Қазақстанның топ-менеджерлері Стэнфордта оқып жатыр

Ulysmedia
фото: ашық дереккөзден

Қазақстанның 150-ден астам топ-менеджерлері Stanford University HAI профессорлары мен OpenAI Academy сарапшыларынан ЖИ бойынша білім алуды бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

GOOGLE RESEARCH-ТІҢ ЭКС-ДИРЕКТОРЫ САБАҚ БЕРЕДІ

AI Leaders 2026 – академиялық тәжірибе мен практикалық қолдануды ұштастырған, Орталық Еуразия өңірі үшін жасалған жасанды интеллект саласындағы көшбасшыларды даярлайтын ең ірі корпоративтік бағдарлама. Негізгі ұйымдастырушылардан бөлек, ЖИ-агенттері мен цифрлық шешімдерді жасауға мүмкіндік беретін Lovable және CAYU платформалары, сондай-ақ Назарбаев Университеті жанындағы Интеллектуалды жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI) жобаның серіктестері.

Бағдарламаның академиялық жетекшісі – Stanford University HAI профессоры, ЖИ туралы әлемдік бестселлер авторы, Google Research-тің экс-директоры және ҚР Президенті жанындағы ЖИ дамыту жөніндегі сарапшылық кеңестің мүшесі Питер Норвиг. Оның жетекшілігімен оқу материалы біздің өңірдің ерекшеліктеріне барынша бейімделген.

ҚАЙ БАСШЫЛАР ОҚЫП ЖАТЫР?

Қатысушылар арасында өңірдегі 150-ге жуық ірі ұйымның басшылары, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор өкілдері, соның ішінде «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» ұлттық холдингтері және Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі, сондай-ақ экономиканың жетекші компаниялары: Halyk Bank, Freedom Holding, Kaspi.kz, BI Group, Astana Motors, Beeline, Kcell, Bazis-A, «Қазмырыш», Transtelecom, Lancaster Group және басқалары бар.

Мемлекет басшысының экономиканың барлық секторына жасанды интеллектіні енгізу туралы тапсырмасын орындай отырып, біз тәжірибелік өзгерістер кезеңіне көшеміз. Бағдарлама қорытындысы бойынша Stanford University HAI сараптамасына және OpenAI Academy технологияларына сүйене отырып, әрбір қатысушы өз ұйымы үшін қолданбалы ЖИ-стратегиясын жасайды, – деді Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Оқу 8 сәуірде басталды, ол интенсивті live-сессиялары форматындағы 30 сағаттан астам оқуды қамтиды және кең аудитория үшін озық білімге қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, қазақ, өзбек және орыс тілдеріндегі аудармамен сүйемелденген.

НЕ ҮЙРЕНЕДІ?

Оқыту әдістемесі компанияларға ЖИ-ді түсінуден бастап оны іс жүзінде енгізуге дейінгі жолдан дәйекті түрде өтуге мүмкіндік беретін үш сатылы дайындық жүйесіне негізделген. Алдымен қатысушылар Stanford University HAI-мен бірге ЖИ-дің негізгі принциптерін, технологиялардың шектеулерін және олардың бизнес-процестер мен басқаруға әсерін зерделей отырып, академиялық негіз қалайды. Содан кейін OpenAI Academy-мен ЖИ құралдарымен жұмыс істеуге көшеді – prompt engineering-ті, модельдерді пайдалануды және ЖИ-ді нақты міндеттерде қолдануды меңгереді. Финалдық кезең ЖИ-агенттері мен қолданбалы шешімдерге арналады: CAYU және Lovable-мен бірге командалар бизнестегі және негізгі салалардағы ЖИ-жүйелерін әзірлеуді және қолдануды үйренетін болады.

Мұндай бағдарламалар негізінде біз ЖИ-трансформациясын басқаруға және экономика мен қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге қажетті құзыреттері бар көшбасшылардың жаһандық қоғамдастығын қалыптастырамыз. Бағдарлама әртүрлі елдердің қатысушыларын біріктіріп, ынтымақтастық аясын кеңейтеді. Бағдарлама тыңдаушылары арасында Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түркия және Катар елдерінің өкілдері бар.

Курс аяқталғаннан кейін қатысушылар Stanford University HAI ресми сертификатын алады және Орталық Еуразиядағы ең ірі ЖИ-қауымдастығының мүшесіне айналады.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылы еліміздің 1 миллионға жуық азаматы цифрлық сауаттылық бойынша базалық оқудан өткен болатын.