Шетел вакцинасына тәуелді Қазақстан неге мал еккенге мақтанады

Оралхан Қожанов

«QazBioPharm» ұлттық холдингінің бас директоры Ерғали Әбдірайымов Қазақстан денсаулық саласындағы вакцинаны шетелден әкелетінін, сыртқа тәуелді екенін мойындады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Jibek Joly арнасындағы «Уәде» бағдарламасына сілтеме жасап.

Коллаж

Жүргізуші Ерболат Мұхамеджанға берген сұхбатында Ерғали Әбдірайымов пандемия кезінде отандық нарыққа енген QazVaq қана болмаса, қалған барлық екпе түрлері Еуропа мен Азиядан келетінін мәлімдеді.

Адам өмірі тұрған жерде төрт түлікті айта берудің қажеті қанша?

Әбдірайымов мырза қойылған сұрақтардың көбіне ауыл шаруашылығындағы вакцинаны теліп отырды. Себебі еліміз тек осы төрт түлікке қатысты вакциналардың 70% өзі өндіріп, ішкі нарыққа беріп отыр. Адам өмірі тұрған жерде төрт түлікке жетпіс пайыз вакцинамыз бар деп мақтанышпен айтудың өзі қателік болар еді.

2021 жылдың желтоқсан айында құрылған QazBioPharm ұлттық холдингі толыққанды жұмысын бір жыл өткенде, яғни 2022 жылдың қыркүйек айында бастаған. Құрмына 7 ғылыми орталық, бір өндірістік база кіретін холдингтің 3 ғылыми орталығы - вакцина және текст жүйелеу қызметімен айналысады. Тағы бір орталық өндіріске, қалғандары зерттеу жұмыстарымен айналысады.

Қызылшамен ауырғандардың тағы да өздері кінәлі ме?

Былтыр жыл соңына қарай елімізде қызылшамен ауырғандардың саны күрт өсті. Тіпті әлем бойынша ең нашар көрсеткіш көрсетіп, үштікке кірдік. Кейін статистика Орталық Азиядағы деп көрсетіп, Қазақстанды тізімнің басына қойды. Себебі бір жасқа толмаған екі бала дәл осы қызылшадан қайтыс болды. Дабыл қағылып, екпе алуға қатысты үгіт-насихат жұмыстары жаппай жүре бастады. Ал дәл осы мәселені жүргізуші Ерғали Әбідрайымовтан сұрайды. Ол кісі бірден жауап берудің орнына былай дейді:

«Менің ойымша, бұл әрине, біздің холдингтің құзіретіне кірмейтін мәселе».

Осылай жауап берілген соң, Әбдірайымов оның денсаулық сақтау министрлігінің тексеруіндегі проблема екенін айтады. Соның ішінде министрлікке еншілес мекемелер және олардың тағы  еншілес мекемелері бар екені, солар жауап беретіні айтылды. 

Қазақстандағы жаттанды әрі ресми бір үрдіске түсіп кеткен жауап бар. Бұл - талқылау. Әбдірайымов мырза да, осыны айтады. 

«Менің ойымша, бұл жерде жүйелі түрде белгілі немесе білікті мамандарды, сарапшыларды тартып мәселені жан-жақты талқылаған дұрыс», - дейді. 

Үшінші жауабында арты өлімге әкелген, жаппай қызылшамен ауырған жандардың қателігін өздерінен көреді. Яғни вакцинаға қарсы топтардың жасап отырғаны, балалардың дер кезінде екпе алмағаны деген ойды айтады. Алайда қызылшамен ауырғандардың 30%-ы Әбідрайымов мырза айтып отырған екпені уақытында алғандар. Бұл деректі жүргізуші келтіреді. 

Естеріңізде болса, пандемия кезінде Қарағандыда шығады деп сүйіншілген QazVaq вакцинасының ішіне Ресейдің «Спутинк V» вакцинасының сұйықтығын құйып, ішкі нарыққа пайдалануға жіберген болатын. Бұл мәселені Әбдірайымов мырза да мойындап, айтып отыр. Бұл кейсте кейін әрине халықтың күдігі басым болады. Сонымен қызылшаға қарсы екпені, жалпы аурулардың көбіне қарсы вакцинаны толығымен шетелден аламыз, бірақ қалай тексеріп алатындары туралы нақты дерек айтылмайды. 

Вакцина, дәрі-дәрмек саласы бизнес көзіне айналып кетті ме?

Кез келген тұрғын үйде дүкен және дәріхана қатар жүреді. Дәріханаға барып өзіңізге керек дәрін тауып ала аласыз. Ақшасын төлесеңіз болды, сізге дәріні бір минут ішінде әкеліп береді. Тіпті ол дәріні таппаған жағдайда, оның орнына альтернатив препаратты ұсынып, оның да құрамы бірдей екенін айтады. Дертіне ем іздеп келген адам оны алады. Ал осы дәрілердің кім тексереді? Қалай кіреді?

