Соғыс, ядролық бағдарлама және Орталық Азия: Израиль өз ұстанымын түсіндірді

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Таяу Шығыс қазір астан-кестең. Иранға жасалған соққылар, Ливан бағыты, Тегеранның ядролық бағдарламасындағы «қызыл батырма» жайында әлем көбірек білгісі келеді. Оларға не үшін осындай соғыс болып жатыр, ол қашан аяқталады дегеннің де жауабын кім айтады?

Ulysmedia.kz сауалдарына Израиль мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы (сондай-ақ Қырғыз Республикасындағы) елшісі Йоав Быстрицкий жауап беруге келісті. Эксклюзивті сұхбатында ол Ирандағы режимнің ауысу ықтималдығы, өңірлік кең ауқымды эскалация мүмкіндігі және бұл жағдайда Қазақстан қандай рөл атқара алатыны туралы айтты.

РЕЖИМНІҢ АУЫСУЫ ЖӘНЕ ӨҢІРГЕ ӘСЕРІ

Соңғы оқиғалардан кейін Израиль Тегеранда режим ауысатынына қаншалықты сенімді? 

– Негізгі мақсат – режим ауыстыру емес, әскери және ядролық қатерді жою. Алайда режимнің репрессиялық және әскери мүмкіндіктерінің әлсіреуі иран халқының өз саяси болашағын өзі айқындауына жағдай жасауы мүмкін. Қазіргі режим өңірдегі тұрақсыздықтың негізгі себептерінің бірі ретінде қарастырылады.

Режим ауысуы ресми стратегиялық мақсат па, әлде негізгі назар әскери қатерді бейтараптандыруға аударылған ба?

– Ресми мақсат – ядролық және зымырандық қатерді бейтараптандыру. Иран Израиль үшін экзистенциялық қауіп саналады, ал оның басшылығы бірнеше рет Израильді жер бетінен жойып жіберуге үндеген. Сондықтан ядролық қару жасауға жол бермеу және әскери инфрақұрылымды жою – басты басымдық. Егер саяси өзгерістер болса, ол Иранның ішкі процестеріне байланысты болады.

Егер Иранда саяси өзгерістер орын алса, бұл өңірге қалай әсер етеді?

– Таяу Шығыстағы тұрақсыздықтың негізгі қозғаушы күші деп саналатын режимнің әлсіреуі немесе жойылуы күштер теңгерімін айтарлықтай өзгертуі мүмкін. Прокси-соғыстардың азаюы және зымыран технологияларының таралуының шектелуі өңірдегі тұрақтылықты нығайтып, қалыпқа келу процесіне жол ашуы ықтимал.

Қақтығыстың ұлғаю қаупі бар ма?

– Мұндай қауіп бар. Режимнің әрекеттерін ескерсек, азаматтық нысандар мен маңызды инфрақұрылымға қасақана зымыран соққылары жасалғанын дәлелдейтін деректер бар. Мұндай әрекеттер тек зиян келтіру ғана емес, басқа мемлекеттерді де қақтығысқа тартуға бағытталғандай көрінеді. Сонымен бірге Израильді жоюға ашық шақыратын режимнің ядролық және зымыран әлеуетінің күшеюіне жол беру әлдеқайда күрделі әрі ұзақ мерзімді қауіпті болар еді.

Ирандағы оқиғалар өңірден тыс жерлердегі, соның ішінде Орталық Азиядағы тұрақтылыққа әсер етуі мүмкін бе?

– Иә. Иранның зымыран бағдарламалары, прокси желілері және идеологиялық ұстанымы Таяу Шығыстан тыс аймақтарға да ықпал етеді. Егер Иран ядролық қаруға ие болса немесе стратегиялық тұрғыда «қол сұғылмайтын» деңгейге жетсе, бұл көрші өңірлердің, соның ішінде Орталық Азияның геосаяси есептеріне әсер етеді.

ЯДРОЛЫҚ ФАКТОР ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІК

Неге Израиль «қызыл батырма» басылатын уақыт жақындап қалды деп есептейді?

– Қазірдің өзінде Иран ядролық қаруға өте жақын тұрған мемлекет ретінде қарастырылады. Қауіп ядролық және зымыран инфрақұрылымының жедел жер астына көшірілуінде. Бұл нысандарды бақылаудан шығарып, оларды пайдалануға тосқауыл қоюды қиындатуы мүмкін. Техникалық тұрғыдан әрекет ету мүмкіндігі азайып бара жатқандықтан, жағдай шұғыл сипат алып отыр.

Егер дипломатиялық құралдар әсер етпесе, онда басқа қандай сценарий бар?

– Дипломаттар барын салды, алайда келіссөздер бір мезгілде әскери мүмкіндіктерді дамытуға уақыт ұту құралы ретінде бағаланды. Егер дипломатиялық механизмдер қару жасауға тосқауыл қоя алмаса, әсіресе Израильді жоюға ашық шақырулар жағдайында, алдын ала әрекет ету стратегиялық нұсқаға айналады.

Халықаралық деңгейде жағдайды тұрақтандыруға қабілетті шынайы мониторинг тетіктері бар ма?

– Мониторинг тетіктері тек ашықтық пен қабылданған міндеттемелердің сақталуы болған жағдайда ғана тиімді жұмыс істейді. Инфрақұрылымды анықтау мүмкіндігінен тыс аймақтарға көшіру верификация жүйелерін елеулі түрде әлсіретеді. 

