Мен кіммін немесе америкалық отбасы асырап алған Әнелдің жан сыры

Ulysmedia

Шетелдегі қазақ балалары туралы бірнеше жылдан бері зерттеп жүрген әріптесім Жанар Байсемізованың еңбегі орасан. Бұл тақырыпта қаншама деректі фильм түсірді, қаншама кейіпкерді экранға шығарып, қазақстандық қоғамға, қазаққа таныстырды. Шетел асқан қазақ балаларының қилы тағдыры бәріміз үшін сын. Себебі жерде бір жетім жыласа, көкте мың періште күңіренеді деген сөз бар. Жетімін жылатпаған елміз дейміз, бірақ қаншама мың қаракөзіміз шетел асты, жат ортада өсті. Олардың кейінгі тағдыры қалай болды? Төрт жасында америкалық отбасы асырап алған Әнел есімді қыз өзінің шыққан тегін іздеп, Қазақстанға келген екен. Мүмкін, көмегіміз тиер деп сұқбатқа шақырдық. Сұқбаттаса отырып, қазақ қызының өмірге деген көзқарасына, дүниетанымына таң қалдық. Оның қазақ тілін, мәдениетін, тарихын білуге деген құлшынысын көріп, сүйсіндік.

Әнелдің Ulysmedia.kz порталына берген сұқбатын өзі айтқан сөзімен оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Ulysmedia коллажы

“Мен кіммін?”

Мен Қазақстан жайлы, өзімнің биологиялық ата-анама, өзіме қатысты мол мағлұмат алдым, менің іздегенім де осы еді. Мен Астана мен Алматыға жасаған сапарымда, Жанардың арқасында, өзімді қалай асырап алғанын, туған ата-анам кімдер екенін, т.б. мәліметтерге қол жеткіздім. Бұл туралы мен бұрын-соңды білмегенмін. Жанармен бірге деректі фильм түсірдік, алайда өзім іздеген мәліметтерге қатысты тың дерек шыға қоймады. Тек жақында Алматыдағы жетімдер үйінде күтуші болып жұмыс істеген жанмен кездескенімде, ол маған менің бұл жерге қалай келгенімді, сол кезде қандай жағдай болуы мүмкін екендігі туралы айтып берді. Жетімдер үйінің қызметкерлері мені өзім өмір бойы іздеп жүрген шындыққа бір табан жақындатты. Олар қолымда бар ақпараттарды зерделей келе менің анам мен әкем кім болуы мүмкін екенін айтып берді. Әрине, бұл ақпараттар да қате болуы мүмкін. Десе де менің өмір тарихыма әсер еткен осы бір жайт ата-анамның басындағы ахуалдан да аз-маз хабар бергендей.

“Қазақстан туралы білгім келді”

АҚШ-тың Чикаго маңындағы Эванстон қаласында өстім, америкалық отбасы асырап алған еді. Мен тұратын жерде қазақ тұрмақ, азиаттық баланы кезіктіру қиын. Сондықтан мен олардың ортасында көзге ерекше түсетінмін. Бірақ мені отбасым жақсы қабылдады. Кез келген бала қоршаған ортасына, айналасындағы адамдарға қатысты мың сан сұрақ қояды, сол секілді менде де өзіме қатысты сұрақтарым көп болды. Неге мен мұндаймын дегенді көп ойлайтынмын. Мен өзімнің асыранды бала екенімді әу бастан білдім. Бірақ қандай ұлттың өкілімін, түбім кім екенін білгім келетін. Менің атамекенім қайда, әлем картасының қай жерінде орналасқан, осы сынды мәліметтерді білгім келетін. Өсе келе бұл мәліметтердің біразын таптым. Десе де оған қанағаттанған жоқпын. АҚШ-тағы, нақты Эванстондағы өміріме қатысты айтар болсам, менде көптеген артықшылықтар болды. Дегенмен тілі қазақша шыққан баланың ағылшын тілді ортаға бейімделуі, неге сен ата-анаңа ұқсамайсың деп сұрақтың астына алулары мен үшін белгілі бір деңгейде қиындық тудырды.  Өзің туралы және қайдан шыққаның туралы көбірек білген сайын оларға да айтар жауабың дайын болады. Мен білген сайын құныға түстім, қазақ халқы, мәдениеті және Қазақстан мемлекеті туралы көбірек білгім келді. Бұл менің жаңа отбасындағы, жаңа ортамдағы тіршілік етуімді жеңілдетті деп ойлаймын.

