Бұл міндетті ережеге қатысты тиісті заң жобасы бүгін Парламент Мәжілісінде қаралып жатыр, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
«Қазақстан Республикасының жариялы лауазымды адамдары ақшамен және өзге мүлікпен жүзеге асыратын операциялары бойынша тиісті бақылауды заңнамалық деңгейде белгілеуді көздейміз. Бұл адамдардың тізбесін Қазақстан Республикасының президенті бекітеді. Ал қаржы мониторингі агенттігі өз кезегінде осы адамдардың, олардың отбасы мүшелерінің және жақын туыстарының жеке тізімін жүргізетін болады», - деді «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Мәжілісте таныстырған депутат Сергей Симонов.
Оның айтуынша, Қазақстанның жариялы лауазымды адамдары мен олардың жақындары қаржы мониторингі субъектілерінен тиісті қызметтер алған кезде қолданыстағы заңға сәйкес шетелдік жариялы лауазымды адамдар сияқты қосымша тиісті тексеруден өтеді.
«Бұл норма қаржылық ашықтыққа қол жеткізуге және саяси маңызды лауазымды тұлғалардың сеніп тапсырылған өкілеттіктерін пайдалануына байланысты құқық бұзушылықтардың ықтимал жолын кесуге бағытталған», - деді ол.