Атырауда лифт 3-қабаттан төмен сырғып кетіп, үш адам ауруханаға жеткізілді

әкімдік

Атыраудағы «Гранд Атырау» тұрғын үй кешенінде лифт үшінші қабаттан апатты түрде төмен түсті. Кабинада төрт адам болған. Оқиғадан кейін олардың үшеуі ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Оқиға 5 қазан күні күндіз Құлманов көшесіндегі тұрғын үй кешенінің «Б» блогында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, ауруханаға жеткізілген үш тұрғынның жағдайы қанағаттанарлық. Төртінші адам медициналық көмектен бас тартқан.

Лифттің апатты түрде төмен түсуіне не себеп болғаны әзірше белгісіз.

Оқиға орнына Атырау әкімі Данияр Таханов барды.

– Қала әкімі жауапты қызметтерге лифтінің апатты түрде төмен түсу себебін жедел анықтауды, сондай-ақ қаладағы барлық лифтінің техникалық жағдайын толық тексеріп, олардың қауіпсіздік деңгейін бағалауды тапсырды, – деп хабарлады әкімдік.

Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Контекст

Бұған дейін елордадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде қайғылы жағдай болғаны хабарланған еді. Онда лифт құлап, жұмысшы қаза тапқан.