Индонезиядағы көшпенді: ертегі аралынан өз бақытын іздеген қазақ

Ulysmedia

Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол дегенді бала кезден естіп өскендіктен бе, шетелге көшіп кетіпті дегенді естісек, сынай қарайтынбыз. Алайда елдегі әлеуметтік жағдайды көріп-біліп, сезініп, бір ай еңбектеніп тапқан айлығымыз шайлыққа жетпей қалғанда, «солардыкі дұрыс болыпты» деп, қызыға қарайтынды шығардық.

фото спикерден

Бүгінде еліміздің жастарын әлемнің түкпір-түкпірінен кездестіресіз. Олар өте ізденімпаз, іскер, адаммен тез тіл табысқыш. Олар үшін алынбайтын қамал жоқ. Өзінің өскен ортасын, менталитетін ауыстыруға еш жүрексінбейді. Біреу сынайды екен-ау деп, өзгенің пікіріне тәуелді де емес. ұтқыр, көпшіл, ізденімпаз, іскер – олар кез келген теңізде тізе тік,  келген мамандықты игеріп, сол салада жетістікке жетуге барын салады. Сондай жастардың бірі – Мағжан Орманбаев. Ол 10 жылдан бері Бали аралында тұрады, жылжымайтын мүлік сатумен айналысады. Қазақстандағы риэлторлық пен Балидегі қызметінде қандай ерекшелік бар. Бұл туралы ол Ulysmedia.kz сайтына берген сұқбатында айтып берді.

Астанадан Балиге дейін

   – 2014 жылға дейін, Балиге жұмысқа кеткенге дейін мен Астанада тұрдым, ол кезде жылжымайтын мүлік сату саласында біршама танымал болып қалған едім. Мен сатумен студент кезімде айналыса бастадым. Шетелдік компанияларда жұмыс істедім, украиндық жылжымайтын мүлік компаниясында, содан кейін грузиндік компанияда жұмыс істедім. Содан кейін мені осындағы команда, алдымен, турист, кейін қызметкер ретінде жұмысқа шақырды. 

– Көшуге шешім қабылдауға қанша уақыт қажет болды?

– Бір минут та ойланбадым. Бали маған бірден ұнады, сондықтан шақыру хаты келгенде, бірден жиналдым. Ол кезде баламыз кішкентай еді, бірақ соған қарамастан үлкен сапарға бел будық. Көшіп келген кезімізде бізге үй берді, орналасып алғанша, мазаламады. Бәрі біз ойлағаннан да жеңіл болды. Өзің еңбекқор болсаң, талабың болса, бәрі оңай шешіледі. Қазір мен жұмыс визасын алу үшін құжаттарымды дайындап жатырмын. Келер жылы да осы жақта болуды жоспарлап отырмын. Жұмыс визасын ресімдеу бұл жақта оңай шаруа емес. Қазақстан Индонезияға қарағанда жақсы дамыған, сондықтан болар мұндай процестер біздің елде оңайырақ. 

– Ертегідегідей аралды көргенде, жұмыс істеп, кеңседе отыру оңай емес шығар?

– Әрине, Балидегі осы сұлулықтардың барлығын көргенде, табиғатты, жеңсік асты, одан ләззат алуға деген құштарлық пайда болады. Бірақ ақылға салып, «мен бес күн жұмыс істеуім керек, сосын сенбі-жексенбі армансыз демалам» деп өзімді тәртіпке салып аламын. 

– Мұндағы жылжымайтын мүлік саласының Қазақстандағыдан қандай айырмашылығы бар?

– Былай: Мұндағы мен жұмыс істейтін компания басқаларына қарағанда сатылымды көп жасайды. Біз вилла, апартамент, пентхаус сатамыз. Ерекшелігі: бұл жерде сейсмикалық жағдайға байланысты көпқабатты үйлер салынбайды. Бали сейсмикалық зонада орналасқан. Мұнда әр 2-3 ай сайын жер сілкінеді. Бірақ қазір қазақстандықтардың көбі осы Бали аралынан үй іздеп келіп жатыр. Мен осы компанияға келгенімде, маған «Қазақстаннан келген барлық клиент тек біздің компаниядан үй алатындай болсын» деген талап қойылған жоқ. Бірақ Қазақстаннан келгендердің барлығы, алдымен, мені іздеп келіп жатады. Клиенттеріміздің негізгі шоғыры посткеңестік елдерден келетіндер, яғни Ресей, Беларусь. Украина азаматтары. Бали қазір инвестициялық мүлік нарығында болашағы зор орын. Сондықтан дүниежүзінің инвесторлары Балиге қаржысын құюда. Бір кездері Дубайда да солай болған. Бірақ ол қазір өз шырқау шыңына жетті.  Бали бүгінде Дубаймен бәсекелесіп жатыр. 

– Балидегі жылжымайтын мүлік бағасы қандай? 

– Шағын апартаменттердің бағасы 70 мың АҚШ долларынан басталады. 100 шаршы метр болатын виллалардың құны 300 мың доллар көлемінде. Жалға беру арқылы ьіраз табыс табуға болады. Жылжымайтын мүлік иелері жылына 16 пайыз табыс көреді. Бұл жоғары көрсеткіш. Тіпті 10 пайыз дегеннің өзі әжептәуір ақша. 

– Салық жағы қалай?

– Салық жағы мұнда біршама күрделі. Тіпті ең күрделісі салық та емес... Біздің менталитетіміз үшін егер сен осы елдің азаматы болмасаң, онда жылжымайтын мүлік алу мүмкін емес. Тек жалға аласың, оның өзі 30 жылға дейін. Жалпы бұл тенденция Азия құрлығындағы барлық халыққа ортақ па дерсің. Бұл Қазақстанға да қатысты. Бізде де егер сен Қазақстан азаматы болмасаң, онда жер сатып ала алмайсың. Тіпті Қазақстанда уақытша тұру құқығың болған күннің өзінде. 

Пәтерді егер компания атына тіркейтін болсаң, жерді де компания атына тіркейтін болса, алуға болады. Мұнда да сондай жағдай, бұл миграиялық жағдаяттарға байланысты. Азия құрлығында халық тығыз орналасқан, оларға жер жетпей жатыр. Сондықтан олар басқа жерге орналасқанды жөн көреді. Балиде де халық тығыз орналаспауы үшін осындай шектеулер жасап қойған. Индонезия халқының саны жағынан әлемде төртінші орында, мұнда 250-260 млн.адам тұрады. Уақытша тұру құқығы деген Индонезияда жоқ. Осындай жағдаяттардан кейін мұндағы салық жүйесі күрделі болып келеді. Мұнда жылжымайтын мүлік салығы деген жоқ, себебі, жаңа айтқанымдай, инвестор мүлік иесі бола алмайды, тек жалға алушы ретінде ғана. Ол жылына 0,3% жалдау ақысына және 20% тапқан табысына төлейді.

– Балиде кәсіп ашу қиын ба?

– Табыс табу үшін лицензияң болуы тиіс. Адам компанияға инвестиция салғанда, компания оның салығы мен табысына жауапты болады. Егер адам өзі келіп, бизнесті өзі жүргізуге ниеттенсе, көп нәрсені үйреніп алғаны дұрыс. Қазақстан посткеңестік елдер ішінде бюрократияны жеңу үшін цифрландыруды бастап кеткен алғашқы ел. Біздің бұл тәжірибемізге басқа елдер де қызығып отыр. Біздің egov.kz – ілкімді жоба. Индонезия бізден көп жыл артта қалған. Шартты түрде айтсақ, Қазақстанда көпқабатты үй салу үшін 10 құжат жинауың керек болса, Индонезияда осынша құжатты тек бірқабатты үй салу үшін жинайсың. Міне, айырмашылық қайда жатыр. 

– Біздің саяхатшыларымыз үшін Бали қымбат шығар?

– Балиге аз қаражатпен де келуге болады. Ең қымбаты ұшып келу-кету шығындары. Мұнда жеке ұшақ не тікұшақ жалға алуға болады. Ақшасын төлесеңіз, полицияның қоршауында жанға жайлы қымбат көліктермен де жүруге болады. Мұны Қазақстанда жасай алмайсыз, ал мұнда бәрі мүмкін. 

Мұнда барлығы туристің көңіл-күйіне арнап жасалады. Ол өзін жайлы сезінуі үшін неше түрлі амалдар қарастырылған. Ол аптасына 200 доллар ма, әлде 200 мың доллар шаша ма, ол жағы маңызды емес. Жайлы өмір барлығына ортақ. Жергілікті тұрғындар бәріне күлімсірей қарайды, әрі-беріден соң сен де оларға күлімсіреп қарауды үйренесің. Мен көлік жүргізуді алғаш үйреніп жүргенімде, бірнеше рет жол-көлік оқиғасына тап болдым. Байқағаным, бәрі жаныңа жүгіріп келіп, бірінші, бас амандығыңды сұрайды, көмек қолын ұсынады. Негізінде Тайландта да дәл осылай, бәрі көмекке келеді, бірақ олар мұны тегін жасамайды, ақша төлеуің керек. Ал Балиде ақша екінші орында. 