Мәселен, Түркияда дәріні алу үшін міндетті түрде паспорт не жеке куәлікті тіркетесіз. Сізге одан кейін ол дәріні апталап бере бермейді. Антибиотиктерді тек үш ай арасында беріп отырады. Себебі сіз базаға тіркелгенсіз және дәріні қай кезде алғаныңыз көрініп тұрады. Сол секілді Еуропа елдерінде де дәріхананы кез келген тұрғын үй жанынан кездестірмейсіз.

Жүргізуші дәрілердің бәрі дерлік химикат екенін айтады. Әбдірайымов мырза да көп бөлігінің сол екенін айтып келіп, бірақ адам организімінің де химиялық элементтерден тұратынын айтады. Дегенмен адам организіміндегі химиялық элемент пен ішке қабылдайтын дәрідегі химикаттың айырмашылығы бар ғой?!

«Жаңа дәрі-дәрмекті әзірлеу барысында қаншалықты оның зиянсыз екенін зерттейміз. Әлемдік үлкен компаниялар, белгілі компаниялар, олар өз препараттарын әзірлеп, тексеру барысын жылдар бойы өткізеді. Кез келген дәрі-дәрмекті алатын болсақ, ол 3 жылдан 5 жылға дейін, кейбір препараттар 10 жылға дейін созылады. QazVaq-ты біз 1 жыл тексердік», - дейді Әбдірайымов.

Яғни вакцинаны айтпағанда дәрі-дәрмектің өзін зерттеуге, тексеруге 3-5 тіпті 10 жыл уақыт кететінін айтқан Әбдірайымов мырза отандық Qazvaq вакцинасын бір жыл ғана тексергендерін айтап келіп, оның ДДҰ нұсқаулығы бойынша солай тексеру жасағандарын айтады. Яғни бұл қадамға баруға мәжбүр болдық деп отыр.  

Жүргізушінің айтуынша, білікті медицина мамандары халыққа қажеті жоқ кейбір дәрі-дәрмектердің де ішкі нарыққа кіріп кететінін, оның зияны да болуы мүмкін екенін айтады. Алайда бұл сұраққа Әбдірайымов мырза нақты жауап бере алмады. Керісінше, адам ағзасының өзі химиялық элементтен тұрады деп жауаптан сытылып кеткендей болды. 

80% тозған базамен 5 жылда 50% көрсеткіш көрсете ала ма?

Ерғали Әбдірайымов алдағы бес жылдағы холдинг жоспарын атап өтіп, онда әлемдік тәжірибені пайдаланып жатқандарын, алдарына амбициялық міндет-мақсаттарын қойғанын қоса кетті. Соның ішінде Оңтүстік Корея мен Қытай тәжірибесін игеріп, жыл сайын ішкі нарықты 5-10% вакцинамен қамтамасыз етуді көздеп отыр. Яғни 5 жылда 50% көрсеткіш деген сөз. Мемлеке тікелей қолдап отырған QazBioPharm» ұлттық холдингінің басқа да жолы болмауы керек секілді. Себебі холдинг мақсаты да тікелей осы вакцинаға тәуелділікті азайту. 

«Ең негізгі проблема біздің материалдық-техникалық базаларымыздың ескіргені. Ғылыми зертханаларымыздың ескіргені.  Қажетті құралдармен біздің ғылыми орталықтар әлі толық қамтылмаған. Материалдық-техникалық базамыз 80%-дан аса нашар әрі күрделі жөндеуді қажеті етеді», - дейді Әбдірайымов. 

Дәл осы айтылған сөзге жүргізуші бес жылда қалай 50% ішкі нарықты қамтамасыз етуге болады, егер 80% жағдай аяншты күйде болса деп қосады. Яғни берілген уәденің орындалуында логикалық түрде қателік бар. Алайда Әбдірайымов «аянышты деп айтуға болмайды» деп ақталады. Ақталу басқа, ауыздан шыққан 80% деген сөз басқа екені көзі ашық көрерменге түсінікті болар. 

Бір ғана мәселені атап көрсеуге болады. Әбдірайымов мырза айтып отырған «пандемия сабақтары» әлі де болса біздегі денсаулық саласына тәжірибе бере алмаған. Біз тек өрт басталған кезде ғана оны өшіруге, шығын жасауға үйреніп қалғанбыз. Қызылшаға қарсы екпе алу мәселесінде де түсіндіру жұмыстарының жіті жүрмегені, жалпы вакцинаға қатысты халыққа ашық ақпарат беру бір жүйеге түспеген.

Еліміздің толық вакцинаға тәуелді екенін Әбдірайымов мырзаның ауызынан шыққан сөзбен нақтыламағанда, есеп беруге үйреніп қалған шенеуніктердің жауаптарынан «тәуелдіміз» дейтін сөзді шығару қиын еді. Себебі біз үшін қателік жіберу, оны мойындау қылмыс секілді де, қалыпты жағдай ретінде қарастыру нормаға айналып кеткені қашан.