Бізге Азиядағы Үлкен ойын емес, Үлкен пайда қажет - Тоқаев Қазақстан ұстанымы жайлы

Ulysmedia

Қазақстан Президенті АӨСШК Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысып жатқан делегация басшыларымен кездесті, деп хабарлайды ulysmedia.kz Ақордаға сілтеме жасап.

фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК Сыртқы істер министрлерінің 6-кеңесінің жұмысына қатысып отырған делегация басшыларымен кездесу өткізді. Жиынға Бахрейн, Беларусь, Үндістан, Қатар, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Түрікменстан елдерінің сыртқы істер министрлері, Израильдің туризм министрі, сондай-ақ 5 халықаралық ұйым мен 15 мемлекеттің дипломатиялық миссиясының басшылары қатысты.

Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес өткізуге Қазақстанның бастамашы болғанын және Кеңестің географиялық аясы мен күн тәртібінің ауқымы кеңейген құрлықтық платформаға айналғанын атап өтті.

Президенттің пікірінше, қазіргі таңда бейбітшілікті қолдау, ынтымақтастық орнату және даму мүддесі тұрғысынан Азия елдерінің ұжымдық күш-жігері мен даналығын үйлестіру үшін Кеңестің әлеуеті зор.

Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің бәріне және Кеңес хатшылығына Қазақстанның төрағалығы аясында жасалған өзара табысты іс-қимылдары үшін ризашылығын білдірді.  

«Өздеріңізге мәлім, біз АӨСШК-ті толыққанды халықаралық ұйымға айналдырудың стратегиялық мақсаттарына негізделген бірқатар маңызды басымдықтарды айқындадық. Кеңестің халықаралық ұйымға қажетті барлық элементтері, атап айтқанда негізгі құжаттары, басқарушы және жұмыс органдары, оперативтік бюджеті мен тұрақты хатшылығы бар. Ұсынылып отырған трансформация Азияның жаһандық істерді реттеудегі жаңа рөлін айқын көрсетеді. Бұл қадам Кеңеске мүше мемлекеттердің ірі құрлықтағы ортақ, бірыңғай және тұтас қауіпсіздіктің архитектурасын қалыптастыруға бейілді екенін нақтылайды», – деді Қазақстан Президенті.  

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Кеңеске төрағалығын шектеген COVID-19 індеті салдарынан туындаған кедергілер туралы айтты. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Кеңеске мүше елдерге келесі бастамаларды қолдауды ұсынды. 

«Біріншіден, Ақсақалдар кеңесінің басшысы лауазымына АӨСШК-тің негізін қалаушы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын ұсыну – мен үшін үлкен мәртебе. Екіншіден, 2022-2024 жылдары АӨСШК төрағалығына Қазақстанды ұсынамын. Еліміздің кандидатурасы мақұлданған жағдайда Кеңестің игі миссиясын орындау үшін ұжымдық күш-жігерді нығайту жолында жаңа мандатты пайдалануға міндеттеме аламыз», – деді Мемлекет басшысы.

Президент өз сөзінде құбылмалы стратегиялық жағдайда Азия құрлығы геосаяси күрестің басты алаңына айналып отырғанын айтты.

«Бірыңғай және сындарлы тәсіл ұсынып, өзімізге зор жауапкершілік пен міндет жүктеген жағдайда Азия XXI ғасырдың көшбасшысы болатынына сенімдімін. Бұл ретте, АӨСШК Азиядағы қауіпсіздіктің, ынтымақтастық мен ортақ өркендеудің нысанын қалыптастыра алатын бірыңғай форумға айналады деген үміттеміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті алдағы жылдары АӨСШК мән беруге тиісті бірқатар өзекті міндеттерді атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Кеңестің негізгі міндеті өзара сенімді күшейтуге және жанжалдардың алдын алуға бағытталған. Президент сенімді күшейту шараларының жаңартылған Каталогын әзірлеу жөніндегі жұмыстың сәтті орындалғанын атап өтті. Бұл құжат эпидемиологиялық қауіпсіздік, қоғамдық денсаулық және фармацевтика, ақпараттық технологиялар, терроризммен күрес сынды ынтымақтастықтың жаңа салаларын қамтиды.

Мемлекет басшысы Ауғанстандағы және оған қатысты қазіргі қалыптасқан жағдайды екінші өзекті мәселе ретінде атап өтті.

«Орталық Азияның бес мемлекеті Ауғанстанның қалыпты жағдайға оралуына аса мүдделі. Қазақстанның ұстанымы айқын. Бізге Азиядағы Үлкен ойын емес, Үлкен пайда қажет», – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, созылмалы пандемия жағдайында вакциналардың барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ Қазақстан QazVac вакцинасы арқылы жалпыға ортақ денсаулық сақтау жүйесіне қомақты үлес қосуға ниетті екенін айтты. Мемлекет басшысы Кеңестегі әріптестерін эпидемиологиялық қауіпсіздік жөніндегі жаңа сенім шаралары аясында ұжымдық күш-жігерді жандандыруға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пандемия Азияның әлемдегі орнын бекемдеп алуына жаңа мүмкіндіктер беретін сындарлы сәт болуы да мүмкін екенін айтты.

