Жаңа Конституция қабылдаған Қазақстан саяси өзгерістерге дайындалып жатыр. Жуырда қос палаталы парламенттің орнын Құрылтай басады. «Халық кеңесі» атты жаңа құрылым іске кіріседі. Билік жүйесі қалай өзгереді, жаңа реформалар қандай рөл атқаруы тиіс – осы және өзге де сұрақтарға Ұлыс алаңында Мәжіліс депутаты, «Respublica» партиясы фракциясының мүшесі Олжас Құспеков жауап берді.
МӘЖІЛІСТЕГІ КӨҢІЛ-КҮЙ
Парламенттегі қазіргі көңіл-күй қалай? Депутаттар орын босатуға дайындалып жатыр ма?
– Дұрыс айтасыз, Қазақстандағы саяси, заңнамалық өзгерістерді халыққа ұғынықты тілмен жеткізу – біздің міндетіміз. Көңіл-күйге келсек, депутаттық мандат – ешкімнің ата-бабасынан қалған мұра емес. Бұл – сайламалы лауазым. 5 жыл уақытқа сайландық, алайда конституциялық реформаға байланысты 3 жыл қызмет етіп, жұмысымызды аяқтағалы отырмыз. Қайта сайланатын азаматтар болса, Құрылтай құрамында жұмыстарын жалғастыра береді. Елге керек реформа болғандықтан, бәріміз соған тәуекел еттік. Ешкімнің ешкімге өкпесі болмауы керек.
– Білуімше, сіз Мәжіліске ұзағынан отырам деп келген депутат емессіз. Үш жылда жоспарлаған істің бәрін атқарып үлгердіңіз бе?
– Мен кәсіпкерліктен келген адаммын. Қысқа уақытта халыққа берген уәдемізді орындауға тырыстық. Сайлауалды бағдарламамыздың бәрін орындап болдық. Енді алдағы бүгінгі саяси көзқараспен, тәжірибемен алдымызға жаңа мақсаттар қоямыз. Халыққа оны жария ететін боламыз.
ҚҰРЫЛТАЙДАН НЕ КҮТЕМІЗ?
– Жаңа Ата Заңға сәйкес, Парламенттің орнына Құрылтай құрылады. Көпшілік аты өзгергенімен заты өзгермейді деп сын айтты. Бұған қатысты не айтар едіңіз?
– Біріншіден, бұл жерде біздің ұлттық идентификациямыз жатыр. «Парламент» латын тілінен аударғанда «cөйлеу» деген мағынаны береді. Сөзден іске көшетін уақыт келді. Құрылтайдың тарихи да мағынасы да бар. Қазақ ұлттың басына күн туғанда Құрылтай жинаған. Сондықтан бұл атау құрылымы да, заты да өзгеретін органға дәл келеді деп ойлаймын.
– Қандай өзгеріс күтуге болады?
– Қазір Мәжіліс пен Сенат екеуі екі бағытта жұмыс істеп, саяси баланс ұстап тұр. Алдағы уақытта заңдар үш және одан да көп оқылымда қаралатын болады. Бұл заңдардың сапалы жазылуына мүмкіндік береді. Бұрын тек Сенатта немесе Мәжілісте ғана болған құзыреттің бәрі бір біріктіріледі.
Бұдан бөлек, енді бір мандатты депутаттар болмайды.
– Осы жаңалықты сіз қалай қабылдадыңыз?
– Біз о баста партиялық тізіммен сайландық, сол тізімді ұстандық. Бұл жаңалық біздің партияның ұстанымына сай келеді.
– Құрылтайға «Республика» өтетініне сенімдісіз бе?
– Өтетін-өтпейтіні сайлау арқылы шешіледі. Сайлауалды бағдарламамызды әзірлеп, халықтың алдына шығып, сайлауға қатысуға ниеттіміз. Халық осы күнге дейін атқарған шаруаларымызды оң бағалап, батасын беріп жатса, бәйгеге түсіп көреміз.
ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІЛІГІНІҢ АРТУЫ
– Жаңа Конституцияда прездидент ұсынған вице-президент кандидатурасын екі рет қабылдамаған жағдайда Құрылтай таратылатыны жазылған. Бұл жаңа парламенттің қуатын әлсіретпей ме?
