Америкалық қазақ қызы немесе Bloomberg компаниясына жұмысқа қалай орналасуға болады

Ulysmedia

Дана Бүкенова өзін әлем азаматы деп атайды. Өйткені әлі күнге дейін өзін қазақтан шыққан америкалық деп таныстырған дұрыс па, әлде америкалық қазақ деп таныстырған дұрыс па – нақты айта алмайды. Дана Америкаға отбасылық жағдайларға байланысты көшіп келген. Алайда ол үйде төрт қабырғаға телміріп отырғысы келмеді, өйткені Қазақстанда оның жақсы жұмысы болған. Ал Bloomberg компаниясына ол, өзінің айтуынша, таныстық арқылы келген. Ол қазір Bloomberg Industry Group сарапшысы. Шетелде өз орныңды табу, оның құндылықтарын түсіну және қабылдау, сонымен қатар әлемдегі ең ірі компаниялардың біріне жұмысқа орналасудағы тәжірибесін Дана Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраеваға айтып берді.

Ulysmedia коллажы

BLOOMBERG-КЕ «ТАНЫСЫ» АРҚЫЛЫ КІРГЕН

– Әрине, бұл оңай болған жоқ, бірақ дәл Bloomberg компаниясына мен бұрынғы әріптесімнің ұсынымымен жұмысқа тұрдым. Біз бұрын бір жоба аясында жұмыс істегенбіз. Сол кезде, бәлкім, мен  командада жұмыс істей алатын кәсіби маман екенімді көрсете алған болуым керек.

Біздегідей, ағайын-туыс барлық мәселені шешіп бере ме?

– Жоқ, АҚШ-та сенің қабілеттеріңе, мамандығыңа лайық болуыңа, басқалармен қалай қарым-қатынас жасайтыныңа, жеке қасиеттеріңе қарайды. Егер сендегі әлеуетті байқаса, әрине, сені қызметке ұсынады. Бірақ бұл тек алғашқы қадам ғана. Ұсыным (рекомендация. - Ред.) автоматты түрде жұмысқа қабылдануыңды білдірмейді – тек саған есік ашады, ал әрі қарай кәсіби қабілеттеріңді дәлелдеуге тура келеді.

АМЕРИКАЛЫҚ ГЕНДЕР

– Жұмысқа тұру үшін ер адамдармен конкурсқа түсу кедергі болған жоқ па? Әлде АҚШ-та гендерлік теңсіздік мәселесі жоқ па?

– Бұл мәселе мұнда да Қазақстандағыдай өткір. Ерлер мен әйелдердің табысы арасындағы айырмашылық әлі де айтарлықтай. Қалыптасқан дәстүр бойынша әйелдер көбіне үйде отырды, тіпті медицина немесе мемлекеттік қызмет сияқты салаларда да көбіне ер адамдар жұмыс істеді. Қазір жағдай біртіндеп өзгеріп келеді, бірақ әлі де жұмыс істеу керек нәрселер көп. Дегенмен, Қазақстанмен салыстырғанда, мұнда мүмкіндіктер әлдеқайда көп.

– Бізде де өзгерістер бар, сіз тарихи отаныңызда болып жатқан оқиғаларды оқып-біліп отыратын шығарсыз? Мәселен, Салтанат Нүкенованың өлімі гендерлік мәселелерге қатысты триггерге айналғанын байқадыңыз ба?

– Әрине, бұл тұрғыда өзгерістер бар екенін байқап отырмын – бұл мәселелер қазір қоғамда талқыланып жатыр, заңнамалық деңгейде өзгерістер орын алуда, ашықтық пайда болды. Адамдар не болып жатқанын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеп жатыр. Бұл тұрғыда қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділік артты деген пікір бар. Бірақ, менің ойымша, бұл көбінесе технологияның дамуына байланысты сияқты. Өйткені интернет пен бейнежазба құрылғылары дамыды, зорлық-зомбылық әрекеттері кадрға түседі, адамдар бұл туралы білетін болады.

