Масыл қор мемлекетке не үшін қажет – «Самұрық-Қазына» атқарушы директорымен сұхбат

Ulysmedia

Әдетте «Самұрық-Қазына» дегенде ойға бірден жалақылары мен жылдық премиялары бірнеше миллионнан асып жығылатын топ-менеджерлер оралады. Ұлттық экономиканың жүйе құраушы секторларындағы жетекші компанияларды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын ұлттық холдингтің «ақ жағалылары» шалқып өмір сүрмегенде қайтсын, әрине?! Бұдан барып, «мұндай масыл қор мемлекетке не үшін қажет?» деген заңды сауал туындайды. Қаралы қаңтардан кейін бұл компанияның қызметінде түбегейлі өзгерістер болды ма? Жаңаөзен сынды еліміздегі моноқалаларда толастамайтын еңбек даулары шешімін қашан табады? Квазимемлекеттік ұйымның бас аппаратындағы қызметкерлердің саны қысқарды ма және қазір қанша шетелдік маман жұмыс істеп жүр? Осы және өзге де маңызды сұрақтарды «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның атқарушы директоры Ғибрат Ауғановқа қойған едік.

Бай-бағландардың балалары жұмыс істейтіні рас па?

– Ғибрат мырза, өзіңізді «Ұлысмедианың» алаңында көргенімізге қуаныштымыз. Заманауи Қазақстанның кейінгі 30 жылдық тарихына үңілсек, қоғамда осы ұлттық компаниялардың қызметіне қатысты біраз сұрақ жиналғанын байқауға болады. Жұмысқа тек белгілі бір таңдаулы «тұлғалар» ғана қабылданып, миллиондаған бонустарды да солар алып, құдды бір ақсүйектердің жеке клубындай әсер қалдырады. Қазір бұл үрдіс өзгерді ме, әлде сол күйінде қалып отыр ма? 

 – Әлбетте өзгерістер бар. 2022 жылдың басында «Самұрық-Қазына» қорында реформалар жүргізіліп, көп өзгеріс болды.

– Бұған Қаңтар оқиғасы әсер етті ме?

– Иә, 2022 жылдың қаңтар, ақпан айларында реформалар жасалып, бұл жөнінде БАҚ-та бірнеше рет айтылды. Мысалы, аталған жылдың соңында жаңа кадрлық саясат бекітілді.

Қазір еліміздің кез келген азаматы ұлттық қорға қабылдана ала ма? Әлде бұрынғыдай тек тамыр-таныстықпен ықпалдылардың жақындарына ғана мүмкіндік қарастырылған ба?

– Әрине, барлық адамға теңдей мүмкіндік берілген. Айталық, қазір Samruk Qyzmet (Qsamruk.kz) деген порталымыз жұмыс істеп тұр. Оның жұмысы 2019 жылы жолға қойылды. Бастапқыда аталған платформа тек біздің ішкі еншілес компанияларға ғана арналған еді. Яғни, қордың еншілес компаниялары өздеріндегі бос жұмыс орындарын міндетті түрде осы порталда жариялау керек. Тұтастай алғанда, 270-тен астам еншілес компаниямыз бар. Қазір аталған платформа арқылы 530-дан астам компания бос жұмыс орындарын жариялап тұрады. Демек, басқа компаниялар да бұл сайтқа тіркеліп, қажетті мамандарға сұрау сала алады. Мысалы, биылғы 8 айда 13 мыңнан астам бос жұмыс орны жарияланды.

– Барлық позиция бойынша маман табылды ма?

– Аталған платформаға жұмыс іздеп жүрген 165 мыңнан астам адам тіркелгенін айта кетейін. Тиісті конкурс жарияланып, осы арқылы үміткерлер әр компанияға жұмысқа орналасады. Мәселен, осыдан 2,5 жыл бұрын өзім Маңғыстау өңіріндегі «Қаражанбасмұнай» компаниясында жұмыс істеп жүргенімде Samruk Qyzmet платформасында кадрлық бөлім бағыты бойынша бос орынды байқаған едім. Сол сәтте түйіндемемді салып, тиісті байқаудың барлық кезеңінен өттім. Нәтижесінде қазір ұлттық қорда қызмет етіп келемін.

Топ-менеджерлер миллионнан артық алады

«Самұрық-Қазынада» орта есеппен жалақының мөлшері қандай?

– Орташа жалақыға келсек, шамамен 400-450 мың теңгеден басталады. Ең жоғары айлық – 1 млн 200 мың теңге.

Таяуда KEGOK компаниясының басшысына айына 1 млн 900 мың теңге төленетінін естідік. Бұл жөнінде не дейсіз?