«Қазірдің өзінде біздің аймақ ғаламдық тартылыс күшіне айналды. Бұнда әлем халқының 60 пайызы, тұтынушылық қабілеті бар өлшеммен алғанда, әлемдік ІЖӨ 40 пайызы осында шоғырланған. Осы құрлықта өте қуатты Еуразиялық экономикалық одақ, Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің қауымдастығы, Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы және Жан-жақты аймақтық экономикалық әріптестік ұйымдары жұмыс істейді. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше елдер экономикасының орнықтылығын нығайту үшін жоғарыда аталған ұйымдармен ынтымақтастық мәселесіне ерекше көңіл бөлген жөн деп ойлаймын», – деді Президент.  

Мемлекет басшысы Кеңес әрдайым экономикалық өлшемін нығайту бағытында жұмыстар атқарып жатқанын атап өтті. Нақты айтқанда, қаржылық трансакциялардың, құбыр желілерінің және логистикалық бағдарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жаңа шаралар қабылданады. Сондай-ақ Президент АӨСШК кеңістігінде транспорттық дәліздерді одан әрі дамытудың маңызды екеніне тоқталды.

«Бұл ретте континентальды инфрақұрылымдық жобаларға ұзақмерзімді инвестициялар салуға үлкен мүмкіндіктер бар. Халықаралық қаржы институттарының мәліметіне сүйенсек, бұл сала 2030 жылға дейін жыл сайын 1,7 триллион доллар қаражат салуды қажет етеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент климаттың өзгеруіне де тоқталды. Оның айтуынша, ғаламдық климаттың өзгеруіне байланысты, орнықты даму идеясы Кеңеске мүше мемлекеттердің саясатынан айқын көрініс табуы керек.

«Азия-Тынық мұхиты аймағы климаттың әртүрлі құбылыстарына жиі ұшырайды. Бүкіл әлемдегі табиғи апаттардың 40 пайызы осы аймақта болады және халқының 84 пайызы зардап шегеді. Бұл мәселелер климатқа байланысты Париж конференциясынан кейінгі СОР26 Саммитінің қарсаңында аса маңызды. Глазгодағы Келісімдердің сапалы орындалуы адам шығынына және тұрмыс деңгейінің төмендеуіне бұдан былай жол бермеу үшін қажет. Сіздердің елдеріңіз осы өзекті мәселелерді ілгерілетуге ықпал етеді деп үміттенеміз», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азияның, Таяу Шығыс пен Азияның өзге де аймақтарындағы азық-түлік және су қауіпсіздігіне зардабын тигізетін ауа райының экстремалды құбылыстарының жиілеуіне алаңдаушылық білдірді.

«Қазақстан азық-түлік тасымалдау бойынша жаһандық тізімдегі белсенді ел әрі Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымын құруға бастамашы болған мемлекет ретінде, аталған мәселелерге АӨСШК-нің күн тәртібінде басымдық берілуге тиіс деп санайды. Бұл біздің инклюзивті дамуымыз бен әлеуметтік игілігімізді, әсіресе пандемиядан кейінгі кезеңде  қолдау үшін маңызды», – деді Президент.

Мемлекет басшысы геосаяси жағдайдың ушығуына байланысты «технологиялық темір шекараның» бірте-бірте айқындалып келе жатқанын атап өтті. Осыған орай Президент Қазақстанның АӨСШК-ге мүше елдермен технологиялық серіктестікті тереңдетуге мүдделі екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК Катологының жаңа әрі сенімді шарасы ретінде IT саласында ынтымақтастық орнатудың мәні зор екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы қаржы саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселесіне де арнайы тоқталды.

«Біз АӨСШК қаржы саммитінің қорытындыларын қолдаймыз. Бүгінде Қазақстан еуразиялық кеңістіктегі қаржы нарығында маңызды рөл атқаратын елге айналып келеді. Осы ретте «Астана» халықаралық қаржы орталығын айтуға болады. Қазіргі уақытта бұл Орталық әлемдік институттардың озық тәжірибелерін ұштастыратын және ағылшын құқығына негізделген заманауи құралдарды пайдаланатын қарқынды қаржы алаңына айналды. АӨСШК бойынша серіктестерімізді АХҚО-ның мүмкіндіктерін белсенді пайдалануға шақырамын», – деді Мемлекет басшысы.

Президент сөзінің соңында айтқан ұсыныстарының бәрі ортақ мақсатқа қол жеткізуге, мейлінше қауіпсіз, орнықты әрі өркендеген Азия қалыптастыруға бағытталғанын айтты. Осы ретте, Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы Қазақстанда өтетін АӨСШК-нің 6-саммитінің маңыздылығына ерекше мән берді. Президенттің айтуынша, саммит «Жаңа Әлемдегі Жаңа Азия» бағдарын айқындауға арналған. Мемлекет басшысы аталған іс-шараға зор мән беретінін атап өтіп, Кеңеске мүше елдердің басшыларын оның жұмысына белсенді атсалысуға шақырды.