272 млн теңге ұрланған: Балқашта жылумен қамту саласындағы жемқорлық әшкереленді

Ulysmedia

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Балқаш жылу» ЖШС басшылығына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Антикор мәліметінше, «Балқаш жылу» ЖШС директорының бұрынғы орынбасары және бас бухгалтері өздерінің карточкалық шоттарына артық жалақы есептеу жолымен 272 миллион теңгеден астам ұрлық жасады деп күдіктелуде (ҚР ҚК 189-бабы). Бұл ретте серіктестіктің жеткізушілер алдында 1,5 миллиард теңгеден астам сомаға қарызы болған.

“Күдіктілердің кінәсін толық мойындауына байланысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған жоқ. Тергеу жалғасуда. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды”, – делінген хабарламада. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сондай-ақ, бұдан бұрын хабарланған «Алматы жылу желілері» ЖШС бас директорының ұсталуына қатысты мәлімет берді. 

“АлТС” ЖШС бас директоры мен басқа да қызметкерлері 16 миллион теңге көлемінде пара алды деп күдіктелуде (ҚР ҚК 366-бабы)”, – деп хабарлады ведомство.