“Қоғам асыранды балаларды тыңдауды үйренсе...”

- Менің отбасыммен қарым-қатынасым кез келген отбасы сияқты қарапайым. Күрделі ештеңе жоқ. Қазіргі жағдайда бұл қарым-қатынас өте мықты деңгейге жеткен, мен де, олар да бір-бірімізді бұрынғыдан көбірек тани түскендейміз.  Асыранды баланың ата-анасы болу немесе асыранды бала болу туралы ережелер жинағы жоқ, әсіресе асыранды балалар сирек кездесетін қоғамда. Сондықтан бұл үнемі оқып-үйренуден тұратын процесс деп ойлаймын. Менің әпкем мен ата-анам ақылды адамдар. Сондықтан біз үнемі үйренуден жалықпай, бір-бірімізді тануға, жақын араласуға тырыссақ, бәріміз өмір сүріп жатқан қоғам асыранды балаларды тыңдауды және олармен санасуды меңгерсе, бәрі жақсы болады деп ойлаймын.

“Мен өзім өскен ортаның, отбасының көрінісімін”

Достарымды, тығыз араласқан жанашыр жандарды тастап кеткенім жоқ, олармен әлі де байланыстамын. Мен өзім өскен ортамда, отбасымда көрген бар жақсы дүниені  өзіммен бірге Қазақстанға әкелдім деп ойлаймын және осының бәрі менің шешімдеріме, ата-анамды және өз шыққан тегімді іздеуге әрқашан ықпал етеді. Менің кез келген шешімімде ішкі дүниеме үңілу қажет және мен өзімді достарымның, отбасымның және өзім өмір сүретін қоғамның көрінісімін деп есептеймін. Әсіресе, Қазақстанда жүргенімде, бет-әлпеті өзіме ұқсайтын әрі шынайы тілектес жандарды көргенде, бұл барлық адамдарды біріктіретін қасиет деп ойлаймын. Сондықтан мен көп жағдайда өзімді үйімде жүргендей сезінемін. Өмір сүрген ортаңды артта қалдырып, жаңа өмір ортасын іздеп көшу, әрине, жүрекке қорқыныш ұялатады. Мен өз отбасыма, ізгі достарыма және Қазақстаннан тапқан жолдастарыма өте ризамын. Менің отбасымдай болып кеткен көптеген адамдармен таныстым, Жанармен, деректі фильм түсіру барысында бірнеше адаммен достастым.

“Қазақ тілін үйренуге тырысып жатырмын

Мен Қазақстанды жақсы көремін. Мұндағы адамдарды, өмір сүру салтын, халықтың мәдениетін жақсы көремін. Меніңше, мұнда мен өскен ортадан өзгеше көптеген нәрселер бар және кейбіреуіне үйрену қиын болса, кейбіреуіне үйрену оңайырақ. Бірақ, жалпы алғанда, мұндағының бәрі ұнайды. Мен көп нәрсе үйрендім. Қазірдің өзінде көптеген өмірлік маңызды сабақтарды үйреніп жатырмын деп ойлаймын. Мен Қазақстан халқының мәдениетіне үнемі таң қалумен келемін, олардан үйренерім көп. Ал мұнда немен айналысқым келетінін айтар болсам, мен, алдымен, қоғамның бір мүшесімін. Бойжеткен шағымда осында келуді қаладым. Қазақ тілін үйренуге тырысып жатырмын. Аз уақыттан кейін «мен мұнда өмір сүруді және бақытты болуды үйрендім» деп айтуға жазсын. Өйткені Қазақстанда тұру – үлкен мәртебе. Себебі әлемнің түкпір-түкпірінде қаншама қазақ баласы өзінің атамекеніне қайта алмай жүр.  Олар туған отан дегенді сезініп көрген жоқ.  Сондықтан мұнда болу үлкен мәртебе деп ойлаймын және мен мұны, әсіресе Америка азаматы ретінде, жақсы түсінемін. Мен жай ғана осында өмір сүргім келеді, ауасын жұтып, суын ішіп, топырағын басып жүргенімді бағалағым келеді, өзіме ұқсайтын жүздерге қарап, қазақ тілін естіп, қандастарымды күнде көріп жүргенімнің өзі қандай бақыт!

