«Парасат» холдингіне бөлінген қаражат құмға сіңген судай болды – Тоқаев

Ғалиасқар Думан

Мемлекет басшысы қазақстандық ғалымдармен кездесуде мемлекет тарапынан қаржыландыруға псевдоғалымдар «майшелпек» ретінде қарамауы керектігін ескертті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ақорда

«Университеттердегі ғылымды жүйелі түрде дамыту үшін ғылыми мекемелердің ауқымды желісін қалыптастыру қажет. Аймақтарда академиялық артықшылық орталықтарын, сондай-ақ технопарктер, инжиниринг хабтары мен зертханалар ашуды тапсырамын. Бұл ретте аймақтың ерекшелігімен қатар, ғылыми-технологиялық және экономикалық даму басымдықтарын ескеру маңызды.
 
Ғылымды мемлекет тарапынан қаржыландыруға ғалымдар, нақтырақ айтқанда псевдоғалымдар «майшелпек» ретінде қарамауы керек екенін баса айтқым келеді. Қаржы гранттарының көбінесе ғылыми маңызы, өзектілігі жоқ жобаларға берілетіні ешкімге жасырын емес. «Парасат» ғылыми холдингінде болған өкінішті жағдай – осының анық мысалы. Бөлінген қаражаттың бәрі құмға сіңген судай болды. Ал оның бұрынғы басшысы, химия ғылымдарының докторы Америка азаматтығын алып, отбасымен бірге елден кетіп қалды», – деді президент.

Тоқаев елімізде зерттеу университеттерінің санын біртіндеп көбейту қажеттігін айтты. Сондай-ақ, ол шетелдің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу тәжірибесін жалғастыру керек деген пікірде.