Бақытжан Базарбек Мәжіліске бірмандатты округтен сайланды. Ол атқарушы билікті қатаң сынға алып, кландық топтармен, құрылыс компанияларымен және шенеуніктермен ашық текетіресіп жүр. Тіпті өзіне қарсы сотқа шағымдар түскен кезде де ұстанымын өзгерткен жоқ.
Ол әрқашан өз пікірін қорғай білді және соңына дейін сынға, қысымға шыдап берді. Бақытжан Базарбек Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраеваға жаңа Конституция, авторитаризм, әлеуметтік кепілдіктерден бас тарту туралы пікірталастар жөнінде көзқарасын білдіріп, демократияның нақты шекарасын түсіндірді. Сондай-ақ Конституцияның қазіргі нұсқасы кері кету емес, билікті бір қолға шоғырландыру дәуірін келместің кемесіне мінгізуге талпыныс екенін атап өтті.
АСЫҒЫСТЫҚ ЕМЕС, ЖЕДЕЛДІК
Жаңа Конституция нұсқасының төңірегінде пікірталас көп. Бірақ осы талқылауларда сіздің үніңіз онша естілмейді. Бұл құжатты қалай бағалайсыз? Бұл алға жылжу ма, әлде кері кету ме?
– Менің жеке пікірім, бұл алға жылжу. Тіпті бір емес, бірнеше қадам. Неге? Өйткені әлем өзгеріп жатыр, халықаралық қатынастар да өзгеруде. Құбылып тұрған дүниеде алдағы үрдістерді болжау барған сайын қиындап келеді. Шын мәнінде, халықаралық құқықтың негіздері мен тетіктері көптеген бағытта іс жүзінде жұмыс істемей қалды. Қазір заң үстемдігінен гөрі күш құқығы жиі басым түсіп отыр.
Сондықтан дәл осындай күрделі кезеңде бізге бірігіп, қоғамды жаңғырту қажет деп санаймын. Ал өзгеріп жатқан әлемде мұны қалай іске асырамыз? Тек Конституция арқылы. Мен қолданыстағы Конституцияның әлеуеті әлі таусылған жоқ деп те айтқанмын. Бірақ, өкінішке қарай, оның нормалары мен шынайы өмірдің арасында үлкен алшақтық пайда болды. Ол қазіргі шындыққа толық сәйкес келмейді. Демек, осы алшақтықты жоюымыз керек, Конституция қарапайым азаматтардың сұранысына жауап беріп, мемлекеттік аппаратты тиімді жұмыс істеуге міндеттеуі тиіс.
Кімді айтып отырсыз?
– Мемлекеттік аппаратқа кімдер кіреді? Президент, жаңа бір палаталы парламент, үкімет, Конституциялық сот, сот жүйесі, құқық қорғау органдары, атқарушы билік - жаңа сын-қатер жағдайында олардың бәрі қайта құрылуы қажет. Басқа жол жоқ. Менің ойымша, жаңа Конституция жобасы еліміздің алдында тұрған негізгі мәселелер мен сын-тегеуріндерді шынайы түрде қамтиды.
Егер міндет соншалық маңызды болса, неге ел үшін іргелі құжат жедел тәртіппен қабылданып жатыр?
– Әлем өте жылдам өзгеріп жатыр, сондықтан шешімдерді де жедел қабылдауға тура келеді. Қоғамдық қатынастардың мазмұны өзгеруде, заңдар да соған дер кезінде жауап беруі тиіс. Мысалы, инвестиция мәселесін алайық. Инвесторлар үшін жаһандық бәсеке жүріп жатыр. Біз бұл жарыста сыртта қалып қоймау үшін тез әрекет етуге міндеттіміз. Бұл - нағыз бәйге. Біз оған тең дәрежеде қатысушы болуымыз керек, сырттан бақылаушы болып қалмауымыз қажет.
ДЕКЛАРАЦИЯ ДӘУІРІ ӨТТІ
Бірақ бұл бәсекеге АҚШ пен Еуропа да қатысып отыр. Соған қарамастан олар Конституцияларын мұндай қарқынмен өзгертпейді.
– Мәселе осында: қолданыстағы Конституция аясында біз көп мүмкіндікті жіберіп алдық. Оның шынайы өмірмен арадағы алшақтық Конституцияның өзі немесе заңдар жаман болғандықтан туған жоқ. Кейбір нормалар өзгерісті талап етті. Жоғары демократиялық мақсаттар, міндеттер, құндылықтар жарияланды, бірақ бұл мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін нақты қорғауға, тиімді мемлекеттік басқаруға және билік жүйесін түбегейлі жаңартуға жеткіліксіз болды.
Біз халықаралық қауымдастыққа ел өзгеріп жатқанын көрсетеміз. Неге бұлай деймін? Өйткені әлем елдің Конституциясына қарап, қандай құндылықтарды ұстанатынын және ішкі қатынастар қалай құрылғанын бағалайды.
