Тоқаев ШҚО-ның жаңа әкіміне қандай тапсырма берді

Ғалиасқар Думан

Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевты қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кездесу барысында өңірдің жаңа басшысына маңызды міндеттер жүктеді.

Атап айтқанда, азаматтардың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын одан әрі арттыру, аймақ экономикасын дамыту мәселелеріне назар аударды.

Сондай-ақ өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, шағын және орта кәсіпкерлік салаларындағы тұрақты өсімді қамтамасыз етуді тапсырды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қатон-Қарағай, Марқакөл аудандарын қайта құру жөнінде шешім қабылданғанына тоқталып, шекаралас аумақтағы елді мекендерді жүйелі түрде дамыту қажет екенін айтты.

Президент облыс әкіміне коммуналдық инфрақұрылым нысандарын жаңғырту, жылу электр стансаларының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және жылыту маусымына дайындық жұмыстарын пысықтау жөнінде тапсырма берді.

Еске салайық, Ермек Көшербаев ШҚО әкімі қызметіне 16 маусымда тағайындалды.

Бұған дейін оның Назарбаев әулетімен туыстық байланысы жайлы жазған болатынбыз.