– Сіздің ойыңызша, Қазақстанда туризмді осындай деңгейге жеткізуге бола ма? Қанша дегенмен қыруар қаржы бөлініп жатқан сияқты, бірақ нәтиже салыстыруға келмейді.

– Мен бұл жағынан Қазақстанды Малайзияға ұқсатамын. Екі мемлекетте де мұнай бар, табиғи байлығы бір басына жетерлік. Егер бюджетті толықтыратын кіріс көзі болса, онда оның балама жолдары қарастырылмайды. Шенеуніктер оған бас қатырмайды деп ойлаймын. Қазақстанда туризм дамуы үшін, алдымен, оның мұнайы таусылуы керек сияқты. Содан кейін туризм саласына тағы 20 жыл ақша құю керек, сонда нәтиже болады. Түріктер мұны өткен ғасырдың 80-жылдары, Дубай 90-шы жылдары енгізді. Бізде Шарын, Алакөл, Қапшағай, Бурабай бар. Бұл әлемдік курорттар деңгейіне дейін дамытуға болатын керемет әдемі жерлер. Бірақ біздің шенеуніктер: «Мұнай барда не керек» деп ойлайды.

– Ал Индонезия тек туризммен күн көріп отыр ма?

– Бір айта кетерлігі, Индонезияда да мұнай бар. Ел тым үлкен, мұнда тау-кен өнеркәсібінен басқа бірдеңе дамыту керек еді. Бали кеше пайда болған жоқ. Балидегі Чарли Чаплиннің фотолары бар, Бали туралы айтатын 70-ші жылдардағы кеңестік бағдарламалар бар... Мұнда туризмге қомақты қаржы – ондаған миллион доллар құйылады. Бірақ қайтарымы жоқ емес. Бұл туристердің жақсы демалыс ұйымдастырғаны үшін төлеген қаражаттары есебінен жабылып жатыр. 

– Мұнда жұмыс күші тым арзан емес пе? 

– Әрине, дәл Үндістандағыдай. Индонезияда Nike, Adidas сияқты ірі зауыттар бар. Фирмалық кроссовкалардың көпшілігі Индонезияда тігіледі. 

– Шетелдіктерге, мысалы, қазақстандықтарға Балиде арзан жұмыс күші бойынша жоғары бәсекелестік жағдайында табысқа жету қиын ба?

– Бали - қалағаныңызды жүзеге асыру үшін тамаша орын. Тек бірдеңе жасағың келіп, оны істеу керек. Мұндағы бәсекелестік жақсы және дұрыс та. Мысалы, Қазақстанда кірпік жапсыратын қыз көптеген бәсекелестерді көреді. Олар клиенттер үшін төбелесуге дейін барады.  Ал Балиде кірпік маманы жоқ, мұнда барлығына мүмкіндік мол! Мұнда өз материалымен келген кез келген адам бүкіл аралға қызмет көрсете алады. Әрине, қазақтар бірінші туған-туыстарын тартады. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен келген адамдар тұрады және демалады. Бәрі әдемі ұзын кірпік жапсырғысы келеді. Оның үстіне, тек қыздар ғана емес, елде гомосектерге де толеранттылық бар. Олар да потенциалды клиент болып есептеледі. 

– Кірпік жапсырушы жеке кәсібін қайда тіркетуі керек?

– Оған жұмыс визасы, үй-жай керек болады, тіпті жұмыс істейтін орын да қажет. Алдымен, сізге шамамен 2 мың доллар қажет болады. Сіз достарыңыз бен таныстарыңызға қызмет көрсете аласыз, өйткені Индонезия билігі афиша жасап жатқаныңызды көрген бойда сізді депортациялайды. Ал егер сіз өзіңіз білетін адамдарға ғана кірпік жапсырып берсеңіз, сіздің клиенттік базаңыз шектеулі болады. Және  билік мұны білмеуі мүмкін. Бұл қаражат жинап алуыңызға ыңғайлы нұсқа. Бірақ мұны «Бали билігін қалай алдау керек» деген мәнде түсінбеңіз. Тек лайфхак ретінде «өзіміз» деп айтып жатқаным. 

– Балиге келгісі келетіндерге қандай кеңес бере аласыз, олар ақшаны қайда салса болады?

– Мұндағы нарық өте үлкен. Біз білім алуды, ақша табуды үйренуіміз керек. Интернетте бәрі бар:  криптовалюта, бағалы қағаздар нарығы, жылжымайтын мүлік нарығы, автокөліктер, қайта сату. Тек зерттеуге уақыт бөлсе болғаны.  Мүмкіндіктер өте көп.