– Америкада да солай ма?

– Мұнда адамдар заңды құрметтейді, ережелерді сақтауға тырысады, өйткені ешкім өз абыройынан айырылғысы келмейді немесе бейтарап қалғысы келмейді. Жалпы алғанда, қоғам агрессияға, әйелдерге, балаларға, жануарларға қатысты зорлық-зомбылыққа төзбейді.

АДАМ ЕҢБЕГІ, ӘРЕКЕТІ ӘДІЛ БАҒАЛАНАДЫ

– Біз «Жаңа Қазақстан құрамыз» деп ұрандадық, бірақ әлі қозғалмай сол орнымызда тұрмыз. Неге бізде бәрі Америкадағыдай емес?

– Меніңше, бізге Американың үлгісіндегі ашық әрі әділ жүйе қажет. Мұнда тепе-теңдік сақталады, тек белгілі бір топ қана бәрін өзіне ыңғайлы етіп шешу деген жоқ. Бұл жерде жүйе анағұрлым теңгерімді. Қазақстанда да өзгерістер бар, бірақ олар әзірге айқын көрінбейді. Жалпы, америкалық мәдениетпен салыстырғанда, бізде позитив аз. Мұнда, тіпті, ең кішкентай жетістіктерді, кішігірім ілгерілеулерді бағалайды. Қателіктер мен сәтсіздіктер болса да, адамды қолдайды, ол өзін "минустамын" деп сезінбейді.

– Қазақстанда Америка деген жұмақ мекен деп айтатындар көп. Яғни, идеализациялау жиі кездеседі. Мұнда бейімделу қалай өтті?

– Бұл процесс біраз уақытты алды, оңай болды деп айта алмаймын. Ережелерді қабылдау қиын емес. Мысалы, сізге қазір жолда полиция айыппұл салады деп уайымдаудың қажеті жоқ, себебі ережелерді сақтасаңыз, сізге ешкім килікпейді, қорқуға еш негіз жоқ.  Қазақстанда бәрін дұрыс істесеңіз де, «қап» деп қалу қаупі жоғарырақ. Ал мәдени айырмашылықтарға бейімделу әлдеқайда қиын болды. Біз, әрине, өз мәдениетімізді, дәстүріміз бен тағамымызды сағынамыз, сондықтан оларды осында қайта жаңғыртуға тырысамыз.

ҚАЗАҚТАРДЫ ТАНЫП КЕЛЕДІ

– Сіздің әріптестеріңіз Қазақстан туралы біле ме?

– Мені таң қалдырғаны, мұнда Қазақстан туралы біледі. Әсіресе, Вашингтонда тұратындар Қазақстанды жақсы біледі. Мұнда халықтың білімі жоғары, мүмкін, сондықтан шығар. Бірақ менің әріптестерім үшін мен АҚШ-та кездескен алғашқы қазақ болдым. Жақында Bloomberg-ке тағы бір қазақ жұмысқа орналасты – ол сатылым бөлімінде қызмет етеді. Қостанайдан келген жас жігіт, біз жақсы қарым-қатынастамыз. Мұнда, негізінен, Ресей мен Украинадан орыстілділер келеді. Қазақтар көбіне Батысқа ұмтылады, өйткені технокомпаниялар тарапынан сұраныс бар, Стэнфорд университетін тәмамдаған білімді жастардың бәрі Калифорнияға баруға тырысады.

– Сіз қай университетті тәмамдадыңыз?

– Мен Манчестер университетінде маркетинг мамандығы бойынша білім алдым. Бұл – ағылшын университеті. Мен АҚШ-та білім алған жоқпын, бірақ қазақстандық және британдық білімнің арқасында мен керек маман екенімді дәлелдедім.

– Ал мұндағы жұмысыңызда сіздің міндетіңізге не кіреді?

– Нақтырақ айтқанда, бұл – пайдаланушылар деректерін талдау, біздің өнімнің сұранысын зерттеу. Біз үнемі функционал мен интерфейсті жаңартып отырамыз, сондықтан адамдардың бұл жүйені қалай қолданатынын зерттеу маңызды.

