"Жылыту маусымына дайындық нашар": Смайылов кімдер қызметімен қоштасатынын айтты

Ғалиасқар Думан

Смайылов үкімет мүшелерінің жылыту маусымына дайындығын сынға алып, жаз біткенше мәселе шешілмесе, жауаптылар жылы орнымен қоштасатыны мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

«Қыстың қамын жазда ойла» деп бекер айтылмаған. Біз осы мәселені маусым айында әдейі ертерек қарап отырмыз. Жылыту маусымының басталуына дейін уақыт жеткілікті. Жөндеу жұмыстарының бекітілген кестелері бар. Оларды бұзуға болмайды.  Қазірдің өзінде біз әкімдіктер мен орталық мемлекеттік органдардың жұмысынан бірқатар кемшіліктерді көріп отырмыз. Мәселен, жүйелі оператор «KEGOC» компаниясы Жылу электр орталықтарындағы  күрделі жөндеу жұмыстарын бекітті. Бірақ бұл жұмыстар көптеген өңірде кешігіп жатыр», – деді үкімет басшысы.

Смайыловтың сөзінше, кейбір өңірлерде жөндеу жұмыстарын тіпті келесі жылға қалдырған.

“Мысалы, Атырау Жылу орталығында  турбиналарды жөндеу жұмыстары басталған жоқ. Мерзімнің бұзылуы – 60 күнді құрап отыр. Рудный Жылу орталығында да осындай жағдай. 45 күннен бері жұмыс тоқтап тұр. Теміртау қаласының ГРЭС-1-дегі қазандықты жөндеу жұмыстары жоспардан мүлдем алынып тасталған”, – деді ол.

Премьер-министр жылу желілерін жөндеу жұмыстарының қарқыны өте баяу екенін атап өтті.

“47 жобаның 30-ында ғана жұмыс жүріп жатыр. Желілерді техникалық тексеру жұмыстары да біткен жоқ. Уәкілетті орган мен әкімдіктердің арасында  үйлестірудің жоқтығынан осындай кемшіліктер орын алып отыр. Жалпы, жылыту маусымына дайындық жұмыстарын нашар деп бағалаймын. Бірінші басшылардың, әкімдер мен министрлердің жауапты орынбасарлары  «кабинетте отырмай» жұмыстың бел ортасында жүруі тиіс. Проблемаларды объектінің басында шұғыл шешу қажет. Арқаны кеңге салатын уақыт жоқ.  Жаз ортасы келіп қалды. Тәулік бойы жұмыс істеу керек. Бізде құрылыс маусымы өте қысқа. Сондықтан тәуекел де жоғары. Егер, жаз біткенше жағдай жақсармайтын болса, онда жауапты адамдарға қатысты кадрлық шешімдер қабылданатын болады”, – деді Смайылов.

Үкімет басшысы өзінің орынбасары Роман Склярға жылыту маусымына дайындық мәселелерін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Айта кетейік, өткен жылыту маусымында еліміздің бірнеше қаласында жылу жүйелерінде апат болып, тұрғындар қыс бойы бүрсең қағып отырған. Жуырда Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунова былтыр қыста бірқатар өңірде жылу болмай, тіпті төтенше жағдайларға апарып соққан жағдайларға байланысты жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысын жариялады. Тексеру нәтижесінде 23 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 37 млрд теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау, 117 млрд теңгеге экономикалық шығындар және жіберіп алған пайда анықталды.