Елордалық билік жұмыс тобының мүшелеріне масс-медиа туралы заң жобасына қарсы шеру өткізуге рұқсат беруден бас тартты. Бұл туралы "Әділ сөз" халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жақында ведомствоаралық комиссия жұмыс тобының мүшелері қарсы болған "Масс-медиа туралы" заң жобасын бекітіп, Парламентке жіберді. Журналистер мен құқық қорғаушылар бұл туралы баспасөз мәслихаттарында мәлімдеді, Президентке үндеу жазды және митинг өткізуге өтініш берген.
Алайда Астана әкімдігі наразылық акциясын өткізуге рұқсат бермей қойған.
"Ішкі саясат басқармасы хабарламада көрсетілген кезеңде белгіленген жерде бейбіт жиналыстар өткізу туралы бұрын алынған өтініштерді қанағаттандырып қойған. Осыған байланысты сізге бұл хабарламаны қанағаттандыру мүмкін емес екенін хабарлаймыз", - делінген хабарламада.
Бір қызығы, әкімдіктер митингілерді өткізу үшін рұқсат етілген орындарда қандай іс-шаралар және қай уақытқа жоспарланғаны туралы ақпаратты еш жерде жарияламайды.