– Сіздің жалақыңыз қандай? Бізде министрлер 2 500 доллар алады, бұл сома көп деп халық наразылық білдіреді.

– Бұл аса көп емес. Менің мамандығым бойынша жалақы 150 мың доллардан басталады, ал жақсы жалақы 200-300 мың доллардан жоғары деп саналады. Мен орта деңгейлі менеджермін, менің біліктілігім, білімім мен мамандығымды ескерсек, 200-300 мың доллар осы позиция үшін лайықты деп саналады.

АМЕРИКАЛЫҚ МАСШТАБТАР

– Америкалық өлшем бойынша біз кедей елміз бе?

– Жоқ, керісінше, Қазақстан бай ел болып саналады. Америкалық жіктеу бойынша Қазақстан Еуропаға жатады. Біз анкеталарды толтырғанда өзімізді азиатпыз деп есептегенімізбен, Азияға жатамыз деп көрсетпейміз. Техникалық тұрғыдан алғанда, Қазақстан мен Шығыс Еуропа елдері, соның ішінде Ресей де Шығыс Еуропаға жатқызылады.

– Бірақ бізде жалақының өзі 10 мың долларға жетпейді ғой.

– Мұнда даму деңгейі мен ауқымы мүлдем өзгеше. Бұл мәселеге басқаша көзқараспен қарайтын уақыт жетті деп ойлаймын. Қазақстанда адамның еңбегі көп жағдайда бағаланбайды. Ал мұнда кез келген еңбек, әсіресе интеллектуалдық жұмыс, жоғары бағаланады. Сағаттық төлем жүйесі, өтемақылар қарастырылған. Адамдар бір-бірін қолдайтын қауымдастықтар бар. «Маған жақсы, қалтамды толтырдым, болды» деген қағида жоқ. Барлығына жақсы болуы керек.

– Bloomberg компаниясында жасанды интеллект қолданылады ма? Сіз оны өз аналитикаңызда қолданасыз ба?

– Bloomberg жасанды интеллектті алғаш қолдана бастаған компаниялардың бірі. Біздің функционалымызда кем дегенде 5-6 түрі бар. Клиенттік интерфейс тарапынан болжамдар жасауға мүмкіндік беретін арнайы функциялар бар. Қазіргі уақытта барлық дерлік анализді жасанды интеллект жүргізеді. Кез келген белсенділік тіркеліп, дерекқорға жинақталады, содан кейін алгоритмдер арқылы талданады.

– Жасанды интеллект қызметкерлерді жұмыстан босатуға себеп болды ма?

– Әзірге біздің компанияда мамандарды қысқарту болған жоқ. Керісінше, ЖИ процестерді оңтайландырып, жұмысты жеңілдетеді. Мүмкін, болашақта қысқартулар орын алуы мүмкін, бірақ бұл жақын арада деп ойламаймын.

ҚАЛАЙ ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУГЕ БОЛАДЫ

– Сізде жұмыста қиындықтар болды ма?

– Үлкен компанияларда бюрократия бар – деңгейлер, жүйелер, әр команда өзінше жұмыс істейді. Бірақ жалпы корпорация икемді болуға және тез әрекет етуге тырысады. Bloomberg – бұл медиа компания, сондықтан ол жылдам әрекет етуі керек. Жеке өзіме қайта бейімделу мен қайта бағдарлану қиын болды. Жаңа нәрселерді меңгеру мен үнемі үйрену қажет болды. Үш ай бұрын білгендерің бүгін ескіріп қалуы мүмкін, сондықтан осы қарқынға ілесу керек. Бұл мен үшін қиынға түсті, сонымен қатар кейбір терминдерді түсіну оңай болмады, бірақ адам миы өте бейімделгіш. Уақыт өте келе бәріне үйренесің.

– Сіздің лауазымыңыз қалай аталады?