Егер Конституцияда жоғары құндылықтар жарияланып қана қоймай, олар іс жүзінде қорғалса, мұндай мемлекетпен өркениетті елдердің бәрі ынтымақтасуға дайын болады. Ал құндылықтар тек қағаз жүзінде қалып, қорғалмаса, бұл мүлде басқа жағдай. Сондықтан жаңа Конституция Қазақстанда жаңа тәртіп, жаңа қатынастар және жаңа құндылықтар қалыптасып келе жатқанының дәлелі.
ҚОҒАМ ҮДЕРІСКЕ ҚОСЫЛДЫ МА?
Қоғамдық кеңістікте жүріп жатқан пікірталасқа көзқарасыңыз қандай?
– Конституция жобасын қазірдің өзінде халықаралық сарапшылар бағалап жатыр, әлеуметтік желілер мен ашық алаңдарда талқылау жүріп жатыр. Бұл – қалыпты үдеріс. Егер талқылау да, сын да болмаса, әлдеқайда жаман болар еді. Керісінше, пікірталастың болуы қоғамның Конституцияны талқылау ісіне белсенді араласқанын көрсетеді.
Демек, біздің басты міндетіміз – осы құжаттың негізгі қағидаларын кең аудиторияға түсіндіру. Кейбір адамдар жекелеген нормаларды толық түсінбей жатады, енді бірі жаңа жобадағы жаңашылдықтарды жеткілікті бағаламайды. Бұл да заңды құбылыс, сондықтан ашық талқылаудың мәні де осында.
Әлеуметтік желілерде жаңа Конституция президентті жауапкершіліктен босатады деген пікір бар. Сіздіңше, ол президентті заңнан жоғары қоя ма?
– Бұл тұжырым дұрыс емес. Себебі президент Конституцияға сәйкес жауап береді. Мәселен, 43-бапта президент өз өкілеттігін жүзеге асыру кезеңінде, мемлекеттік сатқындық жасаған жағдайдан басқа кезде, қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтыны көрсетілген.
Яғни жоба авторлары президенттің жауапкершілік шегі нақты қай жағдайда туындайтынын айқын ажыратқан. Халықаралық құқықта бұл иммунитет институты деп аталады. Бұл – мемлекет басшысына берілетін, әлемде мойындалған құқықтық тетік. Оның мәні – ел басшысының сыртқы қысымсыз, еркін шешім қабылдауына жағдай жасау және сол шешімдер үшін саяси жауапкершілік жүктеу.
Біз президенттің шешімді тәуелсіз қабылдағанын қалаймыз. Бұл өте маңызды. Өйткені сыртқы ықпал оның саясатын әлсіретуге, белгілі бір мүдделерге бейімдеуге немесе үшінші тараптардың пайдасына өзгертуге пайдаланылуы мүмкін.
Бұл ретте әлемдік тәжірибе негізге алынды ма?
– Мысалы, Италия Конституциясының 90-бабында Италия президенті өз өкілеттігін атқару кезінде жасаған әрекеттері үшін, мемлекеттік сатқындықтан басқа жағдайда, қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтыны нақты жазылған. Осындай норма Америка Құрама Штаттары Конституциясында да бар. Ол екінші баптың үшінші бөлімінде көрсетілген.
Яғни бұл – қалыптасқан халықаралық тәжірибе. Мемлекет басшысына иммунитет беріледі, сонымен қатар қылмыстық жауапкершіліктің нақты шегі белгіленеді. Сондықтан «президент ештеңеге жауап бермейді» деген пікір шындыққа сәйкес келмейді. Жаңа Конституция жобасына сай президент мемлекеттік сатқындық үшін қылмыстық жауапқа тартылады. Бұл – халықаралық құқықтағы стандартты тәсіл.
БИЛІКТІҢ АУЫСУЫ – ДЕМОКРАТИЯНЫҢ НЕГІЗІ
Билік вертикалінің күшеюі туралы сынға не дейсіз?
– Ең бастысы, Конституцияда мұндай алаңдаушылыққа жол бермейтін бірнеше маңызды норма бар. Мысалы, сол 43-бап президент өкілеттігінің жеті жылдық мерзімін нақты бекітеді. Оның бірінші тармағында бір адам бұл лауазымды бір реттен артық иелене алмайтыны тікелей көрсетілген.
Яғни негізгі заң деңгейінде біз президенттің тек бір мерзімге – жеті жылға сайланатынын нақты бекіттік. Одан кейін билік ауысады.
Ал биліктің ауысуы – демократияның, әсіресе Батыс елдеріндегі демократияның, басты қағидаларының бірі. Себебі демократия заң үстемдігіне, заң алдында бәрінің теңдігіне және биліктің белгіленген мерзім сайын ауысуына негізделеді. Бұл билікті иеленіп алу мен шоғырландыруға жол бермеу үшін қажет.