– Әлсіретпейді. Қазіргі тәжірибеде егер ұсынылған кандидатура қолдау таппаса, оны шексіз қарай беруге болады. Тіпті, он кандидат әкелсе де. Жаңа Конституцияда биліктің екі тармағының тепе-теңдігі ескерілген. Біреуінің күші басым, екіншісі әлсіз болса, саяси кикілжің болуы мүмкін. Бір-бірін тыңдамай, ел ішінде коллапс болуы ғажап емес. Мұндай жағдай ел тарихында болған. Мәселен, экс-президенттің тұсында парламент заңдарын өткізе алмай қалған уақыттар болды. Бір шақырылымда небәрі екі заң қабылданған кезеңдерді өткердік. Сол уақытта елдің саяси, экономикалық дамуы тұралаған еді. Сондықтан саяси тепе-теңдік мәселесінің Конституцияда бекітілуі өте маңызды.
– Назарбаев тұсында Конституция сан мәрте өзгерді, реформаның бәрі жабық есіктің арғы жағында жүргізіліп жатты. Халық үнсіз бас шұлғи берді. Осы жолы қоғамның белсенділігін байқаған боларсыз. Сынаушылар да, қолдаушылар да көп болды. Бұл неге байланысты деп ойлайсыз?
– Біздің қоғам – жас қоғам. Тәуелсіздік алғанымызға 35 жыл болды десек, Қазақстан – 35-тегі жас азамат. Осы буынның әлеуметтік портретін алып қарасақ, бұл – саяси тұрғыдан енді ғана пісіп келе жатқан қоғам. Конституциялық реформаға кәсіпкерлердің, БАҚ өкілдерінің белсенді қатысуы халықтың бұл өзгерістерге қызығушылығын арттырды. Әсіресе, жастардың белсенділігі қуантты. Президенттің жастарға бағытталған «Бұл – сіздердің Конституцияларыңыз, сіздердің болашақтарыңыз үшін керек» деген месседжі олардың патриоттық сезімдерін оята білді. Бұл өте жақсы тенденция. Халық белсенді болмаса, мемлекетте бірдеңе өзгерту мүмкін емес.
АҚСАҚАЛДАР ЖАСТАРҒА ОРЫН БЕРЕ МЕ?
– Жастар демекші, елімізде жастар партиясы пайда болуы мүмкін бе?
– Әрине, мүмкін. Әзірге саяси партиялар ішінде ең жасы – біз. Құрылғанымызға 5 жыл да болған жоқ. Алдағы сайлауалды бағдарламамызда жастар мәселесіне басымдық беріп, сол буынның айнасы болуға тырысамыз. Бірақ қалай бұрсақ та, жасымыз 40-тан асқан топпыз. Саясатқа жастардың өздерін тарту керек. Оларды қатарымызға қосуға мүдделіміз.
– Әріптесіңіз Бақтықожа Ізмұхамбетов 12 жыл бойы Парламентте отыр екен. Осы жолы үшінші рет сайланыпты. Депутаттардың бұлай ұзақ отыруын қолдайсыз ба?
– Парламентті үлкен футбол клубы ретінде қарастырып, халыққа түсіндіргім келеді. Бұл жерде Рональдо секілді пенальти жасайтындар да, екінші, үшінші құрамдағы футболшылар да бар. Олардың арасында жасына қарамастан белсенді азаматтар бар екенін атап өткен жөн. Мәселен, Бақтықожа Салахатдинұлымен бір комитетте жұмыс істейміз. Ол кісі әдеп комиссиясын басқарады. Депутаттарға қатысты шағымдардың бәрін қарастырады. Оның өңірде жұмыс істеген тәжірибесі де жұмыс барысында кәдемізге жарап жатады. Меніңше, қоғамға берері жоқ, белсенділігі төмен депутаттардан арылуымыз керек. Ал заң шығару ісіне сүбелі үлес қосып жүрген кісілердің тәжірибесін әлі де пайдаланған жөн.
– Үш рет сайлану деген – меніңше, нонсенс. Құрылтайда осы мәселе ескеріле ме?
– Сайлау туралы және Құрылтай туралы заңдарды қабылдар кезде бұл мәселені қарастыру қажет. Сол кезде белсенділік танытсақ, шектеу енгізуге болады. Президенттің өзі 1-ақ рет 7 жылға сайланатын болса, депутаттардың да жиі алмасып отыруы орынды. Бір шақырылымда отырғаннан кейін аймақтарға барып жұмыс істеп, елдің жағдайын көзбен көргені, тәжірибе жинағаны дұрыс деп ойлаймын. Араға уақыт салып, жаңа көзқараспен, тың тәжірибемен қайта келсе, халық кеудеден итере қоймайды. Ал бірден екі немесе үш шақырылымда отырса, ел ішіндегі шынайы ахуалдан алшақтап кетеді деп ойлаймын. Меніңше, тәжірибесі мол, елге әлі де берері бар адамдар Халық кеңесінің құрамына кіруі керек.