“Қазақстан мені тыңдай алады деп үміттенемін”

Мұндағы әр дүниеге ерекше қараймын, махаббатпен қараймын. Қазақстан мендегі ерекшеліктерді қабылдап, мені тыңдай алады деп үміттенемін. Бұл үнемі оқыту мен үйрену процесі, мен осында сабақ беруге және осында студент болуға дайынмын және қоғамға қандай да бір үлесімді қоса алсам, өте қуанышты болар едім. Осында үйренгендерімді АҚШ-тағы достарыма, отбасыма жеткізуге менің әрқашанда мүмкіндігім болады деп сенемін. Кішкентай кезімде менде мұндай мүмкіндік болмады.  Мен өз көзқарасымды білдіріп, басқа адамдардың көзқарастарын білгім келеді. Сондықтан тек тіл үйреніп қана емес, басымдағы бағымды да бағалауды үйреніп жүрмін.

“Бала тәрбиесіне тұтас қоғам жауапты”

Меніңше, бала тәрбиесіне бір отбасы не бір ғана адам емес, тұтас қоғам жауапты. Себебі ол сол қоғамның көрінісі болып қалыптасады. Бұл жетім балалардың тәрбиесіне де қатысты. Менің шетел асуыма, мен сияқты қаншама баланың өз елінен жырақ кетуіне көптеген фактор әсер етті. Сондықтан адамдар менің сөздерімді қалай қабылдаса да, мен оны бағалаймын және олардың біздің тағдырымыздың осылай болғанына бізден кешірім сұрауы менің кішкентай жүрегімді тербеп жіберді. Өзіңнің емес, өзгелердің қателігі үшін кешірім сұрау оңай емес. Бұл туынды (деректі фильм) мен үшін де, көрермен үшін де мәдениеттер, түрлі өмір ортасы үшін тәжірибе алмасу деп білемін.  Бұл әрқашан мен бағалайтын қасиет. Қазақстанда өмір сүріп жатқандықтан, бұл менің күн сайын, әрбір қарым-қатынасымда жиі талқылайтын тақырып. Мен үнемі сол талқылаулардан үйренемін және кейбір адамдардың менен кешірім сұрағанын байқадым, ал басқалары менің бақытты болуым керек екенін немесе мен лотерея ұтқанымды айтты, сондықтан әртүрлі эмоциялар бар деп ойлаймын және мен үшін бұл эмоциялар шынайы. Өйткені эмоция қолдан жасалмайды, ол адамның сол уақыттағы шынайы сезімі.

