6,3 млрд теңге жымқырған қаржы пирамидасының басшысы Польшадан экстрадицияланды

Ulysmedia

Польшаның әділет министрлігі трансұлттық ұйымдасқан топ құрамында «QI Trade Kazakhstan» қаржы пирамидасын басқарғаны үшін іздеуде жүрген «К»-ны экстрадициялау туралы ҚР Бас прокуратурасының өтінішін қанағаттандырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Бас прокуратура мәліметінше, ол  2018-2020 жылдар аралығында бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатында қаржы пирамидасының жетекшілерінің бірі бола тұра, азаматтардың ақшалай салымдарын жалған жобаларға тартудың қылмыстық схемасын ұйымдастырып, үлкен қызығушылық төлем жасау елесін қалыптастырған деген күдікке ілінген. Ұйымдасқан топ мүшелерінің қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде зардап шеккен 1345 жәбірленушіге 6,3 млрд теңгеден астам шығын келтірілген.

“Ол Астанадағы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмысы расталса 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін”, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұдан бұрын Алматыда Qarat Invest қаржы пирамидасының 15 ұйымдастырушысы сотталған еді.