Мәдени мұра – ұлт мәйегі: шебердің бізі – тарихтың ізі

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Астанада қазақтың өткені мен бүгінін жалғап жатқан керемет мекен бар. Сыртынан қарасаң – үй, ішіне кірсең, мұражай болып тұрған осынау орынның иесі, төл өнердің киесі – Берік Әлібай. Ағамыздың саналы ғұмырын сарп етіп жиған, жиыстырған, көпшілігін өз қолымен жасаған бұйымдар көне заманның көзіндей алдыңыздан шығады. Берік Әлібай шебер-зергер, реставратор әрі жәдігер жинаушы азамат. Мұражай-үйде сақ заманынан сақталған, түрік қағанаты кезінде алтынмен апталып, күміспен қақталған талай дүниеге куә боласыз. Ескі алаша-кілем дейсіз бе, қару-жарақ дейсіз бе, әшекей мен тұрмыстық бұйымның неше түрі жинақталған. Мұндағы әр заттың өз тарихы, тағылымы бар. Ағамыздың өзі мұражайға бас сұққан қонақты тарлан тарихтың көзі тірі куәсіндей күлімдеп қарсы алады. Мұның бәрі бір күнде жиналған дүние емес, қырық жылғы ізденістің арқасы дейді Берік Әлібай. Аталған мұражай-үйге Ulysmedia.kz тілшісі арнайы соғып, баға жетпес асыл қазына құндылығымен танысып қайтты.

Мұражайға айналған баспана

Мен бұл үйді әу баста өзіміз тұру үшін салғанмын, - дейді Берік Әлібай. Мұның мұражайға айналарын о кезде білмедім. Ел, жер кезіп жинаған бұйымдарды үйдің әр бұрышынан көруге болатын. Кейбірін көрмелер өткізу үшін жалға да алатынмын. 2017 жылы Астана халықаралық ЭКСПО көрмесін өткізетін болып, миллиондаған саяхатшы келеді деп қарбаласып жатқан шақ еді, сол уақытта үйімді мұражайға айналдырайын деген ой келді. Одан бері мұражай қоры толықты, жүздеген жәдігердің арасында танымал зергер болған Әлібай атамның өз қолымен соққан қару-жарақтары, ұсталар қолданатын бұйымдар да бар.

Қырық жылғы ізденіс

Берік ағамыз бұл жәдігерлерді 40 жылдай уақыт бұрын жинастырып бастаған. Бұған бала кезгі әуестігі себеп болған.

- Менің жәдігерлерді жинап жүргеніме 40 жылдай болды. Менде ешқандай ақшаға сатпайтын бірнеше жәдігер бар. Солардың бірі қызыма арнап тіккен сәукеле дер едім. Бұл отбасылық құндылығымыз. Кейде «әй, осы бұйымды ешкім сатып ала алмасын деп» оларға ең қымбат баға қоямын, - дейді шебер. Жиналған бұйымдар ақшаға шаққанда қанша болатынын анықтау өте қиын. Өйткені кейбірі миллион теңгеге барып қалса, кейбірі одан бірнеше есе қымбат. Бәрін қосса, миллиард теңгеге жуықтап қалар дейді ағамыз. Жәдігерлердің арасында сақ заманының, түрік қағанаты дәуірінің көзі болған кілемдер, әшекейлер мен сирек кездесетін белбеулер бар.

Қолөнер – кәдуілгі зат емес, ұлттық қазына

Б.Әлібайдың айтуынша, зергерлік іс бизнес емес. Ақша келеді, кетеді. Жаныңды салып, көз майыңды тауысып жасаған бұйымдар ғасырларға сақталады. Мен мұны өз балаларыма аманаттаймын, ал олар оны өз балаларына тапсырады. Бұл – ұлттық құндылық.

Қазақстанда тастарды өңдейтін ешбір кәсіпорын жоқтығын қынжыла жеткізген ағамыз керек шикізатты шетелден алдыртатынын айтты.

- Тіпті әшекейдің өзін шетелден алдыртамыз. Өндіріс жоқ, сондықтан көптеген шеберханалар бүгін ашылып, ертең жабылып жатады.

Көне жәдігерлер және жаңғырған қолөнер туындылары

Берік аға ерте заманнан жеткен белбеу, шалма мен мойын орағышты көрсетті. Айтуынша, ол бұларды осы жәдігерлерді көзінің қарашығындай сақтаған бір әулеттен қомақты қаражатқа сатып алған. Бұйымдарды қайта қалпына келтіруге 3,5 млн теңге кеткен.

