«Құқық қорғау органына жүгініңіз»: СІМ ресми өкілі экс-депутат Әбілдаев жайлы

Ulysmedia

ҚР СІМ ресми өкілі экс-депутат Азамат Әбілдаевтың шулы сұхбаты туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

видеодан скриншот

«Бұл мәселе бойынша ештеңе айта алмаймын. Партияның басшылығы (“Ақ жол”) өз шешімін қабылдады. Қазір ол Қазақстанның қарапайым азаматы. Ешқандай саяси қызметі жоқ. Егер сіздерге оның сөзі ұнамаса немесе сөзінен қарама-қайшылық көріп жатсаңыздар, онда құқық қорғау органдарына сөздеріне сараптама жүргізу жөнінде өтініш білдіруіңізге болады», - деді Айбек Смадияров.

Еске сала кетсек, Ресей әскерінің Украинаға басып кіруін қолдаған, оны «арнайы операция» деп атаған Қазақстан депутаты Азамат Әбілдаев өткір сынға қалған еді. Азаттыққа берген сұхбатында ол НАТО мен Украинаны айыптай сөйлеген. Депутаттың сұхбаты әлеуметтік желіде қызу талқыланды.

Көп ұзамай ол “Ақ жол партиясы” қатарынан шығарылды. Мәжілістегі өкілеттігі жойылды.

Осы оқиғадан кейін Азамат Әбілдаев ресейлік арналарға сұхбат беріп, өзінің оған дейін айтқан сөздерін қуаттай түсті.

Айта кетейік, бұдан бұрын “Ақ жол” партиясының құрамында Азамат Әбілдаевпен бірге жүрген экс-депутат Қазыбек Иса әріптесінің әрекетін қатаң сынаған.