30 қыркүйекте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин Көкшетау қаласында онлайн-форматта өтетін екі ел арасындағы XVII өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысады, деп хабарлайды ulysmedia.kz мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәлиге сілтеме жасап.
«Форум аясында мемлекет басшыларының онлайн-форматтағы кездесуі жоспарланған. Онда Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестіктің басым бағыттары талқыланбақ. Форум биыл «Экология және «жасыл экономикалық» өсім салаларындағы ынтымақтастық» тақырыбы аясында өтеді. Іс-шара – екі мемлекеттің өңірлері арасындағы ықпалдастықтың перспективті бағыттарын талқылау, екіжақты қатынастарды нығайту, іскерлік топтардың байланыстарын және мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің қарым-қатынастарын жандандыру үшін тиімді алаң. Жиынға қатысушылар трансшекаралық су ресурстарын басқаруға, климаттың өзгеруі мен көміртегінен арылуға, сондай-ақ жануарлар мен өсімдіктер әлемін қорғауға қатысты мәселелерді талқылайды», - деп жазды Берік Уәли фейсбук парағында.
Оның айтуынша, форум қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қою жоспарланған.