Ресей агрессиясы, санкцияларды айналып өту: Тоқаев пен Штайнмайер не талқылады

Аян Өрібай

Германияның федералды президенті Франк-Вальтер Штайнмайер президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөздерден кейін БАҚ өкілдері алдында қандай мәселелер талқыланғанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ақорда

«Біз халықаралық деңгейде ушыққан жағдайды атап өттік. Сол себепті Ресейдің Украинаға қарсы агрессивті саясатын қызу талқылағанымыздың өзіне таңғалуға болмайды. Бұл соғыс халықаралық құқыққа қайшы. Агрессивті соғыс дәуірлердің ауысуына апарып соқты. Жалғыз Германия үшін емес, бүкіл әлем үшін соғыстың әсері сондай болды», - дейді Франк-Вальтер Штайнмайер.

Германия президенті «Ресейдің Украинаға қарсы соғысының салдары бүкіл әлемге, әсіресе, Ресейдің көршілеріне» сезілетінін атап өтті. Бұл ретте тәртіп ережесін негіздеген, халықаралық құқық үстемдігін сақтаған Қазақстан билігінің нақты позициясын тағы бір рет атап өтіп, президент Тоқаевқа алғысын білдірді. Германия кез келген басқа елдің аумақтық тұтастығын, егемендігі мен БҰҰ жарғысын қолдайтынын мәлім етті.

«Біз президент Тоқаевпен санкциялар, санкцияларды айналып өту мәселесі жөнінде де әңгімелестік. Санкцияларды айналып өтуге жол бермес үшін біз бар күш-жігерімізді салуымыз керек. Әңгіме барысында Қазақстан мен ЕО елдерінің құзырлы органдарының бірлескен тобы жұмыс істеп жатқанын айттық.

Ресей агрессиясының салдары экономикалық және логистикалық салдары бар. Бұған дейін Еуропаның Қазақстанмен саудасы көбінесе Ресей мен Беларусь арқылы жасалатын. Сол себепті Қазақстан тарапының Орталық дәлізді балама халықаралық бағыт ретінде дамытуын белсенді қолдаймыз. Бұл бағытта қуаттылықты арттыру бастамасын да құптаймыз», - дейді ол.

Германия президенті Еуропа елдерінің Global Gateway бастамасында Орталық Азия ішінде тауар тасуда Қазақстанға басты ставка қойылып отырғанын ашық айтты.

«Келешекте өзара хабар берісіп, Орталық дәлізінің әлеуетін пайдалана алсақ деген ниетіміз бар», - дейді Германия басшысы.

 

Германияның федералды президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында мынадай құжаттарға қол қойылды:

  • Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Германия Федеративтік Республикасының Федералдық Сыртқы істер министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  • Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі мен Германия Федеративтік Республикасының Федералдық экономика және климат министрлігі арасындағы Қазақстаннан кәсіпорындар басшыларының біліктілігін арттыру жөніндегі ынтымақтастық жөніндегі ниеттер туралы бірлескен мәлімдеме;
  • Ұлттық геологиялық қызмет пен федералдық геологиялық ғылымдар және табиғи ресурстар институты арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  • Жамбыл облысы әкімдігі мен «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС арасында гипсокартон парақтары мен құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін зауыт салу жөніндегі жобаны іске асыру туралы келісім;
  • Қазақ-неміс тұрақты инженерия институтын құру туралы келісім;
  •  «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ мен «Rhenus SE & Co.KG» арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  • «DВ Engineering & Consulting GmbH» және «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ арасындағы жолаушылар тасымалы және көлік-логистика саласындағы әріптестікті дамыту туралы келісім;
  • «Siemens» технологиясы бойынша ҚР энергетика саласы үшін кернеудің орта класты тарату құрылғыларының өндірісін оқшаулау туралы шарт;
  • Сирек жер металдар қазбаларына геологиялық барлау және оларды қайта өңдеу жөніндегі бірлескен қызмет туралы келісім.