Соңғы ондаған жылдағы өз тәжірибемізді жақсы білеміз. Бір адамның есімін бала кезімізден бастап есейген шағымызға дейін естіп келдік. Бұл – биліктің бір қолға әбден шоғырлануы мен байлықты иеленіп алудың көрінісі. Біз соған «жоқ» дедік.
Жаңа модельдің ерекшелігі де осында. Президент екі рет сайлана алмайды, бұл басты айырмашылық.
Салыстыру үшін айтайын: Франция Конституциясының 6-бабына сәйкес, президент қатарынан екі рет бес жылдық мерзімге сайлана алады.
Яғни Франция президенті қатарынан екі рет сайлана алады, бірақ одан артық емес. Германияда да президентті қайта сайлау мүмкіндігі бар, алайда белгілі бір шектеулер қойылған.
Ал бізде «бір адам – бір президенттік мерзім» қағидасы бекітілді. Бұл – саналы түрде қабылданған шешім және билік вертикалін күшейту емес, керісінше оның шектеулі екенін нақтылап, биліктің бір қолға шоғырлануына жол бермеуге бағытталған тетік.
Бұл Қаңтар оқиғаларынан кейін Тоқаевтың жеке бастамасы болды ма?
– Жаңа Конституция арқылы біз президенттік билікті күшейтіп, суперпрезиденттік басқару формасына қайта ораламыз деген пікір жиі айтылады. Бірақ суперпрезиденттік режимдерде мүлде басқа үдерістер жүреді. Ондай жүйеде билік мерзімді «жаңадан бастауға» немесе жасырын тәсілдермен өкілеттікті ұзартуға тырысады. Яғни элита өз президентін мүмкіндігінше ұзақ уақыт билікте ұстап қалуға ұмтылады.
Ал біздегі логика керісінше. Біз нақты әрі ашық айтамыз: президент жеті жылға бір рет сайланады. Жеті жылдан кейін ел жаңа президентті көруі тиіс. Бұл – демократиялық жаңғыру тұрғысынан өте маңызды қадам. Демократия және халықаралық институттармен қарым-қатынас туралы айтқанда, дәл осындай нормалар негізгі дәлелге айналады.
КОНСТИТУЦИЯДАН НЕ АЛЫНЫП ТАСТАЛДЫ?
Мүмкін, бұл да саяси жүйенің жетілгенін көрсететін белгі шығар. Кезінде Назарбаев Конституцияны өзгертіп, Елбасы мәртебесін күшейткенде, әлеуметтік желілер үнсіз еді.
– Біз елеулі қадам жасадық. Біріншіден, Конституциядан «Елбасы» мәртебесі алынып тасталды. Яғни Ата заң белгілі бір тұлғаға тәуелді болудан арылды. Қандай болса да, ол кезең тарихта қалды.
Екіншіден, Конституциядан кландық ықпал алынып тасталды. Енді президенттің туыстары мемлекеттік басқару жүйесінде жоғары лауазымдарды иелене алмайды. Бұл 43-бапта нақты бекітілген.
Сонымен қатар президенттің саяси партияға мүше болуына тыйым салынды. Яғни біз өткеннің қателіктерін ескеріп, бұрын болған тәжірибелерді жоюға тырыстық. Экономика мен саясаттың қаншалық кландық сипатта болғанын жақсы білесіздер: Назарбаевтың туыстары мемлекеттегі негізгі қызметтерді атқарды.
КЕЛІСІМ ЖӘНЕ ТАҒАЙЫНДАУ
Президенттің өз орынбасарын ұсыну құқығына қатысты норма да қызу талқыланды. Депутаттар кандидатураны келісуі тиіс, әйтпесе мандаттан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ президент Құрылтайды тарата алады деген норма бар.
– Мұнда қысым емес, келісу рәсімі бар екенін түсіну маңызды. Бұл – консенсусқа келу үдерісі. Президент кандидатураны ұсынады да, сонымен бәрі бітеді деген сөз емес.
Мысал ретінде қазіргі қолданыстағы норманы алайық. Премьер-министрді немесе министрлерді тағайындау тәртібін қарастырайық.
Мәжіліс фракциялары мен бейінді комитеттер деңгейінде кандидатуралар талқыланады. Әр депутат өз жауапкершілігін түсінеді. Өйткені кандидатура келісілмесе, тиісті сала басшысыз қалады.
Мысалы, шартты түрде Қазақстан Республикасының Конституциялық соты құрамын Құрылтай мақұлдамай қойды делік. Ал азаматтардан өтініштер түсіп жатыр, сот жұмыс істеуі тиіс. Бұл – мемлекеттің қалыпты жұмыс істеу мәселесі. Сондықтан мұндай жағдайда жауапкершілік пен ымыра іздеу тетігі іске қосылады.
Демек, бұл норманы әдейі тосқауыл қою мүмкіндігі ретінде қарастыруға болмай ма?
