«Lamborghini-ден цех артық»: алматылық кәсіпкер Қытаймен қалай бәсекеге түспек?

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Оның үлкен бизнеске алғашқы қадамы компьютер жөндеуден басталды. Алғашқы тендері – 100 мың теңгеге үш планшет жеткізу туралы тапсырысты ұтып алғаны да есінде. Ал бүгінде Андрей Краснокуцкийдің компаниясы мектептерді жабдықтап, компьютер корпустары мен балалар ойын алаңдарын шығарады, ондаған миллион теңгеге құрал-жабдық сатып алады. Aton Plus компаниясының негізін қалаушы тапқан табысын қымбат көлікке емес, өндіріске қажетті жабдықтарға құйғанын айтады. Енді ол өзіне бұрынғыдан биік мақсат қойып отыр: Қытайдың өзі қызығушылық танытатын өнім шығару.

Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраева өндіріс орнына арнайы барып, компанияның бірегей өнімдерімен танысып, Қазақстанда мемлекеттің көмегінсіз де көп дүние шығаруға болатынына көз жеткізіп қайтты.

Қазақстанда отандық өндірісті дамыту жайлы сөз жиі қозғалады. Көлік құрастырамыз, ауыл шаруашылығы техникасын шығарамыз, зауыттар саламыз. Алайда әңгіме компьютерлер мен технологияларға келгенде көпшіліктің көкейін бір-ақ сұрақ мазалайды: біз нақты не өндіре аламыз? Процессорлар ма? Аналық платалар ма? Компьютерлер ме? Олардың корпустары ма? Әлде бағдарламалық қамтамасыз ету ме? Және де дәл түбімізде әлемнің алып технологиялық фабрикасына айналған, кез келген дүниені тез әрі арзан дайындауға қауқарлы Қытай турғанда, қазақстандық өндіруші бәсекеге төтеп бере ала ма?

Aton Plus компаниясы өз жұмысын шетелдік компьютерлік техниканы сатудан әрі жөндеуден бастаған. Кейіннен өздері құрастыруды, компьютер корпустарын өндіруді, металл мен ағаш өңдеуді, балалар алаңдарын, конструкторлық бюро мен бағасы ондаған миллион теңге тұратын жабдықтарды іске қосты.

Компания жетекшісі Андрей Краснокуцкийдің айтуынша, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 45–50-ге жуық мектеп Aton Plus техникасымен жабдықталған.

Алайда бізді қызықтырғаны бұл емес. Краснокуцкийдің өзі компания тарихын мемлекеттің миллиардтарынсыз-ақ аяқтан тұрған отандық өндірістің үлгісі ретінде таныстырады. Кәсіпкер алғашқы тендерін әлі күнге дейін ұмытпайды: Шелектегі туберкулез ауруханасына құны 90–110 мың теңге төңірегіндегі үш планшет жеткізген. Ал бүгінде компанияның ең ірі келісімшарты бір миллиард теңгеге жетеғабыл.

ҚАЛАЙ БОЛҒАНДА ДА ЖӨНДЕУ

– Кәсіпкерлер Қазақстанда бизнесті дөңгелету оңай емесін, ал өндіріс ашу одан да қиын екенін айтады. Сіз қандай қиындықтарға тап болдыңыз?

– Бізде еңсерілмейтін қандай да бір қиындықтар бар деп айтпас едім. Меніңше, ең бастысы – ниет. Мен өзім IT маманымын, оның үстіне бұл саналы өз бетіммен үйрендім. Ал сервистік маманның алдында бір ғана міндет бар: компьютерді қалай болғанда да жөндеу. Клиентке «болмады» деп, істемей тұрған техниканы қайтарып бере алмайсың.

Бұрын интернет деген атымен болған жоқ. Бір нәрсе күйіп кетсе, бір бума кітапты ақтарып шығуға, өзіңнен көп білетін адамды тауып, мәселенің мәнісіне үңілуге тура келетін. Бағдарлама орнатылмаса, жұмыс істегенше түрлі тәсілдерді байқап көресің, шешімін іздейсің. Осы қағида кейін компанияның негізі боп қаланды деуге болады: мәселе бар ма – демек, оны шешу керек.

ҮШ ПЛАНШЕТ ЖӘНЕ ҮЛКЕН ҚУАНЫШ

– Бәрі кішкентай бөлімшеден басталды. Ноутбуктер мен компьютерлерді өзім жөндейтінмін. Бір күні таныстарымның бірі: «Неге тендерге қатысып көрмейсің?» деді.

Aton Plus 2014 жылы құрылды. Краснокуцский ол кезде заң саласында тәжірибесі болмағанын мойындайды. Компанияны ашуға жұбайы көмектескен. Содан кейін алғашқы мемлекеттік тапсырыс түседі.

– