Депутаттар халыққа шетелден қайтарылған ақшаның есебін беруді талап етті

Ғалиасқар Думан

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан елден заңсыз жолмен шығарылған қаражатты қайтаруға қатысты депутаттардың талабын жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

twitter

«Мемлекет басшысының бастамасымен елден заңсыз жолмен шығарылған қаражатты қайтару, сондай-ақ заңсыз жолмен алынған экономикалық ресурстардың монополиялық (олигополиялық) шоғырлануын анықтау, оларды мемлекетке қайтаруға бағытталған бірқатар тапсырма берілген. Мәселен, Мемлекет басшысының 2022 жылғы 5 маусымдағы Жарлығына сәйкес, елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару мақсатында ведомствоаралық комиссия құрылып, оның төрағасы болып Бас прокурор бекітілген еді. 2022 жылдың 26 қарашасында Президент «Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Осы орайда Үкімет басшысына бірқатар тапсырма жүктелді. Енді, осы екі құжаттың талаптарына қарасақ, толық деңгейде орындалмағанын байқап отырмыз», - деді А. Құспан Премьер-Министр мен Бас прокурордың атына жолдаған сауалында.

Осы орайда депутат 31 наурызға дейін Мәжіліске тиісті заң жобасын енгізу тапсырмасы орындалмағанын айтты.

«Сонымен қатар заңсыз шығарылған активтерді қайтару рәсімдерінің жариялығын қамтамасыз ету туралы талап қойылған. Осы орайда біраз бұқаралық ақпарат құралдарын қарап шықтым. Алайда, қоғамға анық ақпарат берілмей отырғанын байқадым. Бұл тұрғыда қоғам жағынан қойылатын сұрақтар өте көп. Атап айтқанда, қанша қаражат елге қайтарылды? Іштегі олигополия өкілдерінен қанша қаражат өндірілді? Олардың қай бөлігі қаражатты өз еркімен қайтарды? Мәжбүрлі түрде қайтарғандарға қатысты қылмыстық істер қозғалды ма? Әзірге, осы сұрақтарға жауап берілмей отыр», - деді Абзал Құспан.

Осы орайда ол бір топ депутаттың атынан екі талап қойды.

«Біріншіден, Бас прокурор былтырғы маусым айынан бастап активтерді қайтаруға бағытталған арнайы комиссияның осы кезге дейін атқарған қызметі туралы толық ақпарат жолдауы қажет.

Екіншіден, Бас прокурор басқаратын ведомствоаралық арнайы комиссияға және Үкімет жанындағы жұмыс топтарына мамандықтары сәйкес келетін депутаттардың да қатысуын қамтамасыз ету керек», - деді депутат.