– Жоқ, мұнда ешқандай саботаж жоқ. Кейбір әріптестерім «президент Құрылтайды өзіне бағындырды, не келісесіңдер, не таратамын деп ультиматум қойды» дейді. Бұл дұрыс емес.
Президенттің Құрылтайды тарату құқығы бар, бірақ оған дейін бірнеше мәрте кандидатуралар ұсынылады. Талқылау өтеді, келісу рәсімдері жүреді, фракциялармен, комитеттермен диалог жасалады. Бірі қолдайды, бірі қарсы болады, бірақ түптің түбінде ортақ шешім табылады.
Онда неге бұл құқықты Конституцияда бекіту қажет?
– Өйткені бірде-бір маңызды сала тоқтап қалмауы тиіс. Айталық, Құрылтай Жоғарғы сот төрағасының кандидатурасын мақұлдамай қойды делік. Сонда сот жүйесі басшысыз қалады. Ол қалай жұмыс істемек? Дәл осындай жағдай Жоғары аудиторлық палатамен де болуы мүмкін. Егер төраға мен мүшелер бекітілмесе, орган өз функцияларын орындай алмайды.
Неге бұл лауазымдарды парламенттің өзіне бермеске?
– Жоқ. Жоғары аудиторлық палата төрағасын, Орталық сайлау комиссиясының басшысын және мүшелерін, Жоғарғы сот төрағасын және өзге де жоғары лауазымды тұлғаларды келісу тәртібі кездейсоқ енгізілген жоқ. Бұрын бұл президенттің құзыретінде болды. Кейін бұл өкілеттіктер Сенаттың келісуіне берілді. Енді Сенат таратылып, бір палаталы парламентке көшкеннен кейін, бұл өкілеттіктер іс жүзінде Құрылтайға берілді.
Яғни жаңа Конституция қабылданса, Құрылтайдың құзыреті азаймайды, керісінше артады.
Мысалы, егер министр өз міндетін атқармаса, жұмысын дұрыс жүргізбесе немесе Құрылтай қабылдаған заңдардың орындалуын елемесе, депутаттар оған сенімсіздік білдіріп, президенттің алдына қызметінен босату мәселесін қоя алады.
Қолданыстағы Конституцияда мұндай норма болмаған ба?
– Норма бар, бірақ ол тым күрделі рәсімдерге байланған: жалпы депутаттардың үштен екісінің дауысы қажет. Қазір біз рәсімдік тетіктерді жеңілдеттік, яғни үкімет мүшелерінің жауапкершілігін күшейтіп, оларды қызметтен босатудың нақты механизмдерін кеңейттік. Бұл – тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі. Заң шығарушы билік, яғни жоғары өкілді орган, өзі қабылдаған заңдардың орындалуын парламенттік бақылау арқылы қадағалайды. Сондықтан жалпы алғанда, біз дұрыс бағытта келе жатырмыз деп есептеймін.
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ – ТРАМПЛИН
Президенттікке үміткерлерге қойылатын тағы бір талап – кемінде бес жыл мемлекеттік қызмет өтілінің болуы. Сіздіңше, бұл азаматтардың құқығын шектеу ме, әлде белгілі бір тосқауыл ма? Сізде бес жылдық мемлекеттік қызмет өтілі жоқ қой.
– Үш жыл. Мемлекетшіл адам ретінде жауап берейін. Бұл шектеу емес, халықаралық тәжірибе. Мұндай талаптар Америка Құрама Штаттарында, Сингапурда, сондай-ақ Еуропа одағы елдерінде бар.
Президенттікке үміткер Қазақстан Республикасының жоғары лауазымды тұлғасы болуға лайық басқару дағдыларына ие болуы тиіс. Бес жыл – ең төменгі межe. Осы уақыт ішінде адам мемлекеттік басқару жүйесін, билік тармақтарының өкілеттігін, мемлекеттік құрылымды түсінетін деңгейге жетеді. Ол қабылдайтын шешімдерінің салдарын сезіне алады.
Ал бизнес ашып, мыңдаған жұмыс орнын ашып жүрген адамдар ше? Олар жауапсыз ба? Олар мемлекетшіл емес пе?
– Мен бес жыл мемлекеттік қызмет өтілі жоқ кәсіпкерлер ел басқара алмайды деп отырған жоқпын. Бірақ бір маңызды жайт бар. Мемлекеттік қызмет – бұл мектеп. Егер, мысалы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы туралы айтсақ, онда кәсіпкердің мұндай құрылымды басқаруы орынды дер едім.
Алайда біз ел президенті туралы айтып отырмыз. Бұл – ең жоғары мемлекеттік лауазым. Президент – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің кепілі, елдегі заңдылықтың сақталуына жауапты тұлға. Ол мемлекеттік басқарудың барлық қыр-сырын меңгеруі тиіс.
