Қаржы министрлігі Халық Кеңесі мүшелерінің жалақысын атаудан бас тартты

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы жаңа консультативтік орган – Халық Кеңесі мүшелеріне төленетін жалақы мөлшерін жария етпеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Тиісті сұрақты журналистер брифинг барысында қойды. Шенеуніктің айтуынша, кеңес мүшелерінің еңбекақысы бюджет саласы қызметкерлеріне арналған еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне сәйкес белгіленеді.

– Барлығы еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне сәйкес алады. Еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесінің өзі – қызметтік пайдалану үшін арналған ақпарат. Сондықтан кім қанша алатынын егжей-тегжейлі жариялауға, нақты сомаларды атауға менің мүмкіндігім жоқ, – деді Бейсенбекұлы.

Журналистердің Қазақстан азаматтары орган мүшелеріне төленетін нақты төлем мөлшерін біле ала ма деген сауалына вице-министр тағы да ақпараттың мәртебесіне сілтеме жасады.

Халық Кеңесі деген не?

Қазақстан Халық Кеңесі – халықтың мүддесін білдіретін және мемлекеттік саясатты қалыптастыруға қатысатын жоғары конституциялық консультативтік орган.

Тиісті конституциялық заң 2026 жылғы маусымда қабылданып, 1 шілдеде күшіне енді.

Халық Кеңесінің құрамына 126 адам кіреді. Оның 42 орны этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық бірлестіктер мен ҮЕҰ өкілдеріне, тағы 42 орны мәслихаттар мен Астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың қоғамдық кеңестері өкілдеріне қарастырылған.

Кеңес мүшелерінің өкілеттік мерзімі – төрт жыл.

Халық Кеңесі, атап айтқанда, ішкі саясат мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлей алады, заң шығару процесіне қатысады, референдум өткізу жөнінде ұсыныс енгізе алады және қоғамдық бақылауды жүзеге асырады.