– Топ-менеджер болған соң сондай көлемдегі жалақыны алады. Әр қызметтің жауапкершілігі бөлек. Яғни, біздің жалақымыз қалай есептеліп, қандай сома мөлшері белгіленетініне тоқталсақ, бұл әуелі атқаратын жұмыс көлемі мен жауапкершілік шеңберіне байланысты. Соған орай төленетін ақша да тағайындалады.

Жаңаөзендегі мұнайшылардың мәселесіне келсек, олардың еңбегі неліктен лайықты бағаланбай келеді? Жыл басынан бері «ҚазМұнайГаз» компаниясына қарасты «Өзенмұнайгаз» кәсіпорнының қызметкерлері ақша дұрыс төленбейді деп наразы болған еді. Осы мәселені тарқатып түсіндіріп бере аласыз ба?

– Бұл орайда Жаңаөзен еліміздегі дамыған моноқалалардың бірі деп айтуға болады. Аталған қалада 7 жылдай тұрып, алғашқы қызметім «Өзенмұнайгаз» кен орнында басталған болатын. Халқы жақсы. Осы ретте қойған сұрағыңызды бөліп қарастырып көрейік. Әлбетте «Өзенмұнайгаз» «Самұрық-Қазынаға» қарасты еншілес компания. Статистикаға сүйенсек, былтыр «Өзенмұнайгазда» бірде-бір наразылық акциясының тіркелмегенін көруге болады. Ал 2022 жылдың қаңтар айында біздің еншілес компаниялардың жұмысшылары ереуілге шыққаны рас. Бірақ та онда мердігер компаниялар да қызмет көрсетіп келе жатқанын ескеру қажет. Көбінесе наразылық танытып жататын да солар. Яғни, белгілі бір жұмыстың көлемін орындау үшін «Өзенмұнайгазбен» келісімшартқа отыратын компаниялар. Бұл жерде өндірістік операцияларға байланысты мәселелер туындаған соң қордың корпоративтік басқару ережесіне сәйкес олардың еңбек қатынасына кірісуге хақымыз жоқ. «ҚазМұнайГаз» бен «Өзенмұнайгаз» өздерінің жауапкершілігі аясында аталған мәселелерді шешуге тиіс.

Қорда еліміздегі орташа жалақыдан төмен алып жүргендер бар

Жуырда өткізілген баспасөз жиынында ереуіл азайып, барлығы керемет деп жеткіздіңіздер. Жылдың аяқталуына санаулы ай қалды. Наразылықтардың қайталанбайтынына сенімдісіздер ме?

– Тұтастай ұлттық әл-ауқат қорында 20 компанияның портфелі бар. Атап айтсақ, «Қазақгаз», «ҚазМұнайГаз», «Қазпошта», «Қазақстан темір жолы», «Қазақтелеком», «Қазатомөнеркәсіп», сондай-ақ Air Astana және Qazaq Air секілді авиакомпаниялар кіреді.

Рас, биылғы 8 айда ереуілдер және наразылықтар 5,5 есеге азайды. «Сана» дейтін орталығымыз жұмыс істейді. Онда қандай да бір еншілес компаниямызда ереуілдер, иә болмаса наразылықтар туындаған жағдайда ақпарат түсіп отыратын 5 арнаның қызметі жолға қойылды. Соған сәйкес сараптама жасалып, қажетті кеңес әр компанияға беріледі. Әрине алдын алу жұмыстар да жүргізіледі. Осы арқылы толқулар азайды деп есептеймін. Биыл «БерАли» компаниясының қызметкерлері елордаға келіп, өз талаптарын қойғаны көпшілікке мәлім. Олар «Өзенмұнайгазбен» арадағы еңбек қатынасын реттеп беруді өтінген еді. Осыған байланысты «ҚазМұнайГаз» арнайы комиссияны құрып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мамыр айында жұмыс тобы «Өзенмұнайгаз» компаниясына барып, атқарылған жұмыстарды тексерді. Шамамен 100-200 аралығында сәйкессіздік анықталды. Мұның барлығы «ҚазМұнайГаздың» шеңберінде атқарылып жатқан жұмыс.

Барлығын 100%-ды бақылау мүмкін емес. Жылына екі рет жұмысшылар арасында сауалнама жүргізіледі. Бұл арқылы әр компаниядағы қызметкерлердің жағдайын, көңіл күйін біліп отыруға тырысамыз. 2021 жылмен салыстырғанда қазір портфельдік компаниялардағы жағдай жақсы бағытта өрбіп келеді. Ереуілдер қалай пайда болады? Өзекті мәселелерді дер кезінде шешпегендіктен. Ал өндіріс орнында жұмыс істейтіндердің қоятын сұрағы бір – ол жалақыға қатысты. 2022 жылы өндірісте еңбек ететін қызметкерлердің айлығын 5%-дан 48 %-ға дейін көтердік.

