"Ақорда едендері қып-қызыл қан болды": Қаңтарда Тоқаев пен Мәсімовтің күзетшілері төбелескен

Ulysmedia

Orda.kz басылымның бас редакторы Гүлнар Бажкенова қаңтар оқиғалары кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке күзеті мен ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің жеке күзеті арасында қанды төбелес болғанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Бажкенова болған оқиға туралы екі түрлі дереккөзден естігенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2022 жылдың 3 қаңтарында Ақордада нағыз қанды қақтығыс болған.

" 1-2 қаңтарда Ақорда мен Қазақстаннан кету туралы шұғыл өтінішпен Мәсімов Тоқаевқа бірнеше рет кірген. Тоқаев бас тартқаннан кейін наразылықтардың екпіні күшейе берген. 3 қаңтарда "тоқаевшылар" пен "мәсімовшілер" төбелесі болды", - деді ол.

Дереккөздерге сілтеме жасаған Бажкенованың сөзінше, жай төбелес емес, қанды қырғын болған. Тіпті, қаза тапқандар болыпты.

"Алғаш рет Қазақстан президентінің резиденциясында қан төгілді. Ақорда едендері қып-қызыл қан болды", - деп қосты ол.

Журналист президенттің күзеті жеңіске жеткенін атап өтті. Оның айтуынша, күрестің нәтижесі шешілген кезде, айналасындағылар үшін күтпеген жерден Тоқаев пен Мәсімов қытай тілінде сөйлей бастаған. Қалғандары үшін түсініксіз диалогтың соңында Мәсімов орыс тілінде: "Енді не істеймін?" деген.

Бажкенованың айтуынша, Тоқаев "Бірдеңе істеуге тым кеш" деп жауап беріпті.

3 күннен кейін Кәрім Мәсімов қамауға алынды.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 6 қаңтарында Мәсімов мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен ұсталды. Қаңтар айының соңында ҰҚК баспасөз қызметі Мәсімов пен оның орынбасарларының ісі құпияландырылғанын, сот оларды қамауда ұстауға санкция бергенін хабарлады. 10 наурызда ведомство Мәсімовтен тәркіленген миллиондар, зәулім үйлер мен элиталық көліктер туралы айтты. ҰҚК-нің бұрынғы басшысын қамауға алу мерзімі бірнеше рет ұзартылды. Тағылған айыптар бойынша ол 17 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.