Ірі холдингті басқару тәжірибесі мемлекетті басқаруда автоматты түрде қабілетті қылып жібереді деген сөз емес. Мұнда мәселе қызмет саласында емес, билік тармақтарының арасындағы төрелік рөлді атқарып, күрделі мемлекеттік жүйені үйлестіре білуде.
Бірақ мәтінде бес жылдық өтіл міндетті түрде басшылық лауазымда болуы керек деп жазылмаған. Демек, шартты түрде министрлікте тоғыздан алтыға дейін жұмыс істеп, хат дайындап, үйіне қайтатын 45 жастағы маман да формалды түрде үміткер бола алады ғой?
– Әңгіме жалпы мемлекеттік қызмет туралы болып отыр. Адам маман болып бастап, кейін департамент басшысы, комитет төрағасы, вице-министр бола алады және мұның бәрі мемлекеттік қызметке жатады. Ол бір ғана нақты лауазыммен шектелмейді.
Тағы бір маңызды мәселе бар. Неліктен бес жылдық мемлекеттік қызмет өтілі талап ретінде енгізілді? Бұл – сүзгі іспетті тетік. Мұндай жоғары лауазымға кездейсоқ адамдардың келуіне жол бермеу үшін қажет. Өкінішке қарай, мемлекеттік басқару жүйесіне кездейсоқ немесе өзге мүддені көздейтін адамдар да еніп жатады. Ал мемлекеттік қызметтің өзі тиісті заң талаптарына сай болуды міндеттейді.
Мемлекеттік қызмет адамды өзгертеді ме?
– Мысалы, төрт жыл бұрынғы Бақытжан Базарбек пен 2026 жылғы Бақытжан Базарбек – екі бөлек адам. Ол кезде мен мемлекетшіл адам емес едім. Соттардағы заңбұзушылықтарды көріп, сот төрағасынан бастап Жоғарғы сот төрағасына дейін бәрін айыптай алатынмын. Әкімдердің жұмысындағы кемшіліктерді де ашық айтатынмын. Бірақ сөзімнің салдарын толық сезінбейтінмін.
Ондай мәлімдемелер сот жүйесіне, атқарушы билікке теріс әсер етуі, сот билігінің беделін әлсіретуі мүмкін екенін ойламадым. Қазір айырмашылық неде? Депутат ретінде, мемлекеттік билік өкілі әрі заң шығару бастамасы құқығына ие адам ретінде мен кез келген сыным нақты адамдардың тағдырына ғана емес, тұтас сот жүйесінің, атқарушы биліктің, құқық қорғау органдарының беделіне ықпал етуі мүмкін екенін түсінемін.
Мемлекетшіл адам – мемлекет мүддесі тұрғысынан ойлайтын тұлға. Ол сын айтса да, қоғам алдындағы сенім мен институттардың абыройына нұқсан келтіретін шектен аспайды. Ондай адамда жауапкершілік сезімі, талдамалық ойлау қабілеті, бірнеше қадам алға болжап әрекет ету дағдысы қалыптасады.
Ол институттардың беделін нығайтатын тетіктерді іздейді. Өйткені бәрімізге мықты сот жүйесі, пәрменді прокуратура, заңды орындайтын әкімдер мен министрлер қажет. Бұған бәріміз мүдделіміз.
Жоғары аудиторлық палатаның, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қорытындылары – мұның бәрі өте ұқыпты қарауды талап етеді. Сын айтқанда оның кейде күйретуші әсері болуы мүмкін екенін ескеруіміз керек. Сондықтан мемлекеттік қызмет – үлкен мектеп. Ол көп нәрсеге үйретеді.
МИТИНГІЛЕР ЖОЙЫЛДЫ МА?
Тағы бір өзекті мәселе – митингілер, шерулер, пикеттер туралы. Жаңа Конституцияда «бейбіт жиналыстар» деген термин ғана қалды. Азаматтық қоғам мен белсенділер мұны құқықтарға соққы деп бағалап отыр. Заңгер ретінде сіз бұл норманы қалай түсіндіресіз?
– Мен бұған таза құқықтық тұрғыдан қараймын. Иә, Конституция мәтінінен «митинг», «пикет», «демонстрация» деген сөздер алынып тасталды. Бірақ «бейбіт жиналыстар» ұғымы сақталды. Неге? Өйткені бұл – халықаралық құқықтағы қалыптасқан тәсіл.
1966 жылғы 16 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының №2200 қарарымен қабылданған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт бар. Оның 21-бабында әр азаматтың бейбіт жиналыс өткізу құқығы нақты көрсетілген.
Сонымен бірге кез келген елдің заңнамасы бұл құқыққа белгілі бір шектеулер қоя алады – тек мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздік, өзге азаматтардың, балалардың құқықтарын қорғау, қоғамдық тәртіп пен мораль талаптары үшін. Бұл – әлем елдерінің басым бөлігі ратификациялаған халықаралық либералдық құжат. Біз де оны орындауға міндеттіміз.