– Product Analytic Manager – мен деректерді жинаймын, оларды талдап, трендтер мен үлгілерді анықтап, басшылыққа немесе осы деректер негізінде жұмыс істейтін негізгі қызметкерлерге ұсыныстар беремін.

ОТБАСЫ ЖӘНЕ ЖҰМЫС

– Сіз Bloomberg-тегі жұмысыңызды және отбасылық өміріңізді  қалай үйлестіресіз? Бұл да үлкен жүктеме ғой.

– Маған жұбайым мен анам көмектеседі. Қызымыз дүниеге келгенде, анам бізге көшіп келді. Мұнда декреттік демалыс өте қысқа – 3-6 ай. Ешқандай жеңілдік жоқ, әйел жұмысқа шығуға міндетті. Қызымды балабақшаға беруге қиналдым, сондықтан анамды шақырдым.

– Оған осында бейімделу қиын болған жоқ па?

– Әрине, қиын болды, бірақ біз көмектестік. Ол өзгерістерге ашық адам, мұндағы өмір ол үшін таңсық болса да, бірте-бірте психологиялық және физикалық тұрғыдан бейімделді.

– Сіздің жұбайыңыз америкалық па? Сіздер қалай таныстыңыздар?

– Біз Қазақстанда таныстық. Екеуіміз бір компанияға бір уақытта келдік, бірге жұмыс істедік. Кейін жақын араласа бастадық. Біз 2009 жылдан бері біргеміз.

– Шетелдік азаматқа тұрмысқа шығудан қорықпадыңыз ба?

– Әрине, қорқынышты болды, өйткені не күтіп тұрғанын білмейсің. Біз Америкаға 8 жыл бұрын көштік.

– Сіздің күйеуіңіз үй шаруасына көмектесе ме?

– Америкада неге бұлай қалыптасқанын білмеймін, мүмкін тарихи алғышарттары бар шығар, бірақ мұнда «әйелдің немесе ер адамның шаруасы» деген ұғым жоқ. Қазақстандағыдай нақты шекаралар белгіленбеген. Менің күйеуім тамақты керемет әзірлейді. Көптеген ер адамдарға бұл ұнайды, олар өздерін әйгілі аспаздардай сезінеді, асүйде эксперимент жасағанды және жаңа рецепттерді сынағанды жақсы көреді. Үй шаруасына келсек, кімнің не істейтіні туралы нақты бөлініс жоқ. Мысалы, күйеуім тазалықпен айналысқанды ұнатпайды, бірақ тамақ әзірлегенді және азық-түлік сатып алғанды жақсы көреді. Мұның бәрі отбасында өзара шешіледі. Әркімнің өмірлік сценарийі әртүрлі, жағдайлары да әртүрлі. Барлығын бір қалыпқа сыйғызу мүмкін емес. Ең бастысы: адамдар бақытты болса, бір-біріне сәйкес келсе, бір толқында болса, бір-біріне қолдау көрсетсе. Отбасы – ол тірек қой.

АЖЫРАСУ ҚЫМБАТҚА ТҮСЕДІ

– Қазақстан ажырасушылар саны бойынша әлемде алғашқы бес елдің қатарында, бұл статистиканы азайтуға не көмектеседі деп ойлайсыз?

– Қазақстанда ажырасу рәсімі өте жеңіл. Ал АҚШ-та ажырасу “құны” – қымбат, адамдар тіпті киімсіз қалуы мүмкін. Адвокаттардың қызмет құны және басқа да шығындар – бұл адамдардың некені сақтап қалуға тырысуының бір себебі. Қазақстанда бұл экономикалық тұрғыдан аса ауыртпалық әкелмейді. Сонымен қатар, отбасындағы әйелдердің рөліне деген көзқарастың өзгеруі және олардың таңдау жасауға құқығына түсіністік таныту да әсер етуде. Ал Америкада бұл мәселеге өте салмақты қарайды, өйткені ажырасу – үлкен шығын.

– Үйлену де қымбат па?

