Аты жеңіл өнеркәсіп болғанымен, жолы ауыр кәсіп немесе Назарбаевтар әулетінің кезекті қысастығы

Ulysmedia

Айгүл Аюпова. Бұл есім көпшілікке бейтаныс. Оның кім екенін қазақстандықтар біле бермеуі мүмкін. Бірақ «Ескі Қазақстанның” қазанын қайнатып, қаймағын жалағандар үшін ол кезекті құрбан ғана. “Әулеттің” ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған кезеңде Аюпова сияқты қаншама адам құрбандыққа шалынды. Кәсіп ашып, енді-енді көтеріліп келе жатқан көптеген жас кәсіпкердің ұшпай жатып қанаты қиылды. Міне, Ulysmedia.kz порталының сұқбат алаңына келген қонақтың тағдыры осындай. Ұлыс алаңындағы сұқбатта кейіпкеріміз басынан өткен жайттарды баяндап, әлеуметке жан айқайын жеткізсем дейді. Әрине, көрер көз, естір құлақ болса…

Коллаж: ulysmedia.kz.

Бәрі неден басталды?

…2006 жыл. Тарихы терең М.Мәметова атындағы тігін фабрикасы қайта құрылымдалып (Астана қаласындағы), сонау 1939 жылдан бергі тігіншілік жандана бастаған шақ. Айгүл Аюпова жалғыз басты ана. Жалғызілікті жан болса да, балаларын бағып-қағып, қолға алған өнеркәсіпті аяғынан тұрғызсам деген мақсатпен шапқылап жүр. Өнеркәсіптің 70 жылға жуық тарихы бар, оның үстіне мемлекет те кәсіпкерлерге қол ұшын беруіміз керек деп әжептеуір ұрандатып жатады. Осыған иек артқан кәсіпкер бизнесін кеңейтпек ниетте Азия Кредит банктен 18 пайызбен 68 млн.теңге несие алады. 68 млн.деп жазғанымен, қолға 65 млн.теңге берген. Әрине, банк несиені жайдан-жай бере салмайды. Фабрика ғимаратын кепілге қояды. Банктен 68 млн.теңге несие алса, оны 110 млн.теңге қылып қайтару керек болған. Екі есеге жуық қаражат. Қарыздың аз ғана бөлігі қалғанда қаражаттан қысылған кәсіпкер ай сайынғы төлемді жасай алмай қалады. Осы кезде банктің пенясы зымырандай көкке көтеріледі. 68 млн алады, оны 110 млн. қайтаруы тиіс, бұған қоса аукцион арқылы кепілге қойылған мүлікті банк өзі сатып алады. Кәсіпкердің айтуынша, банк екі рет қана аукцион өткізуге міндетті. Ал Азия Кредит Банк аукционды 5 рет өткізген. Соңғысында өзі сатып алған. 

Айгүл Аюпованың айтуынша, осы мәселе бойынша бармаған жері, қақпаған есігі жоқ. Тіпті Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Қанатбек Жайсаңбаевтың да қабылдауында болады. Азаматтардың өтінішін тыңдап, мәселенің әділетті шешілуіне жауапты тұлға сөзбұйдаға салады.

Қанатбек Жайсаңбаев

Заң аясында деген жауапты қайталай берген Жайсаңбаев шырылдаған кәсіпкер жайлы ұмытып кетсе керек. Осыған күйінген кәсіпкер бар шындықты эфир арқылы айтсам деп, оның үстіне Ұлысмедианың әділет іздеген жандарға әрқашан жәрдем беріп, сұқбат алаңын ұсынатынын біліп келген беті екен. Айгүл Аюпова басқаратын М.Мәметова атындағы тігін фабрикасы еліміздегі министрліктердің тапсырысын орындап беріп жүрген сенімді бизнес-серіктес. Арнайы киімдері нарықта сұранысқа ие. Мұнда мүгедек бала тәрбиелеп отырған әйелдер, сөйлеу-есту қабілеттері кем қыз-келіншектер, жалғызілікті жандар, зейнет жасына жақын егде адамдар, былайша айтқанда, халықтың осал тобы жұмыс істейді. 

“Азия кредит банк” кімдікі?