“Мен туған анама ешқашан ренжіген емеспін”

Мен бет-әлпеті ғана емес, менталитеті де өзіме ұқсамайтын адамдардың ортасында өстім, бой жеттім. Осындай жайттар кейде мені күйзеліске түсіретін. Өзімнің жетім қалғаным, анамның мені тастап кетуге мәжбүр болғаны есіме түскен сайын күйзеліп кетемін. Ол уайым менде әлі де бар. Бірақ мен туған анама ешқашан ренжіген емеспін. Менің ойымша, отбасындағы барлық қарым-қатынас маңызды. Әсіресе, мен үшін ана мен қыз арасындағы қарым-қатынасқа баға жетпейді. Сондықтан кейде мен айнаға қарап тұрып, менің анамның да көздері менікіндей, шаштарымыз да қатты ұқсайды, менің анам осылай жымияды деп өзіммен-өзім сөйлесіп кеткенімді байқамай қаламын. Менің ата-әжем қандай екен, оларды бір көрер ме еді деп те армандаймын. Немесе туған бауырларым бар ма, олар қандай болып өсті екен деп те ойлаймын. Менде белгілі бір уақытта күйзелістер болды. Бірақ бұл ешқашан нақты біреуге емес, әсіресе туған анама емес, өйткені мен оның кім екенін, қайда екенін білмеймін. Ол мені дүниеге әкелгенде, өзі де жас болуы мүмкін, мен оны білмеймін ғой. Сондықтан мен өзім білмейтін адамға қандай да бір айып тағу әділ емес деп ойлаймын. Тек жас баланың қателігін кешіре алмаған, оған қиын сәтте қолдау көрсете алмаған қоғамға ренішім бар. Бірақ нақты біреуге ренішім жоқ.

 

“Демократия үшін күрес тоқтамайды”

Менің ойымша, демократия орнаған мемлекет АҚШ-тың өзінде түрлі мәселелер бар. Ол – әйелдерді төмендету, нәсілшілдік т.б. кемсітушілік. Америка халқы мұнымен әлі де күресіп келе жатыр. Демократия үшін күрес тоқтамайды. Ол үнемі дамып отырады. Мен өскен ортада түрлі этнос өкілдері, түрлі тілде сөйлейтіндер болды. Мен Чикагода медицина бойынша білім алдым. Жедел жәрдем қызметінде жұмыс істедім, ауруханаларда қызмет еттім. Әсіресе, COVID кезінде, белгілі бір әлеуметтік топтар сыналған кезде, мен сол аспектілерді анық сезіндім.

АҚШ-та тұру мол тәжірибе қалыптастырады. Мен азиат ретінде және Орталық Азиядан шыққан адам ретінде расистік пікірлер естіген кездерім болды, тіпті азиялық топтар ішінде де расистік пікірлер мен физикалық зорлық-зомбылық көрдім. АҚШ-тағы өмірімде пойыздар мен автобустарды пайдалану, жедел жәрдемдер мен ауруханаларда жұмыс істеу және жалпы өмір сүру барысында көптеген қиындықтарға тап болдым. Әртүрлі топтардың бір ортада өмір сүруі кезінде кейде қақтығыстар болуы да мүмкін. Мұндай жағдайлар Қазақстанда да бола ма, оны әзірге білмеймін. Бірақ оны ойлаудың өзі қорқынышты. Сондықтан физикалық зорлық-зомбылық пен вербалдық зорлық-зомбылықтың көп кездесетін жағдайлары бар. АҚШ-та және әсіресе Чикагода, сіздің сыртқы түріңізге, кім екеніңізге және қалай өмір сүретініңізге байланысты адамдар сізге физикалық, ауызша, эмоционалды түрде шабуыл жасауға бейім болады. Менің мойныма пышақ тақаған, қару кезенген, мені итерген, ұрған, соққыға жыққан жағдайлар болды. Бұл - әрқашан сабақ боларлық тәжірибе.

“Әнел деп кім қойғанын білмеймін”

Бұл менің өмірге келгенде қойылған есімім. Маған бұл атты кім қойғанын білмеймін. Менің туған анам ба, әлде мені тапқан полиция қызметкері ме, оны кім бергенін білмеймін. Бұл есімді маған анам қойған шығар деп тәтті қиялға берілемін, өйткені бұл мен қабылдап, өзіммен бірге алып кететін сыйлық сияқты. Бұл, бәлкім, мен одан (анамнан) ала алатын жалғыз нәрсе. Осы себептерге байланысты мен осы атпен жүруді таңдадым.