ЛИВАН ЖӘНЕ «ХЕЗБОЛЛА»

Ливандағы басты мақсат «Хезболланың» инфрақұрылымын жою ма?

– «Хезболла» Иранның өңірлік әскери құрылымының ажырамас бөлігі ретінде қарастырылады. Оның әскери инфрақұрылымын жою бейбіт тұрғындарға түсетін қысымды азайту үшін қажет. Соңғы айларда Ираннан «Хезболлаға» айтарлықтай қаржылай аударымдар жасалғаны туралы барлау деректері бар. Бұл ұйымның Иран стратегиясындағы негізгі құрал екенін көрсетеді. Мұндай қаржыландыру арналарының жабылуы оның мүмкіндіктерін әлсіретудің бір жолы ретінде қарастырылады.

Оңтүстік Ливандағы әскери қатысу уақытша ма, әлде ұзақ мерзімді ме?

– Қауіпсіздік үшін жасалған шаралар ғой. Ұзақ мерзімді аумақтық мақсаттар жарияланған жоқ, басты назар – бейбіт тұрғындарға төнетін қатерді азайту.

«Хезболла» Иранның әскери қысым жасаудағы негізгі құралы болып қала ма?

– «Хезболла» Иранның стратегиялық мақсаттарына сай әрекет ететін алдыңғы шептегі құрал ретінде жұмыс істейді. Израиль үшін оның зымыран әлеуеті адамзат құндылықтарды күйретуге бағытталған қауіппен пара-пар.

Өңірлік кең ауқымды эскалация қаупі бар ма?

– Мұндай қауіп бар. Бірақ негізгі қағида – күш арқылы тежеу. Яғни қатерлерді ертерек бейтараптандыру арқылы ірі қақтығыстың алдын алу.

АҚШ-ТЫҢ РӨЛІ ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҮЙЛЕСТІРУ

Әрекеттер АҚШ-пен қаншалықты синхронды жүруде?

– Үйлестіру стратегиялық келісуді, барлау саласындағы ынтымақтастықты және операциялық синхрондауды қамтиды. Иранның ядролық қаруға ие болуына жол бермеу ортақ стратегиялық мақсат ретінде қарастырылады.

Батыстың ұстанымы қаншалықты біртұтас?

– Тактикалық айырмашылықтар болуы мүмкін, бірақ ядролық қарудың таралу қаупі мен өңірлік тұрақсыздық мәселесінде ортақ түсінік бар. Иранның Израильді жоюға шақыруы және АҚШ-қа қарсы дұшпандық риторикасы бұл көзқарасты күшейтеді.

Өңір ірі соғысқа жақындап қалды ма, әлде оны тежеу мүмкін бе?

– Негізгі мақсат – кең ауқымды соғыстың алдын алу. Басшылыққа алынатын қағида – «күш көрсетсең де, бейбітшілікке қол жеткіз». Сенімді тежеу ұзақ мерзімді өңірлік қарсыласудың алдын алу құралы ретінде қарастырылады.

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ

Израиль Қазақстанның өңірлік тұрақтылықты сақтаудағы рөлін қалай бағалайды?

– Қазақстанның көпвекторлы дипломатиясы және ядролық қаруды таратпауға басымдық беруі оған стратегиялық тұрақтылық мәселелерінде абырой әкеледі. Халықаралық нормаларды қолдайтын мемлекеттер жалпы қауіпсіздік архитектурасына үлес қосады.

Қазақстан дипломатиялық алаң бола ала ма?

– Қазақстан бұған дейін диалог алаңы ретінде өзін танытқан. Ашықтыққа, ядролық қаруды таратпауға және тұрақтылыққа ықпал ететін кез келген платформа конструктивті деп қарастырылады.

Орталық Азия елдері геосаяси тепе-теңдік факторы ретінде қарастырыла ма?

– Орталық Азиядағы тұрақтылық бүкіл Еуразиядағы теңгерімге ықпал етеді. Егер Иран ядролық қаруға ие болса, бұл көрші өңірлердің қауіпсіздік параметрлерін өзгертер еді.

Эскалация Қазақстанмен екіжақты қатынастарға қалай әсер етеді?

– Екіжақты қатынастар диалог пен ортақ мүдделерге негізделген. Тұрақтылық пен ядролық қаруды таратпауға қатысты ортақ алаңдаушылық ынтымақтастықты жалғастыруға негіз болады.

Бұл сұхбат арқылы қазақстандық қоғамға қандай ой жеткізгіңіз келеді?

– Израиль экзистенциялық қауіпке қарсы тұр. Иран режимі радикал ретінде қарастырылады: ол Израильді жоюға ашық шақырып, ешқандай «қызыл сызықтарды» мойындамайтынын көрсетіп отыр. Израильді қаруланған прокси күштер желісімен қоршап, ірі зымыран арсеналын қалыптастырып, ядролық мүмкіндіктерін дамытуды жалғастыруда.

Сонымен қатар, режим өз халқына қарсы жаппай күш қолданады деген пікір бар. Өз азаматтарын жойып, шетелдегі азаматтық инфрақұрылымға соққы жасап, басқа мемлекетті жоюға ашық шақыратын режим қауіп ретінде қарастырылады.

Қазіргі әрекеттер осы қауіптің алдын алу мақсатындағы превентивті шаралар ретінде түсіндіріледі. Мақсат – өңірлік тұрақтылықты қалпына келтіріп, халықаралық қауымдастық үшін ұзақ мерзімді тәуекелдерді азайту.