Ашық дереккөздерге сүйенсек, “Азия кредит банк” АҚ Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Сұлтанға тиесілі болған. Алайда ол 2019 жылдың шілде айының соңында аталған қаржылық құрылымды Орифджан Шадиевке сатқан. Ал біз әңгіме етіп отырған уақытта бұл банк Назарбаевтар әулетінің активінде болған. Айта кетейік, елімізде 2019 жылы наурызда жоғары билік транзиті болды. Осыдан кейін Нұрбол Сұлтанға тиесілі банк сатылды. Ал 2021 жылы Азия кредит банк өз жұмысын тоқтатты. Банктің меншігіндегі мүліктің барлығы Қаржылық реттеу агенттігінің құзырына берілген. Агенттік төрағасы -  Мәдина Әбілқасымова. Кәсіпкер А.Аюпова бұрын Азия кредит банкке несиеге қойған фабрика ғимаратын қайтара алмай жүр. М.Әбілқасымова да қабылдауына кіргізбей қойған. 

Мадина Әбілқасымова

Фабриканы неге қайтармады?

Назарбаевтар әулетінің дәурені жүріп тұрған шақта Азия кредит банкке кепілге қойылған фабрика ғимараты қайтарылмаған. Соттың қай-қайсысы да кәсіпкердікі емес, Әулет адамдарыныкі дұрыс деген үкім шығарған. Айгүл Аюпованың айтуынша, тігін бизнесін бастаған кезде жұмыс істеуге кеңірек ғимарат іздеген екен. Астанадағы “Тұран” колледжінің бір ғимараты жалға берілетін болып, соған барғанда, ол оқу ғимараты “Азия кредит банкте кепілде тұрғаны белгілі болады. Колледж банкке ғимарат үшін 250 млн.теңге төлеген. Өткен ғасырлың 80-ші жылдары салынған, аумағы 1100 ш.м.болатын екі қабатты ғимаратты тігін фабрикасына ыңғайлы етіп, іші-сыртын жөндеген, электр желісін тартқан. 2012 жылы тігін фабрикасында 100-дей қызметкер жұмыс істеген.

Сол жылы әскерилендірілген теміржол саласының жалпы сомасы 180 млн-дық тендерін (5 жылға!) жеңіп алады. Осы ақшаға иек артқан кәсіпкер Азия кредит банкте кепілде тұрған “Тұран” колледжінің ғимаратын сатып алады. Жетпей тұрған сомасын, яғни 68 млн.теңгені Азия кредит банктен 18 пайыздық мөлшерлемемен несиеге алады. 18 пайыздың 4 пайызын бастапқыда, бір жылға жуық уақыт “Қазақстан Даму Банкі” төлеп берген. Кейін 2014 жылдары әлемдік қаржы дағдарысы кезінде Үкімет барлық шығындарды қысқартып тастайды. “Қазақстан Даму Банкі” кәсіпкер несиесін субсидиялауды доғарады. Азия кредит банкке ай сайын төлейтін 4,5 млн.теңге несие бар, жұмысшылардың (70 жұмысшы * 100 мың теңге = 7 млн.теңге ай сайын) жалақысы, материал, т.б. шығындарға қаражат табылмай қалады.  Банкке қанша ақша құйғанмен, олар алдымен сыйақыны шегереді. Ал негізгі қарыз содан кейін алынады. Сонда қанша уақыт қаншама қарыз төленгенімен, әлі 38 млн теңге қарыз мойынға ілінеді. Ал Азия кредит банк тігін фабрикасының ғимаратын тартып алады. 2021 жылы банктің өзі таратылып кеткенде, оның міндеттемелерін орындауға жауапты ликвидациялық комиссия ғимаратты кепілден шығармаған.

Банктен өзінің негізгі қарызы қанша қалғанын сұратқан кәсіпкерге банк 38 млн.теңге бар екенін айтқан, анықтама да берген. Ал кейін сот процесінде мұны жоққа шығарған. Қазір А.Аюпованың қорғаушысы осындай көлеңкеде қалған жайттарды зерделеуге кіріскен. 

Кәсіпкер талабы қандай?

Тігін фабрикасының жұмысын тоқтатпау мақсатында жұмысын жалғастырған кәсіпкер А.Аюпова үлкен тендерлерді жеңіп алғанын айтты. Оның ішінде Бас прокуратура да бар. Себебі кәсіпкер бизнесі “әлеуметтік маңызы бар бизнес” санатына жатады. Оның жұмысшылар құрамына кімдер кіретінін сөз басында айтқан едік. Кәсіпкердің жалғыз-ақ талабы: қаншама адамға нәпақа болып отырған ғимаратты қайтарып алу. 

Сұқбаттың толық нұсқасын YouTube-тан көре аласыздар.