Бірақ, мысалы, Америка Құрама Штаттарында пикеттер қалыпты құбылыс қой?
– Иә, бірақ онда да ешкім АҚШ Конституциясында «митинг», «пикет», «демонстрация» деген сөздер неге жоқ деп сұрамайды. Өйткені олардың бәрі халықаралық құқықтағы «бейбіт жиналыстар» деген кең ұғымның аясында қамтылған. Біз де осы пакт талаптарын сақтауға міндеттіміз.
Билікті сынауға тыйым салынған жоқ. Негіз болса – сынаңыз. Бірақ мемлекет мемлекеттік қауіпсіздікке, конституциялық құрылысқа қатер төндіретін, жаппай тәртіпсіздік пен зорлық-зомбылыққа әкелуі мүмкін әрекеттердің алдын алуға міндетті.
Егер жиналыстар мемлекеттің негізін әлсіретуге, азаматтардың немесе балалардың құқықтарын шектеуге бағытталса, мемлекет шектеу енгізе алады. Бұл қалыпты тәжірибе. Мысалы, Германия Конституциясының 8-бабында әрбір немістің жиналыс өткізу құқығы бар екені жазылған, бірақ ол заңмен шектелуі мүмкін деп көрсетілген.
Митингілер, шерулер, пикеттер жоғалып кеткен жоқ – олар тек кеңірек құқықтық ұғымға біріктірілді.
САУАЛНАМАЛАР ЖӘНЕ ОБЪЕКТИВТІЛІК
Ал сайлау мен референдумға қатысты сауалнамалар жүргізуге тыйым салу жөнінде не айтасыз?
– Біріншіден, пікір білдіру еркіндігі шектелген жоқ. Facebook, Instagram, TikTok немесе Threads желілерін ашып қараңыз, билікке қатысты өте ашық, кейде тым өткір сын жазылады, бірақ ешкім бұғаттап жатқан жоқ.
Яғни сөз бостандығын ешкім шектеген жоқ. Әңгіме әлеуметтік сауалнамалар туралы. Оларды кез келген адам өткізе алмайды, мұндай зерттеуді аккредиттелген ұйымдар ғана жүргізуі тиіс. Бұл талап заң деңгейінде бекітілуі қажет.
Блогерлерде мұндай құзырет бар ма? Сауалнама жүргізу үшін белгілі бір әдіснама, қоғам көңіл-күйін, электоралдық таңдауды талдайтын алгоритм қажет. Мысалы, мен өз жазылушыларыма сұрақты өзіме тиімді болатындай етіп құрастыра аламын. Сонда жауап та мен қалаған бағытта шығады. Мұндай сауалнама объективті бола ма? Жоқ.
Мен заңгер ретінде әлеуметтік зерттеу жүргізуге уәкілеттімін бе? Жоқ, мен мемлекеттік органдардан аккредитация алған емеспін. Онда қандай негізбен оны өткіземін? Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп отырмыз, бізде заң үстемдігі қағидасы бар. Аккредитация алу тәртібі нормативтік-құқықтық актілерде нақты көрсетілген. Онда күрделі ештеңе жоқ: рәсімнен өтіп, рұқсат ал, сонда ешкім шектемейді.
Егер осындай деңгейде заңды елемейтін болсақ, онда заң үстемдігіне өзіміз күмән келтіреміз. Ал біздің мемлекет дәл осы қағидаға сүйеніп өмір сүреді. Біз не осы жолмен жүреміз, не заңды ысырып қойып, «бәрін бейберекет істейік» дейміз.
ӘЛЕУМЕТТІК КЕПІЛДІКТЕР
Жаңа жобада медицина мен білімге қатысты нормалардан «тегін» деген сөз алынып тасталған. Қарапайым халық арасында бұл алаңдаушылық тудырып отырғанын байқадыңыз ба?
– Тегін білім «Білім туралы» заңның 53-бабында кепілдендірілген. Конституцияда Қазақстан өзін құқықтық, әлеуметтік, зайырлы мемлекет ретінде орнықтырады деп жазылған. Әлеуметтік мемлекет дегеніміз не? Бұл – зейнеткерлерді, студенттерді, балаларды, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында қолдауға бағытталған мемлекет.
Мемлекет әлеуметтік міндеттемелерін орындауға тиіс, бұдан қашып құтыла алмаймыз. «Тегін» ұғымы жойылып жатқан жоқ, ол сақталады. Біз тек гранттар мен денсаулық сақтау жүйесін құқықтық тұрғыдан нақтылап отырмыз. Денсаулық сақтау саласына миллиардтаған қаражат бөлінеді: азаматтар үшін бұл қызмет тегін, бірақ бюджеттен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі арқылы қаржыландырылады.
