Tartyl Fest турнирі мәресіне жетті

Ulysmedia

Елордадағы Конгресс орталықта Tartyl Fest республикалық турнирінің гранд-финалы өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөз

ҚР Президенті жанындағы «DARA» таланттарды қолдау қорының бастамасымен ұйымдастырылған турнирдің ақтық сынына өңірлік іріктеу жарыстарында үздік нәтиже көрсеткен 170 спортшы қатысты. Қатысушылардың жасы – 11-51 жас аралығында.

Турникке тартылу жарысы былтыр Қазақстанның 20 қаласында өткен. Онда 7 мыңнан астам қазақстандық 9 салмақ дәрежесінде сайысқа түсіп, 33 жастағы тараздық Евгений Нам 50 рет көрсеткішпен турнир рекордын орнатқан.

EXPO аумағындағы Конгресс орталықта өтіп жатқан гранд-финалдан «Jibek Joly» телеарнасы тікелей көрсетілім таратады.

Гранд-финалдың жалпы жүлде қоры – 54 млн теңге. Өз салмақ дәрежесі бойынша 1-орын алған жеңімпаздарға 3 млн теңге, 2-орын алғандарға 2 млн теңге, 3-орын иеленгендерге 1 млн теңге сыйақы беріледі.

Бұл гранд-финалда чемпион атанғандар Street Workout бойынша әлем чемпионатында Қазақстан атынан сайысқа түсе алады.

Финалдың қорытындысы бойынша жеңімпаздар тізімі:

Мансұр Уәлиев (Өскемен қ.) - 18 жасқа толмаған 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде; 

Егор Ногин (Өскемен қ.) - 18 жасқа толмаған 55-70 келі салмақ дәрежесінде;

Ілияс Мұқышев (Семей қ.) - 18 жастағылар арасында 70 келі салмақ дәрежесінде;

Айбек Қапанов (Қостанай қ.) - 18-30 жас аралығында 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде;

Руслан Фатахов (Петропавл қ.) - 18-30 жас аралығында 65-70 келі салмақ дәрежесінде;

Евгений Нам (Тараз қ.) - 30 жастан жоғары 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде;

Евгений Созончук (Өскемен қ.) - 18-30 жас аралығында 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде;

Руслан Касманов (Петропавл қ.) - 30 жастан жоғары 80-90 келі салмақ дәрежесінде;

Виталий Бибиков (Қарағанды қ.) - 30 жастан жоғары 90 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз болды.