Білімге инвестиция: Гарвардқа өз күшімен түскен Әселдің кейсінен нені үйренуге болады

Сымбат Сатыбалдина

АҚШ-та, Гарвард университетінде білім алып жатқан отандасымыз Әсел Амангелдімен сұқбаттасудың сәті түсті. Арыстың жағасында өскен арудың бүгінде құрлық асып, АҚШ-тай алпауыт елге білім іздеп келуі таң қаларлық дүние емес. Бірақ қаршадай қазақ қызының ұлтына деген махаббатына, алға қойған мақсатына жетуге деген талпынысына тамсануға болады. 

- Өзіңіз туралы айтып беріңізші. Қай жердің тумасысыз, отбасыңыз...

- Туған жерім - Арыс қаласы. Кейін 8-ші сыныпқа көшерде, емтихан тапсырып, Шымкетте сол кездері жаңадан ашылған НЗМ-не оқуға түстім. Мектептен соң Астанадағы Назарбаев университетіне түсіп, оқып жүріп, ағылшын тілін үйрететін мектеп аштым. Негізгі мамандығым математика болғанымен, жастарға ағылшын тілін үйретуге ден қойдым. Біраз жыл осы жұмыстармен айналысып, білімімді одан әрі тереңдету мақсатында АҚШ-қа аттандым. 

Әкем - полиция қызметкері, анам - бухгалтер. Көп балалы отбасымыз. Шымкенттегі НЗМ-ге түсіп, жатақханасында тұрып, оқуымды аяқтадым. Мен сол кезде білімнің сапасы туралы көп нәрсеге көзім жетті. Қала мектебі мен ауыл мектебінің айырмашылығы жер мен көктей екенін, қала балаларында сапалы білімге мүмкіндік мол екенін сезіндім. Кейін өскенде ауылдың білімді, талантты балаларына жағдай жасағым келді. Өзіме сондай міндет алдым, миссиямды таптым десем де болады. Қазақстандық білім жүйесінде мектеп бітіруші түлектер ҰБТ тапсырады. Себебі ЖОО-на түсу үшін осындай сынақтан өтуі тиіс. Небір дарынды балалар бар, алайда олар өзі қалаған оқуды емес, ҰБТ нәтижесіне қарап, мамандық таңдайды. 

Менің Гарвардтағы оқып жатқан мамандығым - “Еducation leadership”. Бұл білім саласын тиімді әрі сапалы басқаруды үйрететін, саланы дамытуға себепкер тұлғаларды дайындайтын мамандық. 

- Неліктен “Болашақ” халықаралық бағдарламасы арқылы мемлекеттік грантқа тапсырмадыңыз, білуімше, сіз Гарвардқа өзіңіз түсіпсіз. 

- Иә, менің осында келуіме Гарвард университетінің грант беруі себеп болды. Мен өзімнің ағылшын тілін үйрету мектебімді дамыту мақсатында шетелдік технологияларды, әдістерді іздестіре бастадым. Cол кезде Гарвардтың “Еducation leadership organizations and entrepreneurship” атты бағдарламасына кезіктім. Қазақша айтсақ “Жетекші білім беру ұйымдары және кәсіпкерлік” деп аталады. Бұл білім саласындағы кәсіпті жүргізіп, білім саласындағы ұйымдарды ұйымдастыруды  үйретеді. 

“Болашаққа” екі рет құжат тапсырдым, әңгімелесуден өттім, алайда грант бұйырмады. Оның себебін қазбалап, уақытымды, энергиямды жоғалтқым келмеді. Жолдасыммен ақылдасып, бір жыл қаражат жинап, АҚШ-қа аттанып кеттік. 

- Оқу бітіргесін елге қайтасыз ба, әлде осында қалғыңыз келе ме?

- Әрине, сөзсіз елге қайтамыз. Өйткені оқыған мамандығым бойынша елге қызмет етуім керек. 

- “Болашақпен” түскендердің өзі ебін тауып шетелде қалуға тырысады, сіз оқуға өзіңіз түссеңіз де, елге қайтам деп отырсыз.

- Мен осы күнге сапалы ортада білім алғанымның және тынымсыз еңбегімнің арқасында жеттім. Назарбаев зияткерлік мектебі мен Назарбаев университетіне оқуға түсуім мені одан сайын шабыттандырды. Мектепте жатақханада тұрдым. 5 мезгіл тамағымызды берді. Ата-анама салмақ салмай оқып шықтым. Осындай жағдай жасаған еліме барып, қызмет етуім керек. Жаңа айтқанымдай, елдегі білім саласына жаңа леп әкелгім келеді. 