– Үйлену де қымбат – той өткізу арзан тұрмайды, бірақ тіркелу рәсімі қалыпты деңгейде. Адамдар міндеттемелерді қабылдағанда, мұның өте маңызды екенін түсінеді. Егер ажырасу туралы шешім қабылданса, бұл үлкен салдарларға алып келеді – өзіне, отбасына, балаларына. Барлығын мұқият ойланып, өлшеп барып шешім қабылдайды. Себебі олар мұның салдарын түсінеді. Қазақстанда бұл процесс оңайырақ, сондықтан шешімдер тез қабылданады.

ПАСПОРТ ТУРАЛЫ

– Қазір сіз АҚШ азаматысыз ба?

– Иә, АҚШ-та 3-4 жыл тұрғасын, отбасылық жағдайға немесе некеге байланысты азаматтық алуға құқығың бар. Маған бір жыл ішінде мақұлдады, содан кейін мен Қазақстан азаматтығын тапсырдым. Өкінішке қарай, Қазақстан қос азаматтықты мойындамайды.

– Қазақстан азаматтығынан бас тарту қиын болды ма?

– Қиын болды, бірақ бір танысым: «Уайымдама, егер қаласаң, қайта оралып, тұруға рұқсат алуға болады, әрдайым жолдары бар», – деді. Әрине, іштей көк төлқұжатты қимайсың, себебі ол сенің мақтанышың. Оны тапсырғанда, өзіңнің бір бөлігіңді жұлып бергендей боласың. Ол паспортта көп визалар, сенің өмір тарихың бар.

– Қазақстанды сағынасыз ба?

– Сағынамын, бірақ ара-тұра барып тұрамыз. Мұнда бізде диаспора, қауымдастық бар. Бір-бірімізге қолдау көрсетеміз. Бұл тұрғыда жолымыз болды – қазақтар ұйымшыл халық, шетелде бір-бірімізге көмектесіп, араласып, жақын болуға тырысамыз.

Паспорттан бас тарту процесі қалай өтеді?

– Елшілікке өтініш жазасың, бұл – азаматтықтан ерікті түрде бас тарту туралы арнайы шаблон. Кейін жеке куәлігің мен паспортыңды тапсырасың, олар оның көшірмесін алады, азаматтық алғаныңды растайтын құжат жасайды. Мұның бәрін мөрлеп, түбіртек алып, Қазақстанға жібереді. Содан кейін бұл құжаттарды қайта көрмейсің. Құжаттарыңды беру өте өкінішті. Содан кейін миграциялық агенттікте ант қабылдайсың. Жаңа Отаныңа адал болатыныңды, Конституцияға сенетініңді, оның негізгі принциптері мен демократияны ұстанатыныңа уәде бересің. Конституцияға қол қойып, осы сөздерді салтанатты түрде айтасың. Саған сертификат береді.

ПРИНЦИПТЕР МЕН ҚҰНДЫЛЫҚТАР

– Америкалық демократияны қалай сезінесіз?

– Мен Қазақстаннан келдім, бұл ел көпшілік үшін белгісіз. Мен жергілікті халықтан қатты ерекшеленемін, бірақ соған қарамастан, адамдар маған құрметпен қарайды, мені қабылдайды, пікіріммен санасады, мені адам ретінде бағалайды. Бұл демократияның негізгі принциптерінің бірі – тең құқықтар, ресурстарға тең қолжетімділік, әділеттілік және адалдық. Әлемнің қай елінде эмигрант осындай қысқа уақыт ішінде бизнес жасап, үлкен табыс тауып, мансап құрып немесе ғалым бола алады? Мүмкін, бұл тек Америкада ғана. Себебі көптеген елде шетелдіктерге қатысты алдын ала қалыптасқан көзқарас бар. Мысалы, Еуропада тұратын туыстарымның айтуынша, онда 30 жыл өмір сүріп, тілді еркін меңгеріп, заңдарды сақтап, салық төлегеніңе қарамастан, бәрібір өзіңді шетелдік сезінесің.

