Оңтүстік Корея Семей орманын қалпына келтіруге көмектеседі

Ғалиасқар Думан

Азиялық орман ынтымақтастығы ұйымы (AFoCO) Қазақстанға ормандарды қалпына келтіруге және өрттердің алдын алуға көмектеседі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Бұл туралы депутат Еділ Жаңбыршиннің Сеулге сапарынан соң белгілі болды.

Мәжілісменнің айтуынша, өткен ғасырда Корея Жапония колониясы болған кезде жарты аралдың орман ағаштары шабылып, таулар мен төбешіктердің құнарлы топырағы жаңбыр суымен шайылып, ағаштар табиғи түрде өсе алмай, шөлді ландшафт пайда болған. Осы кездерде Корея 6,5 млн га табиғи ормандарын жоғалтқан.

“Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, Жапониядан тәуелсіздік алғаннан кейін, кедей елдің тұрғындары таулық аймақтағы орман ағаштарын одан әрі шапты. Республиканың бірінші президенті Ли Сингман 5 сәуір күнін әрбір азамат өзінің туған жерін көгалдандыруға үлес қосатын күн деп белгіледі. Содан бері, яғни 1949 жылдан бері Оңтүстік Кореяда орманды қалпына келтірудің арнайы бағдарламасы бойынша 11 миллиардтан астам ағаш отырғызылды. Республиканың Орман қызметі құрылды. Үкімет басшысы Пан Чон Хи 1960 жылдары орманды кесу үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатын ең ауыр заңдарды енгізді. Бірлескен күш-жігермен 2,5 миллион гектарға жуық аумақта орман қалпына келтірілді, құнарлы топырақ сақталды, олардың эрозиясының алдын алды. Оңтүстік Корея шөлді мемлекеттен, орманды мемлекетке айналды. Қалауын тапса қар жанады деген, бәрінде жасауға болады екен!”, – деп жазды Жаңбыршин.

Кореяның осы тәжірибесіне ескере отырып, депутат сол мемлекеттегі әріптестерімен кездесуде еліміздегі орман мәселесіне қатысты ұсыныстарын ортаға салыпты. 

“Бірінші кездесу Корея Республикасының Ұлттық Ассамблеясындағы (яғни Парламенті осылай аталады) «Қазақстан-Республика Корея» достық тобының Төрағасы У Вон Шикпен болды. Екі мемлекет арасындағы саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетеуге мүдделі екенімізді айттық. Біздегі орман өрті жайында да естіп отыр екен. «Кореяның жетістіктерін жақсы білеміз, мүмкіндік болса орман шаруашылығына қатысты жаңа технологиялар мен әдістер жағынан көмек берсеңіздер жақсы болатын еді» - дедім. У Вон Шик мырза қолдан келетін көмекті жасаймыз деді”, – дейді мәжілісмен.

Сондай-ақ, Еділ Жаңбыршин Азиялық орман ынтымақтастығы ұйымы (AFoCO)  директорының орынбасары Sunpil Jin мырзамен кездескенін айтты.

“Sunpil Jin мырзаға елдегі жағдайды айтып, бірнеше ұсыныстарды айттым. Бірінші Қазақстаннан осы ұйымның өңірлік өкілдігін ашу мүмкіндіктерін қарастыру. Екінші біздің орман шаруашылығы қызметкерлерімен тығызы қарым-қатынас орнатып, Оңтүстік Кореяның орманды сақтау мен қорғаудағы мол тәжірибесімен алмасу. Үшінші біздегі жағдайларды зерттеп орманды бақылау, сақтау, өрттің алдын алу және оны локализациялау, ең бастысы өртенген орманды қайта қалпына келтіру жұмыстарына ғылыми, технологиялық және әдістемелік жағынан көмек көрсету. Sunpil Jin мырза қуана көмектесетінін жеткізді. Тіпті жаз айларында тренинг өткізуге дайын екендерін айтты”, – дейді депутат.

Еске салсақ, 8 маусымда “Семей орманы” аумағында өрт  тұтанған болатын. 9 маусым күні кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды.

Абай өңірінде ел тарихындағы ең ірі өртке байланысты Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин қызметінен босатылып, жаңа министр тағайындалды. Абай облысының әкімі өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін сөгіс алды.

Өртпен арпалысып жүріп 14 адам қаза тапты. «Семей орманы» Новошульба филиалының 14 қызметкерінің фотосуреттерін Экология министрі Зүлфия Сүлейменова жариялады. Мемлекет басшысы шетелге сапарынан бас тартып, өңірге арнайы барып, қаза тапқан орманшылардың отбасына көңіл айтты.

Қаралы қайғыға байланысты 12 маусым елімізде Аза тұту күні болып жарияланды.

Абай облысына аттанған үкіметтік комиссия 10 күн тергеу жүргізіп, өртті сөндіру кезінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының бұзылуына жол берген адамдарды анықтамақ.

Сондай-ақ, бұдан бұрын ІІМ басшысы Марат Ахметжанов өртті дер кезінде ауыздықтай алмаған экс-министр Юрий Ильиннің әрекеті тексерілетінін мәлімдеді.