЕРДІҢ БІРІН ДЕ ҰСТАЙ АЛМАЙСЫЗ

Тойларды, бұқаралық іс-шараларды өткізуге рұқсат бергенімен, шенеуніктер өз есігін ашуға асығатын емес. Бір жарым жыл бұрын елде пандемия басталған кезде президент әкімшілігінен бастап үкімет, парламент, министрліктер мен мемлекеттік ведомстволардың есігі халық үнін билікке жеткізіп жүрген журналистер үшін жабылып қалған болатын. Депутаттар мен министрлер онлайн режимге көшті де, БАҚ өкілдерімен жүзбе-жүз кездеспейтін болды. Бұрын үкімет немесе парламент ғимаратында қашып жүретін шенеуніктердің қазір бірін де ұстай алмайсыз.

Пандемия басталғалы бері ақпаратқа қол жеткізу жолдарының кейбірі тұйыққа тіреліп, министрлер, депутаттар отырыстарды онлайн өткізіп құтылады. Бұл онлайн жиындардың жайы белгілі: барынша тексерілген, мемлекеттік органдардың жұмысының тек жақсы жағын көрсететін ақпаратты ғана ала аласыз ол жерден. Бұрын видеокамераның алдында ауызы буылып қалатын министрлер қазір ұстатпайды.

ТОЙҒА РҰҚСАТ, ЦОЙҒА РҰҚСАТ ЖОҚ

Елде министрлермен бетпе-бет кездесуге болатын алаң – Орталық коммуникациялар алаңы еді. Журналистермен ұзаққа созылған дау-дамайдан, олардың табанды өтініштері мен хаттарынан кейін ғана шенеуніктердің БАҚ-пен Zoom арқылы қарым-қатынас жасау мүмкіндігі ұйымдастырылды. Zoom-нан кейін ғана тікелей эфирде шенеуніктердің деңгейі көрініп қалды. Бұл ретте жарқын мысал ретінде – денсаулық сақтау министрлігін атап өтуге болады. Баспасөз мәслихаттарының қаншамасында екі сағат бойы журналистердің министр Алексей Цойдан, орынбасары Ерлан Қиясовтан ақпаратты «сығып» алып отыратыны көптің есінде шығар. Көп жағдайда сол баспасөз мәслихаттары пікірталас алаңына да айналып кетеді. «Бос», кейде тіпті жалған ақпаратты тыңдап отырып, өзін ұстай алмай қалатын әріптестерімізді түсінуге болады.

Осының бәрін сырттан қарағанда өте жайсыз көрінетінін денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері ұғынған болуы керек. Баспасөз мәслихаттарына медицина, сарапшыларын, профессорлар мен медицина қызметкерлерін тарта бастады. Бірақ ол мамандар тек жекелеген салаларға қатысты сұраққа жауап бергенімен, олардың құзырына жатпайтын сұрақты тағы қоя алмайсыз. Бірнеше аптадан бері ОКҚ-да өңірлер мен қалалардың денсаулық сақтау басқармаларының басшыларымен баспасөз мәслихаттарын өткізіп жатыр. ДСМ де, ОКҚ да тілшілерді жеке өңірлердегі эпидемиологиялық жағдай емес, республика бойынша мәліметтер қызықтыратынын түсінгісі келмейді.

ЖЕКЕЛЕНУ ҚАШАН ТОҚТАЙДЫ

Қағылез журналистерден қалай құтылудың жолы қандай дегенде үкімет тағы бір лайфхак ойлап тауыпты. Ол жерде президенттің жолдауын жүзеге асыруға арналған баспасөз мәслихаттарының сериясы өтіп жатыр. Үкіметтің баспасөз орталығының алаңына вице-премьерді және оған есеп беретін министрлерді шығарады. Бұл баспасөз мәслихатына журналистер онлайн режимде де, офлайн режимде де қатыса алмайды. Министрлер кабинетінің баспасөз қызметі ол жерде Zoom арқылы баспасөз мәслихатын өткізуге жағдай жоқ деп ақталғысы келеді. Осылай дейді де, сұрақтарды ертерек жинап алады. Яғни министрлерде бұл сұрақтарға дайындалып аларлық уақыт бар.

Үкімет, сенат, мәжіліс, министрліктерге журналистер қашан бара алатыны туралы сұраққа әрқашан бір ғана жауап бар:

«Бас санитарлық дәрігердің тиісті қаулысы шыққан кезде рұқсат беріледі», – дейді олар.

Неліктен тойға рұқсат беріледі де, журналистердің жұмысына шектеу қойылады? Неліктен Алматыдағы шетелдік меймандарды шақыра отырып, үкіметаралық отырыс өткізіледі? Пандемия күшейіп тұрған уақытта неге Нұр-Сұлтанда жүздеген адамның қатысуымен сириялық келіссөздерге рұқсат беріледі? Журналистер алғашқылардың бірі болып коронавирусқа қарсы екпе алған. Бірақ вакциналау паспорты мен теріс нәтижелі ПТР тестпен тілшілер ешқайда кіре алмай жүр. Біздің истеблишментке осы жағдай өте ыңғайлы болғандықтан, бұл жекелену ұзаққа созылатын секілді.

Авторы Аружан Кулкашева