– Қазіргі сенаторлар, мәжілісмендер ертең жаппай Халық кеңесіне кірмей ме? Жаңа адамдарға, қоғам белсенділеріне, жастарға орын беріле ме?
– Саясатта да ұрпақтар сабақтастығы болуы керек деп есептеймін. Егер 98 депутаттың бәрін босатып, заң шығарушы орган құрамын толық жаңартатын болсақ, бірде-бір заң жүрмей қалады. Процесті білетін, бағыт-бағдар беріп отыратын адамдар болуы қажет.
– Жаңа Ата заң 1 шілдеде күшіне енеді. Президенттің өкілеттік мерзімі нөлге теңеліп, қайтадан президент сайлауы өткізілуі мүмкін бе?
– Логикаға салсақ және заңнамалық анализ тұрғысынан қарасақ, ондай мүмкіндік бар. Бірақ президент оны пайдалана ма, пайдаланбай ма – өз еркі. Ал Тоқаевтан кейінгі президенттердің бәрі 7 жылға бір-ақ мәрте сайланатыны анық.
ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ
– Жаңа Конституцияда отбасы құндылықтарына айрықша мән беріліп отыр. Бұл неге байланысты?
– Жаңа Ата заңымыз бойынша, ер адам мен әйелдің ерікті одағы – отбасы деп танылады. Дәстүрлі емес одақтарға тыйым салынды.
– Сонда ер мен ердің, әйел мен әйелдің одағын құрғандар жазалана ма?
– Жазаланбайды, ондай одақтар тіркелмейді. Екінші жанұя, діни некелер бүгінгі күнге дейін де заңсыз деп танылып келді.
– Онда неге жазаланбайды?
– Меніңше Конституция күшіне енгеннен кейін қабылданатын заңдарда бұл мәселелер міндетті түрде қарастырылады. Неке және отбасы туралы заңда азаматтық неке деген мәселе қалып қойған. Соны алып тастау керек. Сонда некесіз туған бала деген болмайды. Конституцияда жазылғандай ресми бір неке ғана құрып, заңды өмір сүру қажет.
– Қалай ойлайсыз, неге біздің шенеуніктер тоқал алуға құмар?
– Өз басымнан өтпеген соң не деп жауап беру керегін білмеймін.
– Жуырда үшінші әйелді шәкіртіме сыйға тарттым деген имамның мәлімдемесі қоғамда резонанс тудырды. Біздің қоғам соншалық деградацияға ұшыраған ба?
– Қоғамда әр түрлі таптар болады. Біреу ішімдік ішеді, біреу нашақор дегендей. Сол сияқты діни көзқарасы зайырлы қоғамның ұстанымымен қабыспайтын азаматтар бар. Сіз айтып отырған кісі имам аталғанымен, діни басқармаға қатысы жоқ адам. Оның қандай мақсаты барын білмеймін, бірақ қоғамда мұндай тенденциялардың болғанын қаламаймын.
– Әлгі имамнан сұхбат алған журналиске айыппұл салынуы дұрыс деп ойлайсыз ба?
– Мен, керісінше, қоғамнан сондай проблеманы шығарғаны үшін журналиске алғыс айтар едім. Хайп қууды көздеді ме, басқа ма – білмеймін, бірақ халықтың ортасында осындай құбылыстар болып жатқанын көрсеткені құптарлық. Ермұрат Бапи осы мәселе жөнінде депутаттық сауал жолдап, мәжілісте кеңінен талқыланды.
Осы мәселе бізге президенттің неліктен Конституцияны өзгертейік деген бастама көтергенін түсіндіріп бергендей. Біріншіден, Ата Заңда мемлекет діннен бөлек деп нақты көрсетілді. Екіншіден, бұдан былай заңсыз некелердің құрылуына жол берілмейді.
– Кезінде депутаттардың бірі бірнеше әйел алып, онысын жасырмай айтып та жүрді. Саяси қызметтегілер қоғамға үлгі көрсететін адамдар емес пе?
– Мәжілісте 98 депутат бар. Олардың бәрінің қызметтен тыс өмірін ешкім қазбалап жатпайды. Көппен бірге Бекболат Тілеухан ағамыз да депутат болғаны рас. Оған өзі жауап береді.
–Егер депутат сондай жолды таңдаса, мемлекеттік биліктен орын алуға моральдық құқығы бар ма?
– Келісем.Жалпы, моральдық-этикалық жағынан да қарау керек. Алдағы сайлауда кандидаттар тізімін жасағанда сондай критерий қосу керек екен деген ой келді. Конституцияда жазылғаннан кейін сол талаптардың орындалуын қадағалау керек.
