Тағы екі министр өз қызметінде қалды

Сырым Қаржас
magnific.com

Ербол Мырзабосынов пен Саясат Нұрбек өз қызметінде қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Туризм және спорт

Ербол Мырзабосынов Туризм және спорт министрі қызметіне қайта тағайындалды. Ол бұл лауазымды 2024 жылдың қыркүйегінен бері атқарып келеді.

Бастапқыда бұл кадрлық шешімге күмән келтіргендер көп болды. Алайда Мырзабосыновтың тағайындалуымен қазақстандық спортшылар халықаралық додаларда жетістіктер көрсете бастады. Ол легионерлер мен танымал қазақстандық спортшыларды қаржыландыру мәселесіне қатысты қатаң ұстанымымен де белгілі.

— Біз жастарымызға, балаларымызға инвестиция саламыз. Сол арқылы бәсекеге қабілетті ересек буынды қалыптастыруымыз керек, — деген еді ол Ulysmedia.kz тілшісіне.

Жоғары білім және ғылым

Саясат Нұрбек те өз қызметінде қалды. Ол Ғылым және жоғары білім министрі лауазымына қайта тағайындалды.

Саясат Нұрбек ақпаратты көпшілікке барынша түсінікті тілде жеткізуге тырысатын министр ретінде танымал. Әріптес министрлермен және журналистермен кездесулерінің әрқайсысына ол өзі жетекшілік ететін саланың даму бағыты көрсетілген инфографикалар жазылған үлкен плакаттармен келеді.

Министрдің пікірінше, Қазақстандағы жоғары білім шетелдіктерді тартатын орталыққа айналуы керек. Ал қазақстандықтар жаһандық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман болуға тиіс.

Осы мақсатта елде дәстүрлі ҰБТ форматын жаңа тестілеу жүйесіне ауыстыру жоспарланып отыр.

— Ол тек білім деңгейін ғана емес, талапкердің жеке қасиеттерін – құндылықтарын, көшбасшылық қабілетін, бастамашылдығын да ескереді, — деген еді Нұрбек.