Референдумнан кейінгі Қазақстан: саяси жүйе қалай өзгереді?

Ulysmedia
Ulysmedia коллажы

Қазақстанда қабылданған жаңа Конституцияны жай ғана құқықтық түзетулер жиынтығы деп қарастыру жеткіліксіз. Бұл – мемлекеттің даму логикасының өзгергенін көрсететін, қоғам мен билік арасындағы қатынастарды қайта айқындауға бағытталған стратегиялық қадам. Соңғы жылдары қоғам өзгеріп, бұрынғы конституциялық модель жаңа әлеуметтік және азаматтық сұраныстарға толық жауап бере алмады. Сондықтан бұл реформа – тек заңды жаңарту емес, мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастарды қайта қарау қажеттілігінен туындаған шешім.

Жаңа Конституцияның ауқымы оның мазмұнынан анық көрінеді. Негізгі заңның шамамен 84 пайызын қамтитын 77 бапқа өзгеріс енгізу жоспарланды. Бұл қадам Қазақстанның құқықтық тұрғыдан жаңа мемлекеттік модельге көшу процесін бастағанын аңғартады. Жобада жалпы 95 бап қарастырылып, сол арқылы парламенттің екіпалаттылықтан бірпалаттылыққа (Құрылтай) көшуі, вице‑президент институтының енгізілуі секілді іргелі өзгерістер жоспарланды. Мұндай ауқымды реформалар әдетте саяси ерік пен қоғамдық сұраныс тоғысқан тұста ғана жүзеге асады.

Реформаның бастамасы Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан көтеріліп, бастапқыда парламенттік өзгерістер арқылы іске асырылуы жоспарланды. Алайда қоғамдық талқылау барысында ұсынылған өзгерістердің көлемі күткеннен әлдеқайда кең екені белгілі болды. Осы сәтте билік реформаны шектеуге тырысқан жоқ, керісінше оның нақты ауқымын мойындап, процесті ашық форматта жалғастыруды таңдады. Сондықтан бұл шешімді саяси тұрғыдан маңызды депбағалауға толық негіз бар. 

Реформаның мазмұнынан бөлек, оны әзірлеу процесінің өзі ерекше назар аудартады. Электронды платформалар арқылы түскен мыңдаған ұсыныстар азаматтардың саяси процестерге қатысу деңгейінің артқанын көрсетті. Бастапқыда 500-600 ұсыныс болса, кейін олардың саны 2 мыңнан асып, жалпы пікірлер 10 мыңға жетті. Дегенмен, бұл жерде тек сандық көрсеткіштерге сүйену жеткіліксіз. Негізгі мәселе – осы ұсыныстардың қаншалықты сапалы сараланып, нақты бір шешімге ықпал еткенінде. Егер қоғамдық пікір нақты нормаларға ықпал етсе, бұл азаматтардың шешім қабылдауға шынайы қатысқанын көрсетеді. 

Осы процесте 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия жұмыс істеді. Оның құрамына депутаттар, сарапшылар, БАҚ басшылары, өңір өкілдері мен қоғам қайраткерлері кірді. Комиссия мүшелері әртүрлі пікірлерді біртұтас жүйеге біріктіріп, шешім қабылдауда әр көзқарасты ескеруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, бұл процесс – қоғамдық келісімге деген ұмтылыстың бірден-бір мысалы болды.

Қоғамдық қолдауды ұйымдастыруда Жалпыұлттық коалиция мүшелері ерекше рөл атқарды. Коалицияны Ерлан Қошанов басқарды. Оның құрамына 5 саяси партия, 300-ге жуық қоғамдық ұйым кіріп, шамамен 5 миллион азаматты біріктірді. Бұл – ел тарихындағы ең ірі қоғамдық-саяси бірігулердің бірі болды.

Коалиция аясында республика бойынша ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сан алуан кездесулер мен іс-шаралар ұйымдастырылыды. Әр өңірде пікірталас алаңы құрылып, азаматтармен тікелей диалог орнатылды. Бұл жұмыстардың мақсаты – реформаның мәнін түсіндіру ғана емес, қоғамның кері байланысын да ескеру болды.

Ерлан Карин қоғамдық коммуникацияны күшейтуге және ақпараттық саясатты үйлестіруге ықпал етті. Ал, Аида Балаева реформаның идеологиялық және тұжырымдамалық негізін түсіндіру бағытында маңызды рөл атқарды. Осылайша, коалиция қоғам мен билік арасындағы маңызды көпірге айналды. 

2026 жылғы 15 наурызда өткен референдум реформаның шешуші кезеңіне айналды. Дауыс беруге 9,1 миллионнан астам адам қатысып (73,12%), олардың 87,15%-ы жаңа Конституцияны қолдады. Бұл жерде маңыздысы тек жоғары көрсеткіш емес, жаңа Конституцияның тікелей халықтың еркі арқылы қабылдануы. Нәтижесінде құжат институционалдық емес, қоғамдық легитимділікке ие болды.

