Қазақстандық жемқорлардан қанша қаржы жиналғаны белгілі болды

Ulysmedia

ҚР Қаржы министрлігі қазынашылығының арнайы шотында 120 млрд теңге жинақталған. Жемқорлардан алынған бұл қаржы ел бойынша мектеп құрылысына жұмсалады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

twitter

Бұл туралы Сенат кулуарында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті.

Бірінші кезекте бұл ақша мектептерді жөндеу жұмыстарына бағытталмақ.

"Қазіргі уақытта бұл шотта 120 млрд теңге бар. Біз Оқу-ағарту министрлігінен өтінімдер күтеміз. Жөндеуді қажет ететін мектептерге ақша бөлеміз. Ең әуелі үш ауысымды мектептер мәселесі шешіледі, онда оқу бөлмелерін кеңейту жұмыстарын жүргізу қажет. Өтінімдерді жинақталғаннан кейін республикалық бюджет комиссиясына шығарамыз, содан кейін бұл ақшаны өңірлерге жібереміз", — деді Ерұлан Жамаубаев.

Сондай-ақ, Қаржы министінің сөзінше, Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңсесін қаржыландыру әлі жалғасуда. Оны үш жыл бойы ұстау шығыны –  5,6 млрд теңге. Бірақ алдағы айларда қаржыландыру азаяды немесе тоқтатылуы мүмкін.

Айта кетейік, елімізде жемқорлық туралы хабарлаған азаматтарға сыйақы төленеді. Мәселен, өткен жылы Ақмола облысында парақорларды ұстап берген 13 адамға 2,1 млн теңге сыйақы берілді.