Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи журналист Думан Мұхаметкәрім мен «Алға, Қазақстан» оппозициялық партиясының төрағасы Марат Жыланбаевтың қамауға алынуы жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мәжіліс кулуарында Азаттық тілшісі Думан Мұхаметкәрім мен Марат Жыланбаевтың қудалануы жөнінде депутатқа сұрақ қойған. Ермұрат Бәпидің айтуынша, «егер саяси қудалау елдік, ұлттық сипат алып бара жататын болса, әрине, күресуге мәжбүр боламыз» дейді.
«Күресу қажет болады. Ал енді қазіргі жағдайда қудалау жоғарыдан арнайы саясатқа айналды деп ойламаймын. Өйткені қазір жоғарыдан шыққан саяси команданы төменге дейін орындау барысында неше түрлі өзгерістер болады ғой. Меніңше, Думан Мұхаметкәрім мен Марат Жыланбаевты қамауға Тоқаев команда берді деп ойламаймын. Егер оның (президенттің) сондай команда бергенін білсем, онда дәл осы саясаттан, Жаңа Қазақстаннан түңілем. Әділетті Қазақстанды мойындаудан қалам. Сондықтан, менің ойымша, корольді төңірегі жасайды дегендей, әлдебір қауіптің алдын алу үшін осыны атқарып отырған «қаршығалар» бар. Құқық қорғау органдары. Солар алдын алу мақсатында жасап жатыр деп ойлаймын», - дейді ол.
Еске салайық, 25 мамырда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты тіркелмеген «Алға, Қазақстан» оппозициялық партиясының 60 жастағы төрағасы Марат Жыланбаевты екуі айға қамауға алу жөнінде санкция шығарды.
Ал журналист Думан Мұхаметкәрім 20 наурызда Facebook желісінде жазба жариялап, 21 наурыз күні түстен кейін алаңға шығатынын мәлімдеп, өзгелерді де оған қосылуға шақырды.
21 наурызда оның 25 тәулікке қамауға алынғаны белгілі болды. Қамауда отырғанда журналист аштық жариялады.
15 сәуірде ол қамаудан босатылып, халықты тағы да митингке шақыратынын мәлімдеді.
2 мамырда тағы 25 тәулікке қамауға алынды.
Бұдан бұрын адвокат Ғалым Нұрпейісов Әблязовпен сұхбаты үшін журналист жауапқа тартылуы мүмкін екенін айтқан.
26 мамырда босап шыққан Думан Мұхаметкәрім 28 мамырда қайта қамауға алынды.
Бұған дейін жазғанымыздай, оның үстінен ҚР ҚК 405-бабы ("экстремистік ұйымның қызметіне қатысу және ұйымдастыру") бойынша қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.