"Тәртіп орнатыңыз!": Бектенов көлік министрін жол сапасына қатысты сынға алды

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

Премьер-министр Олжас Бектенов көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтан жолдардың сапасына қатысты тәртіп орнатуды талап етті. Үкімет басшысының айтуынша, бұл салада әлі де мәселе көп, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Мәселе өте көп»

Үкімет отырысында көлік министрі жолдардағы қауіпсіздікті арттыру үшін атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, республикалық маңызы бар 11 мың шақырымнан астам жол I және II техникалық санатқа ауыстырылған. Министрдің сөзінше, бұл қарсы бағыттағы көліктердің бетпе-бет соқтығысу қаупін азайтуға мүмкіндік берген.

Сонымен қатар, транзиттік көліктерді қалалар мен ауылдардың сыртына шығару үшін елді мекендерді айналып өтетін 65 жол салынған. Көлік пен жаяу жүргіншілер ағынын бөлу үшін 38 жаяу жүргіншілер өткелі жабдықталған.

Қазір тағы 1,5 мың шақырым жолды реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Министрліктің мәліметінше, негізгі мақсаттардың бірі – қарама-қарсы бағыттағы көлік ағындарын бөліп, жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру.

– Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету – министрлік жұмысының басым бағыттарының бірі және тұрақты бақылауда, – деді Сауранбаев.

«Тәртіп орнатыңыз»

Министрдің баяндамасынан кейін Бектенов тек есеп берумен шектелуге болмайтынын айтты.

– Жол сапасы төңірегінде мәселе өте көп. Жуырда мемлекет басшысы да қатты сын айтты. Тәртіп орнатыңыздар. Отырыңыз!, – деді премьер-министр.

Бұған дейін Президент те жол инфрақұрылымының жағдайы мен сапасын бірнеше рет сынға алған болатын. Енді Үкімет алдында жолдарды реконструкциялауды жалғастырумен қатар, олардың сапасына қатысты қордаланған мәселелерді шешу міндеті тұр.