“Мен үмітімді үзбеймін”

Әрине, мен өзімнің өткенім туралы көбірек білген сайын көп нәрсені үйренемін. Үмітсіздік туралы айтатын болсақ, мен үмітсіз емеспін. Егер, мысалы, ата-анам мені кездейсоқ жоғалтқан болса, мұндай оқиғалар өмірде болып тұрады. Егер менде балаларым, өз отбасым болса, мен үмітсіздікке ұшырамай, балаларымның сұрақтарына жауап беруге тырысамын. Қазақстанда ата-әжелермен және ата-анамен  қатынас орнатудың маңыздылығын көріп отырмын, отбасы үшін ұрпақтың қаншалықты маңызды екенін түсінемін. Сондықтан мен өзімнің өмірімде бұл нәрсені алып жүруге тырысамын. Осы себепті, мен үмітсіздікке ұшырамаймын деп ойлаймын. Мен өз өмірімімді сүзгіден өткізе келе көп жағынан қазіргі жағдайыма қанағаттанамын. Мұнда жету үшін мен физикалық және психологиялық тұрғыдан көп еңбек еттім, сондықтан мені бақытты ететін нәрселермен өмір сүруді жалғастырамын. Соның бірі – қазақ мәдениеті және менің шыққан жерім туралы білім алу. Әжем, асырап алған әжем (бірақ мен үшін ол туған әжемдей) әрдайым жеті ұрпақтың тарихы туралы айтып отыратын. Әжем мені асырап алу үшін Қазақстанға келгенде, көптеген адамдармен, көптеген қазақтармен сөйлесіпті. Ол олардан көп нәрсе үйренген. Сондықтан мені тәрбиелегенде, әжем қазақ мәдениетінен үйренгендерін маған жеткізуге тырысатын. Солардың бірі – жеті атаның, ұрпақтың маңызы.

“Болашаққа жоспарым көп”

Менде үш айға жарайтын визам бар. Оны алу үшін көп еңбек етуіме тура келді. Процесс өте қиын болды, бірақ визаны алдым. Бұл үш ай ішінде мен тұрақты тұруға өтініш беруге тырысып жатырмын. Осыдан кейін, мен қазақ қоғамына қосылып, жұмыс істегім келеді. Сонымен қатар, Қазақстанда білім алуға тырысамын. Бұл уақыт ішінде мәдениеттің аспектілерін үйренумен қатар, ең маңыздысы, қазақ тілін үйренгім келеді. Мен шынайы сүйетін адаммен отбасын құруға дайынмын. Егер ол адам қазақ болса, бұл өте қызықты болар еді. Бұл қазақ мәдениетінің көптеген аспектілерін үйренуге көмектеседі деп ойлаймын. Мен Чикагода өстім, бұл әртүрлі қала және мен АҚШ-танмын, ол да әртүрлі адамдардың мекені. Сондықтан мен танысып, сөйлесуге қарсы емеспін. Әрі қарай уақыт көрсетеді. Егер қазақ азаматымен бас құрауға, шаңырақ көтеруге жазса, оған қуанар едім.

“Тілді үйрену үшін барымды саламын”

Мен тілді үйренгенде сөзбен айтып түсіндіре алмайтын бір сағыныш сезімін бастан кешіремін. Қазақ тілінде сөйлегенде, оның дыбыстары маған таныс болып көрінеді. Әрине, тілдің кейбір дыбыстарын дыбыстау қиын. Тіл ағылшын тілінен өзгеше, құрылымы бөлек. Сондықтан мен көп нәрсені меңгеруім қажет. Бірақ қазақ тілін үйрену маған ұнайды. Егер мен туған ата-анамды немесе тек анамды кездестірсем, олар менімен қазақ тілінде сөйлеседі ғой. Олар мені тыңдап, мен де оларды тыңдай аламын. Қазақтармен араласқанда, маған аудармашы қажет. Өйткені әлі меңгергенім жоқ. Сондықтан мен қазақ тілін барынша тез үйреніп алуға тырысып жүрмін. Ертең анаммен кездескенде ол қызым жалқау екен деп ойламауы үшін. Және болашақта балаларымды қазақ тілінде тәрбиелеймін. Қазақ тілі, жалпы алғанда, өте әдемі тіл.

