Алматыда бір мектептің 7 оқушысы ауруханаға түсті

Ulysmedia

 Алматыдағы №96 мектептің 7 оқушысы бұрыш баллонынан уланып қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, оқыс жағдай 29 наурыз күні мектеп дәретханасында үзіліс кезінде болған.

«29 наурыз күні полиция бөлімшесіне Алмалы ауданында орналасқан №96 жалпыға білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы, қоңырау уақытында дәретханада баллоннан бұрыш шашып, соның салдарынан жанында тұрған оқушыларға иіс тиіп, уланғаны туралы хабар түсті. 7 оқушы жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілді»,- деп хабарлады қалалық полиция департаментінен.

Аталған дерек бойынша, Алмалы аудандық полиция басқармасы оқушының ата-анасына ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 127-бабына сәйкес шара қолданады.

Сонымен қатар материал кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның қарауына жіберіледі.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкенттегі олимпиада кезінде оқушылар астан жаппай уланып қалған еді.