Заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі комиссия мүшесінің бірі – экс-министр Жақсыбек Құлекеев. Ол бұрын мемлекеттік қызметті атқарып, сотталып, қайта ақталуымен қатар, Қаңтар оқиғасы жайлы кітап жазған.
Астанада білім тақырыбына байланысты өткен жиында Ulysmedia.kz тілшісі оған заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөнінде бірнеше сұрақ қойып үлгерді.
– Жақсыбек мырза, сіз заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі комиссияның қоғам өкілі мүшесісіз. Ал қоғам тарапынан көп сұрақ туындап жатыр. Қайтарылған активтер туралы ақпарат неге тым аз? Триллион теңгенің қайтарылғанын айтқанымен, бір-екі адамның ғана есімі аталады. Жалпы комиссия немен айналысып жатыр?
– Жалпы комиссияның үш-ақ отырысы болды. Бірінші отырыста біз жұмыс жоспарын анықтадық. Одан кейінгі жиындарда дайындалған нормативті-құқықтық құжаттарды қарап, соларды бекіттік. Жалпы былтыр жылдың ортасында заң қабылданды. Бірақ заң нормалары бұл жоспарды іске асыруға жеткіліксіз. Содан кейін үкімет пен бас прокуратураның төрт-бес қаулысы дайындалды. Солардың бәрін комиссияның отырысында қарадық.
Негізгі жасалып жатқан жұмыс – камералық, яғни кабинетте отырып атқаратын жұмыс. Оның төңірегінде әзірге көп әңгіме айтуға болмайды. Өйткені арнайы құқықтық орган өздері күдіктенген адамдар туралы мәліметтерді жинап жатыр. Солардың жинаған мәліметтері негізінде күдік сейіліп, шынында да, олардың заңсыз активтерге ие болғаны дәлелденсе, онда ондай адамдарды арнайы тізімге кіргізу керек. Өздерінің зерттеу жұмыстарының нәтижесімен «кіргіземіз» деген адамдардың тізімін комиссия отырысына алып келеді. “Декларациялар зерттелді, олар (күдікке ілінгендер – авт.) өздерінің активтерді қайдан алғанын дәлелдей алмай отыр, ары қарай жоспарлы жұмыс атқару үшін біз ары қарай ресми тізімге кіргізейік” деп комиссияға ұсынады. Сондықтан, қазір жұмыс әлі негізінен құқықтық органның кабинетінде жасалып жатыр.
Жалпы ең соңғы шешім бойынша комиссия сол тізімге кіргізуге рұқсат береді. Одан кейін сотқа жіберу керек болса, екі жақ келісіп, бір шешімге келсе, соның бәрінің нәтижесі комиссияға келеді. Ол жұмыстар негізінен қазір дайындық үстінде. Ең соңғы шешімді сот органдары шығарады.
– Бізде құзырлы органдар активтерді қайтару туралы ақпарат таратқанда Қайрат Сатыбалды мен Қайрат Боранбаевты айтады. Комиссияның үш отырысында аталған басқа фамилиялар бар ма?
– Бар.
– Атай аласыз ба?
– Жоқ. Оны айтуға болмайды. Біраз фамилиялар бар. Оларды кінәлі немесе кінәсіз екенін тек сот анықтайды. Соның нәтижесі бойынша ғана олардың алған активтері заңсыз болса, сот шешімімен ғана айтылады. Комиссия да, құзырлы орган да өз шешімімен қайтара алмайды. Оларда бір адамға байланысты «активтері заңсыз» деген күдік туындаса, олар өздері соны шақырып, «біздің күдігіміз бар, кел, дәлелде» деп шақырады. Олар әлі тізімге кірген жоқ. Оған дейін оны кінәлі деп те, кінәсіз деп те айтуға болмайды.
– Қоғам тарапынан да, депутаттар тарапынан да комиссияның, комитеттің жұмысына көңілі толмай отырған адамдар барын естіп отырған шығарсыз?
– Оның бәрі дұрыс, түсінікті жағдай. Әрине, халық асығып, ертерек осы адамдарды тексеріп, алатын нәрсенің бәрін алса екен деген сияқты. Бірақ біз заң шеңберінде жұмыс істейміз ғой. Олар мүмкін активтерді заңсыз алған болар, бірақ шешім тек заңды түрде қабылдануы керек. Сондықтан, қазір жасалып жатқан жұмыстардың бәрі де жақсы болса да, жаман болса да, былтырғы жылдың ортасында қабылданған. Заң шеңберінде сол қабылданған қаулыларға байланысты жұмыс жүргізіліп отыр. Шешім тек заңды болуы керек. Өйткені ол адамдардың да өз құқықтары бар.
Бас прокурорға сауал
Еске сала кетейік, бұған дейін елден жылдар бойы ұрланған аста-төк байлықтың елге қалай қайтарылып жатқанын Ulysmedia бас прокурор Берік Асыловқа он сұрақ жолдаған болатын.
Қаңтар оқиғасынан кейін елде ең қызу талқыланған тақырыптың бірі – елден ұрланған байлықты, яғни заңсыз шығарылған активтерді қайтару мәселесі болды. Бұл жөнінде көп айтылды, сан мәрте талқыланды, бір жарым жыл деген де заң шығарды да, бұл күнде құзырлы органдар «қайтарып жатырмыз» деп анда-санда бір ақпарат таратады.
Жалпы заңсыз шығарылған активтерді қайтарудың ашықтығын талап етіп, депутаттар да мәселе көтерген еді. Атап айтқанда, Ермұрат Бапи Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің жұмысын қатаң сынға алған. «Екі айдың ішінде бұл комитеттің іс-әрекеті жөнінде тырс еткен хабар жоқ, оның қызметінен Қазақстан қоғамы мақұрым» деді депутат өз мәнерінде. Оған бас прокурордың берген жауабында БАҚ-та жарияланған ақпараттан басқа мардымды ештеңе жоқ болып шықты. Оның алдында тағы бір депутат Марат Бәшімов комиссия құрамының құпиялығына мүлде көңілі толмайтынын білдіргені бар.