- Бұл адай руының әшекейлері. Мұны қыз бала 5-6 қатар қылып таққан, жасы өскен сайын олардың саны да азая береді.

Хас шебер мен көшірме

Шеберлер жоқ емес, бірақ оларға өз шеберлігін шыңдауға мүмкіндік аз. Ұзақ уақыт пен мол қаражат керек.  Оның үстіне іргедегі Қытай біздің бұйымдардың көшірмесін жасауды үйреніп алды. Бірақ арзанның аты арзан емес пе, оны кейінгі ұрпаққа мұра ретінде қалдыра алмайды, - дейді Б.Әлібай.

Тойларда бренд саналатын Cartier не Dior-дың алтындарын таққанша, одан да өзіміздің ұлттық бұйымдарымызды таққан әлдеқайда қымбат көрінеді дейді шебер.

Кілем тоқу өнері қалай жойылды

Шебердің айтуынша, Қазақстандағы тоқымашылық өнер өткен ғасырдың 70-жылдарына дейін жақсы дамыған.

- Кейін кілем фабрикалары көптеп ашылып, аталған кәсіп түрі жойылған. Қазір Шымкентте тоқымашылықты жандандыруға талпынып жүрген отбасылар бар, бірақ олар саусақпен санарлық. Түріктер бізге келіп, осы өнерді зерттегісі келді, «Қазақ кілемдері» деген кітап та шығарды. Бірақ әрі қарай істері өрге баспады, - деп еске алады Б.Әлібай.

Атқамінерлерге тартылар тарту

Мұражай-үйде сақталған жәдігерлердің кейбірі елдегі саяси оқиғалармен біте қайнасқан: 1991 жылы президент ұлықтауы алдында әріптестеріммен бірге Назарбаевқа арнайы белдік соққанбыз, - дейді ол.

- Бұл тапсырыспен дайындалған, бірақ оған ақша алмадық. Есесіне аңсаған егемендігімізді алдық, - деп жымияды ол.

Шебер Тоқаевқа сыйлық жасамағанын айтты. Оның айтуынша, Президент өз туған күнін тойламайды, ешқандай сыйлық қабылдамайды.

1944 жылғы бесік

Берік ағамыз атасы Әлібай 1944 жылы өз қолымен жасаған бесікті көрсетті. Бұл әулетіміз үшін құнды жәдігер, - дейді ол.

- Тұңғыш баланы Тоқтар деп атапты, екіншісін – Тоқтасын, үшіншісін Тоқтарбек қойыпты. Бесік менің қолыма тигенде, оның әбден тозып кеткенін көрдім. Бірақ мен оны жөндеп, немерелеріме табыстаймын. Кейде қоқыстан домбыра мен бесікті көргенде жүрегің езіледі.

Шәкірттері мен қолөнердің болашағы хақында

Қызылсай ауылында 30 зергер бар, барлығы Берік ағамыздың шәкірті. Ол күміс туралы стереотиптермен күресіп жүргенін айтты.

- Күміс – пайдалы металл. Күміс әшекей ломбардқа түскен бетте, ол өзін жоғалтады. Себебі оған зергер жанын салады, оны ұрпаққа мұраға қалдырады. Ақтауда тойларда жастарға  атадан мирас болып қалған күміс әшекейді сыйлау, сол арқылы дүниеден өткен марқұмдарды еске алу дәстүрі әлі күнге дейін сақталған, – дейді ол.

Қолдау шаралары

Еліміз тәуелсіздігін алған сәт Берік ағаға қатты әсер еткен.

- Мен «біз Назарбаевпен бірге елді дамытуға үлес қосамыз» деп ойладым.

Реставратордың айтуынша, қазір мәдени құндылықтарды сақтау жөнінде мемлекеттік бағдарламалар дайындалып жатыр десе де, оған өнер адамдары – зергерлер аса сене қоймайды. Өйткені үкімет бұл салаға жете ден қойып отырған жоқ деп санайды. Бұларға зергерлер шетелден қонақ келгенде ғана қажет, дейді Берік Әлібай.

Сұқбаттың толық нұсқасын Ulysmedia-ның YouTube-арнасынан тамашалаңыз.