Айта кетерлік жайт, референдум Қазақстан ішінде ғана емес, шетелде де өтті. 34 сайлау учаскесі ашылып, онда 350 қазақстандықдауыс берді. Бірінші дауыс беруді біздің Токиодағы және Сеулдегі отандастарымыз бастады. Бұл реформаның халықаралық қырын да көрсетті. Азаматтар шетелде болса да, өз пікірін білдіруге мүмкіндік алды.

Халықаралық деңгейде бұл реформалар оң бағаланды. Шетелдік серіктестер Қазақстанның өзгерістерді тұрақты, болжамды және құқықтық негізде жүзеге асырып жатқанын атап өтті. Бұл елдің сенімді әріптес ретінде беделін нығайтып, инвестиция арттыруға ықпал етеді.

Жаңа Конституцияның мәнін толық түсіну үшін 1995 жылмен салыстыру маңызды. Егер 1995 жылғы Конституция тәуелсіз мемлекеттің институционалдық негізін қалыптастыруға бағытталса, қазіргі өзгерістер сол жүйені жаңғыртуға арналған. Басқаша айтқанда, бұрын «мемлекетті қалай құру керек?» деген сұрақ өзекті болса, бүгін «оны қалай тиімді, әділетті және адамға бағдарланған ету керек?» деген мәселе алдыңғы қатарға шықты.

Референдумнан кейін реформаны іске асыру кезеңінің жедел басталуы да маңызды сигнал болды. 2026 жылғы 17 наурызда Президент Конституцияға қол қойып, оны жүзеге асыру туралы Жарлық шығарды. 1 шілдеден бастап Конституция ресми түрде күшіне енеді. 15 наурызды – Конституция күні ретінде атап өту туралы шешім қабылданды. Бұл – реформаның тек саяси акт емес, нақты институционалдық өзгерістерге бағытталғанын дәлелдейді.

Қорытындылай келе, Қазақстанның жаңа Конституциясы – бұл тек құқықтық нормалардың жаңаруы емес, мемлекеттің даму философиясының өзгергенін білдіретін стратегиялық бетбұрыс. Бұл құжат билік жүйесін қайта құрумен қатар, қоғамның мемлекетпен өзара әрекеттесу логикасын жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Яғни, әңгіме тек институттар туралы емес, азаматтың рөлі мен оның шешім қабылдау процесіндегі орнын қайта айқындау туралы болып отыр.

Жаңа Конституцияның ең маңызды ерекшелігі – оның халыққа бағытталуы. Егер бұрын азамат көбіне мемлекеттік саясаттың «нысаны» ретінде қарастырылса, енді ол саяси процестің толыққанды қатысушысына айналуға мүмкіндік алады. Бұл өзгеріс бірнеше нақты бағытта көрініс табады.

Біріншіден, азаматтардың саясатқа қатысу мүмкіндіктері кеңейеді. Референдум институтының күшеюі, қоғамдық талқылаулардың жүйелі сипат алуы – халықтың тек сайлау кезінде ғана емес, стратегиялық шешімдер қабылдау барысында да өз пікірін білдіруіне жол ашады. Бұл – билікке деген сенімді арттыратын маңызды фактор.

Екіншіден, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік күшейіп, басқару жүйесі бір орталыққа тәуелділіктен біртіндеп алшақтайды. Бұл өз кезегінде шешімдердің сапасын арттырып, жауапкершілікті нақты бөлуді қамтамасыз етеді.

Үшіншіден, құқықтар мен бостандықтарды қорғау тетіктері күшейеді. Конституциялық деңгейде бекітілген нормалар азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталған институттардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – сот жүйесіне сенімнің артуы, заң алдында теңдік қағидатының нақты іске асуы деген сөз.

Төртіншіден, жаңа Конституция әлеуметтік әділеттілік идеясын нығайтады. Мемлекеттің басты мақсаты ретінде «адамға бағдарланған саясат» айқындала түседі. Бұл – білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау сияқты базалық салалардың сапасын арттыруға бағытталған ұзақмерзімді негіз. Яғни, реформа тек саяси элитаға емес, ең алдымен қарапайым халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған.

Сонымен қатар, жаңа Конституция экономикалық тұрғыдан да жанама пайда әкеледі. Құқықтық тұрақтылық пен басқарудың болжамдылығы – инвестициялық тартымдылықтың негізгі факторлары. Бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына, кәсіпкерліктің дамуына және халық табысының артуына ықпал етуі мүмкін.

Сондықтан жаңа Конституция – бұл мүмкіндік. Ол мемлекетке де, қоғамға да жаңа сапалық деңгейге көтерілуге жол ашады. Ал бұл мүмкіндіктің нақты нәтижеге айналуы – билік пен азаматтардың ортақ жауапкершілігіне байланысты.