677 млн теңге жымқырған: «Балқаш жылу» басшылығы тергеліп жатыр

Ғалиасқар Думан

«Балқаш Жылу» ЖШС-нің лауазымды тұлғалары жалпы сомасы 677 млн теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ҚМА Қарағанды облысы бойынша департаменті тіркеді.

Анықталғандай, «Балқаш Жылу» ЖШС-нің бұрынғы басшылығы 2020 жылдың маусымынан 2023 жылдың қаңтарына дейінгі аралықта Балқаш ЖЭО және Балқаш қаласының жылумен жабдықтау желілерін жөндеуге және ұстауға арналған 677 млн теңге көлемінде бюджет қаражатын жеке шоттары мен жалған кәсіпорындардың шоттарына жіберу арқылы жымқырған.

Аталған тұлғалар ұсталып, тергеу изоляторына қамалды.

“Тергеу судьясы екі ай мерзімге «қамау» шарасын санкциялады. Тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды”, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұдан бұрын Алматы облысында Энергиямен қамтамасыз ету мекемесінің қызметкері төрт жыл бойы ауыл тұрғындарының ақшасын жымқырғаны хабарланған.