Нақты қанша сомаға көтерілді?

– Бірден айтайын, біз еңбекақысы ең төмен  жұмысшыларға басымдық бердік. Мәселен, «Самұрық-Қазынада» еліміздегі орташа жалақыдан төмен алып жүргендер бар. Негзігі мақсатымыз сол қызметкерлердің алатын ақшасын көтеру. Әрине оңай шаруа емес, бірақ таяу бір-екі жылда осыған үлес қосып, көздегенімізге жетеміз деп ойлаймын. Сол себепті кейбір компанияларда жалақы 2-3%-ға, ал кейбір компанияларда 9-10% ұлғайтылуы мүмкін. Холдингке қарасты ұйымдарда 250 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейтінін айта кету керек.

Жоғарыда отырып, олар соншалықты не бітіріп жүр?

– «Самұрық-Қазынаның» орталық аппараты мен өңірлердегі компанияларды ескерсек, біраз адамды ұстап отырғандарыңызды аңғару қиын емес. Үлкен аппаратпен жұмыс істеу қаншалықты тиімді және бюджетке артық салмақ түсірмей ме?

– Қорға келгеніме екі жылдан асты. Бір кездері өзім де сондай ойда болғанмын. «Жоғарыда отырып, олар соншалықты не бітіріп жүр?», деуші едім. Алуан түрлі есеп, стратегиялық жұмыстар болады.

Біріншіден, қысқартуға тоқталсақ, 2019 жылы мемлекет басшысы квазимемлекеттік сектордың орталық аппаратын 25%-ға дейін азайтуды тапсырған-ды. Қазір «Самұрық-Қазына» қоры мен оның еншілес компаниялардағы аппарат соған сай жұмыс істеп келеді. Яғни, 4 жылда жұмыс орындары қысқарды. Мысалы, 2022 жылы ұлттық компанияда қызметкерлер екі есеге азайды. Дәлірек айтсақ, штат саны 248-ден 124-ке дейін түсті. Бүгінде сол 124 маман орындарында жұмыс істеп жүр.

Еншілес компанияларда 700-дей шетелдік жұмыс істейді

– Қазір директорлар кеңесінде кімдер отыр? Шетел азаматтары бар ма және олар не үшін қажет? Бұл амал қаншалықты тиімді?

– Қолға алынған реформалардың ішінде шетел азаматтарының санын азайту жоспарда қамтылған. 250 мың адамның ішінде жаңылмасам тек 700-дей адам шетелдік. Әрине шетелдік мамандарға байланысты арнайы бағдарлама бекітілген. Олар жұмыс тәжірибелеріне қарай қабылданады. Өз тәжірибелерімен Қазақстан азаматтарымен бөлісуге тиіс. Солай келісімшартта қарастырылған.

Фостердің кетуі екіталай

Мысалы, Air Astana компаниясын ұзақ жыл тізгіндеп отырған Питер Фостерді алмастыру мүмкін емес дегенге сену қиын. 20 жылда бір емес бірнеше отандық авиаменеджерді дайындап шығаруға болар еді ғой?

Бұл жиі қойылатын сұрақ. Біріншіден, Питер Фостерді кім тағайындайды? Мұны директорлар кеңесі шешеді. Аталған мәселе солардың еншісінде.

Екіншіден, Air Astana-да ғана емес, барлық компанияда директорлар кеңесі белгілеген КРІ болады.

Енді қараңыз, тұтастай кез келген басшының бір компанияда ұзақ отыруы қаншалықты дұрыс? Мәселен, «Самұрық-Қазынаның» еншілес ұйымдарында ротация жүріп жатады. Сонда қандай да бір амалы жоқ болғаны ма?

– Ротацияға келсек, бұл жақсы тәжірибе. Өз басым «ҚазМұнайГазда» жұмыс істеп жүргенімде 4-5 компаниядан ротация арқылы өтіп, тәжірибе жинақтадым. Сөзсіз бұл мамандарды шыңдайды. Бұған басшылық қызметтің тұрғысынан қарасақ, өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, бір маманды «ҚазМұнайГаздан» «Қазатомөнеркәсіпке» ауыстыра алмайсың. Оны қарау керек.

– Демек бір адамның лауазымды орында 20 жылдан артық отыруын қалыпты құбылыс ретінде қарау керек пе?

– Менің ойымша бұл тұрақтылық. Жұмыстың үзіліссіз жүргізілуін қамтамасыз етеді.

– Абсалютті «тұрақтылықтың» арты неге алып келетінін қаңтар көрсетті емес пе?