ЗАҢ АЛДЫНДА БӘРІ ТЕҢ БЕ?
– Алматының Әл-Фараби даңғылындағы апат тұтас бір жүйенің былығын ашты. Бұл таңдаулылардың жеке заңы болуының салдары емес пе?
– Мен 18 жастан көлік жүргізем. Сол уақыттан бастан қауіпсіздік белгісін шешпейтін адаммын. «200 теңге үшін тағып отырсың ба?» деп замандастарым күлетін. Қоғам әлі күнге дейін ережелерді тек айыппұлға ілінбеу үшін орындайды, жеке басымның қауіпсіздігі үшін керек деп түсінетіндер ілуде біреу.
Дегенмен, қоғамның санасы өзгеріп келеді. Бұрын атышулы Үсенов үшінші рет жол апатын тудырғаннан кейін ғана жазаланса, қазір бірден резонанс туды. Айдос Сарым депутаттық сауал жолдап, жасалған қылмыстың ауырлығына сәйкес жаза беру қажеттігін айтты. Абайсызда және қасақана жасалған қылмыстың ара жігін ажыратуды ұсынды.
Әл-Фарабидегі апатта зардап шеккен екі көліктен басқа тағы да көліктер бар. Оны ешкім жарияламай отыр. Анық-қанығын жасырмай ашу үшін полиция басшылығын ауыстырды. 7-8 аймақтан қосымша полиция қызметкерлері жіберілді. Қалада болып жатқан бұл тенденцияны жою үшін ерекше бақылауға алып отыр. Бұл жолы ешкім құтылып кете алмайды.
– Қаланың барлық бұрышында камера тұр. Сонда да адамдар заң бұзудан тартынбайды.
– Заң қай кезде жұмыс істемейді? Заңның күшін аттап өткен кезде. Алматыда заң күшін аттап өтіп жатыр. Оған мүмкін беріп отырған – қалалық полиция басшылығы. Бұл жерде мықты заңгер болудың қажеті жоқ. Алматы полициясы бүкіл ел полициясының абыройына нұқсан келтірді. Заң мен тәртіпті бірінші сақтайтын, үлгі болатын адамдардың өздері заңды бұзуға рұқсат беріп келген.
Қазақтың «Халық талап етсе, хан түйесін тояды» деген мықты сөзі бар. Қоғам әркез осындай белсенді болып, заңның орындалуын талап етсе, қандай басшы болса да құлақ асады.
ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ КІМ АЛАДЫ?
– Президент шенеуніктерге жауапкершілік жайлы жиі айтады. Бізде неге жауапкершілік алатын әкімдер, министрлер аз?
– Жақында мемлекеттік қызметке қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдадық. Сонда менің көтерген сұрақтарымның бірі – мемлекеттік қызметтегі «теріс іріктеу» құбылысы. Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы көтерілмесе, жүктемесін көбейте берсе, демалыста да жұмысқа жегіп қойса, ол жерде ешкім қалмайды. Бұл қазіргі мемлекеттік қызмет жүйесінің дұрыс емес іріктеуге бағытталғанын көрсетеді. Соны түзетуіміз керек. Бұл салаға ең білімділер, жауапкершілік ала алатын ең мықтылар баратындай жағдай жасау керек. Тиіп-қашып жүрген, қағаз толтырудан басқа қолынан ештеңе келмейтін азаматтар қызмет сатысымен өсіп, кейін министр, әкім болып отыруы мүмкін. Яғни біздің жүйе мықтыларды қанаттандырудың орнына, әлсіздерге дем беріп отыр.
Қазір заңнамалық өзгерістер енгізіп жатыр. Интуитивті түрде қалай болуы керегін көріп тұрмыз, сол бойынша әрекет етіп жатырмыз. Енгізілген өзгерістер оң нәтиже береді деген үміттеміз.
– Менің таңғалатыным, мемлекеттік қызметке кіретін азаматтар қазақ тілінен тест тапсырады. Бірақ оның нәтижесі есепке алынбайды. Бюджет қаржысын шығындаудың не мәні бар?
– Қазір Мәжілісте қазақ тілін білуді міндеттеу мәселесін талқылап жатырмыз. Мұндай талапты өз елімізде қоя алмасақ, несіне жүрміз? Орыс тілі мен ағылшын тілін қосымша меңгерсе, нұр үстіне нұр. Бірақ ана тілімізді ең әуелі өзіміз құрметтеуіміз керек. Тілдің абыройын тиісті деңгейге көтермесек, ол ешқашан біздің ортамызда сыйлы болмайды. Мысалы, біз шет мемлекетке барсақ, сол елдің өз тілінде қалай сәлемдесетінін, қалай алғыс білдіретінін үйреніп баруға тырысамыз. Біздің елге, тілге дәл сондай құрмет болуы үшін талап етуіміз қажет.