“Жаңа отбасыма барынша жақсы бала болып көрінуге тырыстым”

Мен төрт жаста едім. Нақты қай кез екенін анық айта алмаймын. Асырап алу процесі біраз уақытты қажет етеді, сондықтан асырап алу заңды түрде қашан басталғанын білмеймін, бірақ мұнда келгенде мен шамамен төрт жаста болдым.

Менің есімде... Сол кезде бала ретінде көп өзгерістер болды, мен сол өзгерістерді сезіндім. Асырап алынғанға дейін жетімдер үйіндегі тұрмысымды да білемін. АҚШ-қа келгендегі сәттерім аз-маз есімде. Нақты қай естелік қайдан келгенін білмесем де, сезім мен ойларымды және көргендерімді еске аламын. Балалық шағымда көптеген өзгерістерді өтпелі кезеңде өткеруге тырыстым, менің естелігім осы өзгерістердің аясында қалыптасты. Қазір ересек адам ретінде, өмірлік азды-көпті тәжірибеммен ой елегінен өткізіп қараймын. Бала күнімде ала алмаған жауаптарым бар. Сол күндер мен үшін үрейлі әрі күйзеліске толы болған еді. Өйткені мен жаңа отбасыма барынша жақсы бала болып көрінуге тырыстым әрі жаңа ортаға тез бейімделу үшін барымды салдым. Бұл нәрселер менің бала жүрегіме үлкен салмақ салды.

“Ана құрсағында жатқан сәттен бастап-ақ мінез-құлқы қалыптасады”

Қазір бой жетіп, алды-артымды бажайлап, бала күніме ойша шомамын. Бала үшін оның ана құрсағында жатқан сәттен бастап-ақ мінез-құлқы қалыптасады дейді мамандар. Болашақ ата-аналар осыны ескеруі керек. Сондықтан мен кәсіби мамандармен тілдесіп, кеңесіп жүріп білгенім: адам денесі барлық ақпаратты есте сақтай алады екен. Менің ана тіліме, туған жеріме деген сағыныш сезімдерім осы бала кезден, есімде көп қалмаған шақтан бойымда сақталған шығар деп ойлаймын.

Балалар үйінде менің қамқоршыммен сөйлесіп, менімен бір уақытта сол балалар үйінде болған басқа бір адаммен қайта байланыс орнаттым. Бізге осы оқиғалар туралы айтып берді, бұл өте қызық. Бұл үлкен контекстті құруға көмектеседі. Баланы осындай жағдайға қою немесе шешімді қабылдауы қажет болған ана үшін бұл өте ауыр жағдай. Бұл менің туған анамды түсінуге деген эмпатиямды одан әрі арттырады. 2024 жылы біз осы оқиғалардың салдарын көріп отырмыз, сондықтан мен өзімнің асырап алынуымды ойлағанда бұл менің ойымда әрдайым бірінші орында тұрды.

“Отбасын сақтау бәрінен маңызды”

Мені бауырына басқан отбасыма, ортама өте ризамын және сол адамдарға өз ойыммен бөлісе алатыным үшін қатты қуанамын. Адамгершілік құндылықтарына мән беретін кез келген адам үшін отбасын сақтау басты мақсат болуы керек деп ойлаймын. Бұл мақсатқа жұмыс істеу арқылы өзекті мәселелерді шешуге қол жеткізуге болады. Бірақ мен үшін маңыздысы: ешқандай бала, мейлі ол қай құрлықта, қай дінде, қай нәсілде болмасын, тастанды болмауы тиіс. Жетімдік зардабын тартпауы керек. Әрине, жаратушының бұйрығымен жетім қалып жататын жайттар өмірде көп қой. Сондықтан отбасын сақтау бірінші кезекте, одан кейін төл мәдениетті сақтау тұрады. Қазақ мәдениеті өте бай әрі өте керемет. Бала толықтай басқа мәдениетке бейімделмей, өзінің мәдениетін сақтауы керек. Осылай етсек, бала өз қанына тән емес мәдениетке мәжбүрлі түрде бейімделмейді деп үміттенемін.