– Америкада өзіңізді шетелдік сезінбейсіз бе?

– Ішкі жағынан басқа екенімді, шетелдік екенімді сезінемін, бірақ адамдар маған шетелдік ретінде қарамайды. Мұнда өзіңнің ұлттық және этникалық ерекшеліктеріңді айқындап көрсетуге, шыққан тегіңді айтуды қалыпты нәрсе деп қабылдайды. Бұл жерде өзіңді көрсету, ұлттық тамырыңды ұмытпау – қалыпты құбылыс.

НЕГЕ ҚАЗАҚСТАН БАЙ ЕЛ

– Қалай ойлайсыз, Қазақстанға не жетіспейді?

– Қазақстанға не жетіспейтінін айту өте қиын. Ел бай – ресурстар, жер, пайдалы қазбалар бар. Адам капиталы керемет – біз небәрі 20 миллионбыз, бірақ қаншама атақты ғалымдар, музыканттар, саясаткерлер, жазушылар, журналистер бар. Мәдениетіміз бен мұрамыз өте бай. Қазақстанға не кедергі болып тұрғанын білмеймін. Бәлкім, бұл өткеннің сарқыншағы, қазіргі әлемде жұмыс істемейтін ескі жүйелер болар? Ескіше өмір сүруге болады, бірақ өмір өз шарттарын қояды. Егер біз қайта құрылмасақ, жаңа жүйелерді тек қағаз жүзінде емес, шын мәнінде енгізбесек, артта қаламыз. Бізге берілген мүмкіндіктерді ескерсек, бұлай жүре беру және осылай кейін қалу – әділетсіздік сияқты.

– Қалай ойлайсыз, Президент Тоқаев бұны жүзеге асыра ала ма?

– Менің ойымша, ол қабілетті және мұны жасай алады. Ол өте ақылды, білімді адам. Оның айтқан сөздері дұрыс, әрі оны қолдау қажет. Бірақ бір адам, бір тұлға бәрін өзгерте алмайды. Өзгерістер үшін қоғамның қолдауы қажет. Тоқаев – дипломат, көп нәрсені көрген адам, ол бәрін түсінеді және сөз бостандығын, гендерлік теңдікті, ашықтықты, нәсілге қарамастан адамдарға деген әділ қарым-қатынасты жоғары бағалайды. Демократияны негізгі қағида ретінде ұстанады, дін мен білім деңгейіне қарамастан. Егер тең мүмкіндіктер берілсе, әрі қарай оны қалай пайдаланатының тек өзіңе байланысты.

– Сіз әрдайым өз ойыңызды ашық білдіресіз бе? Салдарынан қорықпайсыз ба?

– Әрине, жоқ. Мұнда ешкім қудаламайды немесе қамауға алмайды, бірақ бәрі өркениетті диалог аясында болуы тиіс. Сын айтуға, конструктивті диалог жүргізуге болады. Америкада жүйе адамның ойын еркін білдіруіне мүмкіндік береді, тіпті бұл құпталады, бірақ жеке тұлғаға тиіспей, мәдениетті түрде жеткізу керек.

АЗАМАТТЫҚТЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

– Құжат бойынша сіз АҚШ азаматысыз, ал жан-дүниеңіз ше? Өзіңізді қайсысы ретінде көбірек сезінесіз?

– Мен қазір өзімді аралас адам, мүмкін «қазақ-америкалық» немесе «америкалық қазақ» деп айтар едім. Яғни, «әлем азаматы». Таза қазақпын деп айта алмаймын, себебі басқа елде тұрамын, еріксіз америкалық құндылықтарды, қағидаларды, мінез-құлық нормаларын қабылдайсың. Бірақ өзімді тек америкалық деп те сезіне алмаймын. Менің ойымша, әлем азаматы болу мәртебесінің кереметі дәл осы үйлесімде тұрған секілді.

Сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia YouTube-арнасынан көре аласыз.