"Қаржы бөлінді, нәтиже жоқ": Қымбатшылыққа жол берген әкімдер жылы орнымен қоштасады

Ulysmedia

Премьер-министр бағаны ұстап тұруға қаржы бөлінгенімен, азық-түліктің қымбаттауына жол берген әкімдерді сынға алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

«Біздің міндетіміз – 2023-ші жылдың қорытындысы бойынша инфляцияның деңгейін 10 пайыздан асырмау. Бұған қол жеткізуге әбден болады. Тек бұл үшін барлық өңірдің азық-түлік бағасын тұрақтандыру, әсіресе, маусымаралық кезеңде бағаны ұстап тұру бойынша белсенді жұмысы қажет. Сіздерде қажетті құралдардың бәрі бар. Біз өткен жылғы егіннен қажетті қор жинақтап алдық. Сондықтан, белгіленген бағамен көкөніс өнімдерінен тапшылық болмауы тиіс еді. Әкімдерге бағаны ұстау үшін қажетті тетіктердің барлығын бердік. Қаржы да бөлінді. Бірақ баға бәрібір өсіп жатыр. Әкімдіктердің тиімді жұмысын көріп отырған жоқпыз», - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.

Ол жергілікті жерлерде аталған мәселеге салғырт қараудың салдарынан бағаның өсуі тоқтамай тұрғанын айтты.

«Мәселен, өңірлерге пияз бойынша келісімшарт жасау тапсырылды. Әкімдер өнім көлемі жеткілікті деп бірнеше рет айтты. Онда пияз неліктен қымбаттады? Келісі – 400 теңге! Біздің елімізде пияз көп өседі. Алайда, бағаны төмендету үшін пияз экспортына тыйым салып, шұғыл шаралар қабылдауға мәжбүр болдық. Біз бірінші кезекте, өнім өндірушілерді қаржыландыру үшін форвардтық сатып алу механизмдерін қайта қарадық. Алайда, әкімдіктер жеткізушілерге қаржы бөлуді доғарар емес. Өкінішке орай, ол делдалдарды көбейткеннен басқа нәтиже беріп отырған жоқ. Өңірлерге тиімді бағамен тұрақтандыру қорларын толтырып алуға мүмкіндік берілді. Бірақ, атқарылған жұмысты көре алмай отырмыз. Жылдың басынан бері сауда саласында заңдылықты бұзудың ешқандай фактісі анықталмаған», - деді ол.

Үкімет басшысы жүктелген міндетті орындай алмаған әкімдер жылы орнымен қоштасатынын ескертті.

«Тағы да қайталап айтамын. Азық-түлік өнімдеріне бағаны тұрақтандыру – Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың аса маңызды негізгі міндеті. Жұмысқа немқұрайлы қарау орын алса және нәтиже болмаса тиісті шешімдер қабылданады. Бұл туралы бұған дейін де айтылды», - деп ескертті Премьер-министр.

Айта кетейік, 2023 жылғы қаңтарда жылдық мәнде инфляция деңгейі 20,7% құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы 25,7%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 20,2%, ақылы қызметтер 14,2% өсті.