Тағы да қайталайын, бала тәрбиесі үшін қоғам жауапты. Сол секілді отбасының аяқтан тұруы, дауылдарда құламауы да қоғамға, ортаға, жақындарына байланысты. Егер ана, әке немесе ата-ана баланы бағып-қаға алмаса, онда олардың туыстарын іздеу керек. АҚШ-та, кем дегенде, бір отбасы бала тәрбиелеп ала алмаса, басқа отбасы оны қуана-қуана және махаббатпен тәрбиелеп алады, қаржылық немесе эмоционалдық қолдау көрсетеді. Жалпы алғанда, кез келген отбасы үшін осылай, бірақ әсіресе асырап алынған бала немесе жетім бала үшін бұл жайттар маңызды. Толық отбасы дегеніміз, тек ана мен әке ғана емес, бауырлар, ата-әжелер, тәте-көке – жалпы ет жақын адамдар тобы.

“Тастанды балалардың дауысын қоғамға естірткім келеді”

Менің арманым – басқа асырап алынған адамдардың дауысын мына қоғамға естірту, Мен қазақ мәдениеті туралы үйренгендерімді бөлісе беремін. Менің ойымша, қазақ мәдениетінен көп құнды сабақтарды үйрендім. Балалық шақта маған бұл сезімдер жетіспеген еді. Мен АҚШ-та жастайымнан бастап жұмыс істеп келемін және көптеген адамдар сияқты, біз өте жас кезімізден бастап жұмыс істейміз, сондықтан денсаулық сақтау саласында жұмыс істеуге мүмкіндік алып, көп нәрсені үйрендім және оның көпшілігі өте жемісті болды, бұл менің мансабымның негізгі бөлігі болды. Мен ақырында денсаулық сақтау саласында оқытушы болып жұмыс істедім, содан кейін денсаулық сақтау саласынан өнерге қарай бет бұрдым, сондықтан мен оқуды жалғастыруды қалаймын. Егер мен осында студент болсам, сол дағдыларды үйреніп, оларды осында мансап құруға қолдана аламын және бұл өз кезегінде дұрыс шешім болар еді деп ойлаймын. Бірақ мен ештеңеге шектеу қойып отырған жоқпын және өмір сүруге қатысты нақты талаптарым мен шарттарым жоқ. Мен тек үйренген білімімді қолданып өмір сүргім және жолымды жалғастырғым келеді.

“Актер болғым келеді, саясатқа да қызығушылығым бар”

Чикагода актерлікпен айналыстым, бұл мен үшін өте жемісті болды, осы процестен үлкен ләззат алдым, әсіресе денсаулық сақтау саласындағы стресс жағдайынан кейін. Америкада актерлік әлем біршама өзгеше, бұл өте қызықты болды және мен жедел жәрдем мен ауруханалардағы медицина саласында жұмыс істеу барысында үйренген өмірлік дағдыларымды актерлікке қолдана алдым, бұл маған ұнайтын іс. Өнер мен актерлік тұрғыдан алғанда, мұны осында да жалғастыру және қандай болатынын көру өте қызықты болар еді. Және әрқашан сыртқы саясатқа қызығушылық таныттым. АҚШ-та өскен, Қазақстаннан асырап алынған бала ретінде сыртқы саясатты және халықаралық қатынастарды зерттеу өте қызықты болады деп үміттенемін.

Сұхбаттың толық нұсқасын мына сілтемеден көре аласыздар.