Бұдан бөлек, заң жобасы аясында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кірмеген адамдарды, яғни жұмыссыздарды және басқа санаттарды қамту үшін бірқатар түзетулер енгіздік. Яғни тегін көмек алатын адамдар саны артып отыр. Конституциядан сөздің алынып тасталуы тегін медицина мен білім толық жойылады дегенді білдірмейді, бұл нормалар заңдар деңгейінде бекітілген.
Еңбек құқығы бөлімінде «жыл сайынғы демалыс» деген сөз алынып тасталған. Бұл немен байланысты?
– Бұл да құқықтық сәйкестендіру деп ойлаймын. Бізде демалыстың қанша түрі бар? Жыл сайынғы ақылы демалыстан бөлек, әлеуметтік демалыс, жүктілік пен босану демалысы, бала күтіміне байланысты демалыс бар – бұлардың бәрі кепілдендірілген.
Бұрын Конституцияда тек жыл сайынғы ақылы демалыс реттелген еді. Академиялық, оқу демалысы сияқты түрлер қамтылмаған. «Жыл сайынғы» деген сөзді алып тастау арқылы біз Еңбек кодексінің 89-99-баптарында барлық демалыс түрлерінің кепілдігін нақты бекіттік. Яғни бұл ұғымды тарылтып отырған жоқпыз, керісінше кеңейтіп отырмыз.
ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ БІРІНШІ ОРЫНДА
Жаңа нұсқада халықаралық шарттардың ұлттық заңнамадан басымдығы азайғаны айтылып жүр. Бір жағынан БҰҰ пактілеріне сілтеме жасайсыздар, екінші жағынан халықаралық ұйымдардың басымдығын төмендетеміз дейсіздер. Бұл қайшылық тудырмай ма?
– Парламент ратификациялаған халықаралық шарттар ұлттық заңнамадан жоғары тұрады: олар заңдардан жоғары, бірақ Конституциядан төмен. Бұл қағида жаңа редакцияда да сақталған. Әңгіме екіжақты халықаралық келісімдер туралы болып отыр.
Бізде он-жиырма жыл бұрын жасалған келісімдер бар. Қандай жағдайда жасалғанын нақты білмейміз. Кейбір келісімдерді орындау ұлттық мүддеге қайшы келуі мүмкін. Мысалы, тоқсаныншы жылдары жасалған трансшекаралық су ағындары жөніндегі келісімдерге қатысты мен бірнеше рет күмән келтірдім, себебі олардың жүзеге асырылуы бізге зиян келтіруі ықтимал.
Осындай жағдайда Қазақстан ұлттық қауіпсіздік мүддесі үшін халықаралық келісімді орындамау құқығын өзінде қалдырады. Бұрынғы кезеңде олар тиімді болған шығар, бірақ қазір жағдай өзгерді. Сондықтан біз мұндай келісімдерді заңдармен байланыстырып, қажет болса, орындалуына мораторий енгізу мүмкіндігін қарастырдық. Бірінші орынға ұлттық мүдде қойылуы тиіс.
Бұл Қазақстанға халықаралық субъект ретінде сенімге нұқсан келтіреді деген сөз емес. Біз қосылған барлық халықаралық конвенцияларды орындаймыз: Азаматтық және саяси құқықтар туралы пактіні де, басқа да құжаттарды. Әңгіме сүзгіден өткізілуі тиіс екіжақты келісімдер туралы болып отыр.
КӨҢІЛГЕ ТИЕТІН МӘЛІМДЕМЕ
Көптеген сарапшылар жаңа Конституция авторитарлық модельді күшейтеді деп жазады. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?
– Әрине, келіспеймін. Бұл – көңілге тиетін тұжырым. Мысалы, 60-бапты алайық: бұрын заң шығару бастамасы құқығы үкімет пен парламентке ғана тиесілі еді. Қазір бұл құқық президентке, үкіметке, Құрылтайға және Халық кеңесіне беріліп отыр.
Халық кеңесі – жаңа институт. Оның құрамына Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, қоғамдық кеңестер, мәслихаттар, белсенді азаматтар кіреді. Олар парламент қашан заң қабылдайды деп күтпей-ақ, өздері бастама көтере алады. Заң шығару үдерісі бізде онсыз да күрделі: екі оқылым, кейін Сенат кері қайтара алатын. Ал қоғамдық қатынастар күтіп тұрмайды. Мысалы, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі. Мұндай жағдайда заң жедел қабылданып, тез күшіне енуі тиіс.
Бір палаталы парламентке көшкен соң заң қабылдау мерзімі қысқарады. Сонымен бірге қоғам Халық кеңесі арқылы заң жобасына өзі бастама көтеріп, Құрылтай қарауына енгізе алады. Мен Халық кеңесінде азаматтық қоғам өкілдерін, өзін-өзі реттейтін ұйымдарды, қауымдастықтарды, мәслихаттарды көргім келеді. Бұл – мемлекетке тәуелсіз, қоғамдық пікір көшбасшылары. Олар өз өкілдерін ұсына алады.
