"Өмір сүру мүмкін емес": Қосшы тұрғындары қоқыс басқан қалада тұруға ұялатындарын айтты

Ғалиасқар Думан

Қосшы елді мекені екі жылдан бері облыстық маңызы бар қала санатына жатады. Алайда жергілікті тұрғындардың айтуынша, мәртебесі өзгергенімен, ондағы өмір сапасы оңала қойған жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қосшы 2021 жылдың шілде айының соңында облыстық маңызы бар қалалар санатына жатқызылды. Бір айдан кейін қала тізгінін Гайдар Қасенов алды, ол әлі күнге дейін Қосшыны  басқарып келеді.

Алайда жергілікті тұрғындар әкімдіктің жұмысына разы емес, олардың сөзінше, Қосшыда өмір сүру мүмкін емес. Бұған жолдардың нашарлығы, үйіліп жататын қоқыстың және барлық қалдықтарды ағызып әкелетін жиіркенішті кәріз жүйесі себеп.

Қосшылықтардың айтуынша, елді мекендері ауылдан қалаға айналған уақытта олар көп өзгеріс күткен. Қолжетімді тұрғын үйлер салынып, тақтайдай жолдар төселіп, аумақтар абаттандырылып, өмір сүру сапасы жақсарады деп күткен. Алайда қаланың қазіргі жағдайы көңіл көншітпейді. Көп жерде санитарлық талаптардың орындалмайтынын, коммуналдық жүйенің дұрыс жұмыс істемейтінін көруге болады.

Тұрғындар Ulysmedia.kz редакциясына қаншама уақыт бойы тазаланбаған қоқыс үйінділері түсірілген кадрлар жіберді.

"Барлық жерде ақша үнемдейді, бірақ неге әкімдікке қаржы жетіспейді? Қосшыға бөлінген ақша қайда? Жарық жоқ, қоқыс шығарылмайды. Мәдениетті түрде сөйлесіп, айттық. Бірақ нәтиже жоқ. Қарап тұрып жылағың келеді. Экология нашарлап барады. Мұнда әкімдіктің жұмысына кім қарайды? Ешкім жұмыс істемейді, демек әкім әлсіз. Косшының қай тұсына қарасаңыз да –  қоқыс! Ұят. Қоқыстың иісі бүкіл көшені алып кетеді", - деп шағымданды жергілікті тұрғын.

Қала ішіндегі жолдар туралы айтатын болсақ, бұл да бөлек мәселе, дейді тұрғындар. Жодар шұрық тесік болғандықтан, қала су тасқыны зардабын тартып келеді.