ЖАҢА ПАРТИЯЛАР ҚҰРЫЛА МА?
– Алдағы уақытта Құрылтай сайлауы жарияланған соң Қазақстанда жаңа партиялар тіркелуі мүмкін бе?
– Партия құру оңай шаруа емес. Біріншіден, саяси күнтізбесі, бағыт-бағдары дұрыс болуы керек. Қатарына қосылатын азаматтардың да ұстанымы, принциптері үндесуі қажет. Құжаттарды талаптарға сай жинау да ыждаһаттылықты, біліктілікті талап етеді. «Бізді тіркемей қойды» дейтіндердің шағымын естігенде, саяси тұрғыдан шектелген шығар деп ойлайтынмын. Шын мәнінде құжаттарының неліктен кері қайтарылғанын ешкім ашып айтпайды. Әділет министрлігі құжат тапсырғандарға қай жерден қате кеткенін, неліктен тіркемегендерін түсіндіріп айтады. Алайда партиялар көбіне қоғамнан нақты себебін жасырып, саяси тұрғыдан кедергі болды деген түсінік қалыптастырады.
– Бірақ бізде саяси партияларды құру, тіркеу талаптары тым күрделі деп санамайсыз ба?
– Бұрын солай болған. Кейін жеңілдетілді. Соның арқасында біз өз партиямызды тіркей алдық. Бұрын 10 мың адамның қолын жинау керек болса, қазір 5 мыңға дейін қысқартылды.
Сайлауға қатысарда бізде Парламентке өтеміз деген сенім болған жоқ. Exit-poll нәтижесі шыққанда бұл белестен шынымен өттік пе деп сене алмадық.
– Демек, біздің саяси аренада жаңа партиялар пайда болуы мүмкін ғой?
– Әрине, ол саяси топтардың, күштердің жиналуына байланысты ғой. Қошқарлардың басы бір қазанға сыймай жатады. Партия деген бірігу, бір басшыға бағыну деген сөз. Бұл өте қиын нәрсе. Ауызбіршілік мәселесіне келгенде ақсаймыз.
МЕМЛЕКЕТШІЛ БОЛУ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ
– Сіз үшін мемлекетшіл болу деген не?
– Мемлекетшіл болу деген қандай қызмет атқаратыныңа емес, қалай жұмыс істейтініңе байланысты. Мәселен, көше сыпырып жүрген азамат та мемлекетшіл болуы мүмкін. Ол өзіне жүктелген жұмысты дұрыс істейін, тұрғындардың таза көшеде жүріп-тұруына, балалардың таза алаңқайда ойнауына ойнауына себепші болайын деген оймен қызмет етсе – мемлекетшіл адам. Ал егер мына жұмысты тезірек істеп құтылайын, ақшамды уақтылы алсам болды деген мақсатты көздесе – мемлекетшіл емес.
– Кез келген адам мемлекетшіл бола алса, президентке үміткерден неге мемлекеттік қызметте 5 жыл жұмыс істеу талап етіледі?
– Өзгені емес, өз тәжірибемді айтайын. Мен кәсіпте жүріп, біраз жетістікке жеттім, бәрін білем деген сеніммен келдім ғой. Олай емес екен. Үш жыл ішінде талай нәрсе үйрендім, әлі де үйренерім көп. Сондықтан бұл талап орынды деп есептеймін. 5 жылда мемлекеттің құрылымын, қалай жұмыс істейтінін толыққанды түсінесің. Қай жерде олқылық барын, қай жерге түзету енгізу керегін пайымдайсың. Бұл жүйенің қалай жұмыс істейтінін білмейтін адам дұрыс шешімдер қабылдай алмауы мүмкін.
– Алдағы уақытта мемлекеттік қызметке шақырып жатса, барасыз ба?
– Саяси қызметке баруым мүмкін. Егер осы жерге тәжірибең, білімің керек деп шақырып жатса, бас тартпаймын.
– Кейбір партиялар бірігуі жайлы жиі айтылып жүр. Олай болуы мүмкін бе?
– Мүмкін. Партиялар әр түрлі болғанымен, көтеретін мәселелері бірдей болуы мүмкін. Бәрі бір сұрақтың айналасында жүр ғой, неге біріге салмайды екен деген ой тууы мүмкін. Бірақ ол оңай шаруа емес.
Сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia YouTube-арнасынан көруге болады.