– Air Astana-ның үстінен екі компания, атап айтқанда BAE Syst және «Самұрық-Қазына» қарайды. Әрине, онда әр мәселе директорлар кеңесімен талқыланады. Тағайындалған басшының қанша уақытқа дейін отыратыны белгіленеді. Кейбір ұйымдарда бұл мерзім 1-2 жылдың көлемі. Тағы бір компанияларда келісімшартқа сәйкес 3 жылға дейін жетеді.

– Алдағы уақытта аталған әуе компанияның басшы аустырылуы мүмкін бе?

– Қазір нақты қандай да бір болжамды айта алмаймын. Оны уақыт көрсетер. Жоғарыда айтқанымдай, кез келген компанияда басшыны сайлайтындар директорлар кеңесі.

– Бұрын «Самұрық-Қазынада» шенді-шекпенділердің жақындары, тіпті «екінші әйелдері» жұмыс істейді деген әңгімелер таралып жүретін. Осыдан арылдыңыздар ма?

– Шынымды айтсам, бірінші рет естіп отырмын. Десек те кімнің баласы немесе жақыны болса да олар еліміздің азаматы. Ал Қазақстанның әр азаматы бос жұмыс орындарына байланысты жарияланған конкурстарға қатысуға құқылы. Яғни, үміткердің білімі мен қабілеті сай келіп, еңбек өтілі болса тегіне қарамаймыз. Бес саусақ бірдей емес. Сол себепті қарапайым кісілер жұмыс істейді бізде. Әр компанияның өз талаптары бойынша ізденіп табады, қатысады.

«Самұрық-Қазынаның» тендері көпшілікке арман

– Тендер мәселесіне тоқталсақ, «Самұрық-Қазынаның» миллиардтаған тендерлеріне қол жеткізу мүмкін емес, тек өздерінің пулындағы компаниялар қатысады» деген әңгіме іске ортада жиі айтылатын. Қазір жағдай өзгерді ме?

– Компанияның бекітілген ережесі бойынша еншілес ұйымдар тендер өткізеді. Яғни бір компания өз қажеттілігіне сай «СҚ-сатып алу» жүйесі арқылы сол жерден керекті заттарын алады. Ол жерге біздің еш қатысымыз жоқ. Біз тек ереже бекітеміз. Өз араларында тендерлік комиссия құрылады. Оның құрамына «Самұрық-Қазынаның» қызметкері кірмейді. Яғни, компаниялардың өздері тендер жариялап, сол бойынша біздің платформада бүкіл техсипаттамаларын салып, өткізеді.

Сатып алу туралы айтсақ, биыл сәуірде «СҚ-стори» деген платформаны іске қостық. Аталған жүйенің бір артықшылығы еншілес компаниялар қажетті тауарларды сол платформаға салып, электронды дүкеннен сатып ала алады. Бұл платформаның көмегімен кез келген компанияға 8 млн теңгеге дейін өздеріне қажетті тауарды алу жолдары қарастырылған. Бұл шағын және орта бизнес үшін тиімді.

Биыл ұлттық холдингтің құрылғанына 15 жыл толды. Бір кездері осы ұйымды Қайрат Келімбетов, Өмірзақ Шөкеев, Ахметжан Есімов, Тимур Құлыбаев, Алмасадам Сәтқалиев басқарғаны белгілі. Қазір компанияның саясаты өзгерді ме, әлде «ескі» Қазақстанның принциптері қаз қалпында сақтаулы ма?

– Күмәнсіз, өзгерістер бар. Осылай еркін әңгімелесудің өзі соның бір айқын дәлелі. Яғни, қор бүгінде қоғамға ашық. Әр кезеңнің өз жүйесі, тапсырмалары болған. Таяуда жаңа стратегияларымыз бекітілді. Соған сай жұмыс істеп келеміз. Нұрлан Қаршағаұлының қатысуымен үш айдан кейін үлкен брифинг берілді. Сол жерде журналистерді жинап, қоғамға «Самұрық-Қазына» қандай деңгейде екенін, біз қайда бара жатқанымызды барынша тарқатып айтты.

Екіншіден, өзімізге берілген құзырет аясында өндірістік компанияларға жәрдемдесетін боламыз. Әлеуметтік бағыт бойынша жаңа жобаларды іске асырып, жастармен жұмыс істеуге тырысамыз. Өйткені бізде 35 жасқа дейінгі 80 мыңнан астам жас маман жұмыс істеп жатыр. Оларға көмектесіп, келешекте білікті басшы болатындай, олардан жақсы маман шығару мақсаты тұр. Әр сала бойынша аса маңызды әрі сирек кездесетін мамандықтар бар. Бұл бағытта жұмыс істеліп жатыр. Болашақта елімізде АЭС салына ма, әлде жоқ па білмейміз. Алайда оған да жақсы мамандарды даярлау қажет.

Әңгімелескен Самал ИБРАЕВА,

«Ұлысмедианың» бас редакторы