Бұл міндетті түрде депутаттар немесе мемлекеттік қызметшілер болуы шарт емес, оларға мемлекеттік қызметтің қатаң шектеулері жүрмейді. Олар заң жобасын еркін талқылап, ұсына алады. Бұл – демократияландыруға жасалған елеулі қадам. Халық кеңесі үкімет пен Құрылтайға ықпал ететін алаңға айналады. 61-бапқа сәйкес, олар заң шығару бастамасы құқығына ие болғандықтан, біз олардың ұсынған жобаларын елемей кете алмаймыз.
Мұның қай жері авторитаризм? Авторитарлық жүйеде әдетте мерзімдер алынып тасталады, президенттің билікте болу уақыты ұзартылады. Авторитаризмде туыстардың билікке келуіне жол ашылады. Ал бізде, керісінше, мұның бәрі алынып тасталды. Біз халықаралық демократияның негізгі қағидаттарына – заң үстемдігі мен биліктің ауысуына сүйеніп отырмыз. Әр жеті жыл сайын жаңа президент болады. Жоғарғы билікті иеленіп алу мен шоғырландыруды болдырмауға берік негіз қалап отырмыз.
Болашақта жаңа президент Конституцияны қайта өзгертіп жіберуі мүмкін бе?
– Біз қазір кепілдіктерді күшейттік және әлемге өзгергенімізді көрсетуіміз керек. Бұрын билік бір отбасының қолында шоғырланған ел едік, енді әр жеті жыл сайын билік ауысатын мемлекетке айналып жатырмыз.
Президент енді Құрылтайды жасақтауға қатыспайды. Бұрын Сенат депутаттарының бір бөлігін президент тағайындайтын, енді мұндай болмайды. Құрылтай дербес қалыптасады. Әдетте билікті иеленіп алу бір адамның мүддесіне қызмет етеді, ал бізде, керісінше, президент өкілетін шектейтін институттар құрылуда. Сондықтан авторитаризм туралы айтуға негіз көріп тұрғаным жоқ.
БАЗАРБЕКТІҢ ЖОСПАРЫ
15 наурызда референдум өтеді. Егер қазақстандықтар Конституцияны қолдаса, парламент депутаттарының өкілеті тоқтайды. Сіздің жоспарыңыз қандай? Жаңа партия құрасыз ба?
– Партия құру жоспарымда жоқ. Өтпелі ережелерде қазіргі парламенттің өкілеттігі 2026 жылғы 1 шілдеге дейін сақталатыны көрсетілген. Яғни осы мерзімге дейін жұмыс істеуге мүмкіндік бар.
Одан кейін аздап демалып, жаңа саяси маусымға кандидат ретінде кірісуді ойлап отырмын. Шілде айының соңында қай саяси күштің құрамында болатынымды анықтаймын. Қазір маған үш саяси күштен ұсыныс түсіп жатыр, бірақ нақты шешімді 1 шілдеден кейін қабылдаймын.
Мемлекеттік қызмет өтілін толтырып, болашақта президенттікке түсу жоспарыңыз бар ма? Бұл сұрақ сізді алаңдатпай ма?
– Мен бұған басқаша қараймын. Қазір менде депутаттық мандат бар, ең басты мақсатым – оны лайықты аяқтау. Халық мүддесіне сай қабылданған түзетулермен, жер және құрылыс мәселелеріндегі тексерулермен, бюджет қаржысын жымқыру деректерін әшкерелеумен, шынайы парламенттік бақылаумен аяқтасам деймін. Жазда сайлау науқаны басталғанда қай саяси күшпен бірге болатынымды шешемін.
Сіздің атыңызды көпшілік біледі. Егер партия құрсаңыз, сізге көп адам қосылар еді.
– Қазір менің басты міндетім – адамдарға осы Конституцияның құндылығын түсіндіру. Пікірталастар мен сын уақыт өте басылады, ал Конституция қалады. Біз де, балаларымыз да осы құжат бойынша өмір сүреміз, ел осы негізде дамиды.
Дәл осы Конституция Халық кеңесі арқылы азаматтық қоғамға басқару ісіне қатысуға мүмкіндік береді. Біз тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін құрып отырмыз. Құжатта заманауи сын-қатерлер де көрініс тапқан. Ол: цифрлық активтер, кибералаяқтықпен күрес. Сонымен қатар адвокаттар қауымдастығының мәртебесі Ата заңда бекітілді.
Бес жылдан кейінгі Бақытжан Базарбек қандай болады?
– Бес жылдан кейін Базарбек заң қабылдаудан бастап оның орындалуын бақылауға дейінгі барлық үдерістерге ықпал ететін беделді парламентарий болады. Оның қызметінің арқасында заң үстемдігі сөз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асады.
Сұқбаттың толық нұсқасын Ulysmedia YouTube арнасынан көре аласыздар.