Қазақстанның білім саласына осындағы профессорларымды шақырғым келеді. Себебі Гарвард тек университет қана емес, ол нетворкиң, яғни коммуникация құралы. АҚШ-та Гарвардта оқу беделді болып саналады. Қазақстанның білім саласына инвестиция салғысы келетін компаниялар бар, бірақ олар біздің елдегі жемқорлық жағдайларын жақсы біледі. Сондықтан аяқ тартып тұрады. 

Менің профессорым оқуды бітіргеннен кейін елге кететінімді естігенде таң қалды. Осында қалмайсың ба деп сұрады. Мен миссиям барын айттым. Қазақстанда да жақсы өмір сүруге болады. Бірақ Қазақстандағы өмірді идеалды қылып көрсеткім келмейді. Кемшілік жетіп жатыр. Еңбекақы аз. Мысалы, менің туған апам дәрігер болып жұмыс істейді. Алатын жалақысы еңбегіне сай емес. Ең көп оқитын медицина қызметкерлері ғой, ал олардың жалақысы аз. Сондықтан жастарға білім ал, ізден деп айтуға ұят. Себебі олар көп ізденіп, бірнеше жыл білім алатын дәрігерлердің жалақысын көріп отыр. Еңбекақы адамның біліміне, кәсібилігіне сай төленуі керек. АҚШ-та ең көп жалақыны хирургтар алады. Сол адамдар, өкінішке қарай, бізде ең аз жалақы алады. 

- Сіздіңше неге бізде адам еңбегі дұрыс бағаланбайды?

- Бұған жемқорлықтың қатысы бар деп ойлаймын. Жүйенің нашарлығы.

- Жүйені өзгерте аламыз ба? 

- Әрине, өзгерте аламыз деп ойлаймын. Ол үшін халық білімді болуы керек. Себебі білімді адам саналы әрекет етеді. Ешкімнен қорықпайды. Оларға манипуляция жасау қиын, алдау қиын. Білім деңгейін көтерсек, өзгертуге мүмкіндік бар. Анам үнемі: “Сенің басыңдағы білімді ешкім алып қоя алмайды” деп айтушы еді. Сол айтқандай, бәрімізді теңестіретін, тіпті оздыратын ол білім. Тағы айтарым, Қазақстанда шет тілдеріне қарағанда, орыс тіліне басымдық береді. Қазір орыстілділердің өзі Америкаға ағылып келіп жатыр. Сондықтан болашақ ағылшын тілінде деп ойлаймын. Орыс тілі Ресейде ғана, қалған елдер орысша сөйлемейді. Фокусты ауыстыратын кез келді. 

- Сұқбат барысында тұрмысқа шыққаныңды айтып қалдың. АҚШ-қа келуіңе отбасың қарсы болған жоқ па? Жолдасың қолдады ма?

- Мен Қызылорданың келінімін. Сәлем салу, т.б. бәрін жасайтын келінмін. Шетелде білім алу туралы ойымды жолдасыма айтқанымда, ол қолдау білдірді. Себебі Гарвардқа түсу кімнің болсын арманы. Ол (жолдасы. - Ред.) жұмысынан бір жылға академиялық демалыс алды. Мұнда, Гарвардтың бір ерекшелігі: оқып жатқан студенттің жұбайы университет жанындағы курстарға тегін қатыса алады. Жолдасым медицина курсын оқып жүр, болашақта оқуға түскісі келеді. Оның негізгі мамандығы - травматолог. 

- Егер жағдайыңыз жақсы болса осында, онда қалуды ойлар ма едіңіз?

- АҚШ-та тұрып жатқанымызға 3 жыл 3 ай болды. Көптеген америкалықтың қолы жетпеген жетістікке жетудеміз. Жақсы ауданда тұрып жатырмыз. Көлік сатып алдық. Тағысын-тағы дегендей. Әрі қарай да жағдайымызды жақсарта беруге болады. Бірақ мұнда қалып, америкалық бір компанияны дамытқанша, елге барып, сол жақты өркендетсем деймін. 

- Қазақстанға қандай өзгеріс керек деп ойлайсыз?

- Мен білім саласын айтар едім, салада еңбек ететін адамдардың білімге деген көзқарасын өзгерту керек деп санаймын. Жалақыны өсіру керек. Істейтін шаруа көп, сырттан тон пішкім келмейді. Барып, етене араласып, жасау керек деп санаймын.