Атырауда көліктік бақылау инспекторы кәсіпкерлерден 24 млн теңге пара алған

Ulysmedia

Атырау облысында бірнеше мәрте ірі көлемде пара алған көліктік бақылау инспекциясының бас маманына үкім шықты, деп хабарлайды 

Атырау қаласының №2 сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, облыстық көліктік бақылау инспекциясының бас маманы С. ҚР «Автомобиль көлігі туралы» заңнамасының сақталуына бақылауды жүзеге асыру және ірі габаритті немесе ауыр салмақты көлік құралдарының Атырау облысы аумағынан жүріп өтуін қадағалау барысында заңды тұлғалардың көліктерін тексермей және әкімшілік жауапкершілікке тартпай, олардың Атырау облысы аумағында еркін және кедергісіз қозғалуына ықпал жасағаны үшін 2020-2022 жылдар аралығында барлығы 13 компаниядан пара ретінде бірнеше рет, ірі мөлшерде жалпы соммасы 23 817 000 теңге ақша қаражаттарын жұбайының, анасының, енесінің, әріптесінің жұбайының шоттарына аудартқан.

“Көрсетілген мән-жайлар мен сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, ЖТӘ нәтижелерімен, бейнежазбаларымен, арнайы тексеру құжаттарымен, сот фонографиялық, сот психологиялық-филологиялық сараптамалар және аудиторлық қорытындыларымен өз дәлелін тапты”, – делінген сот хабарламасында.

Сот үкімімен С.-ға өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.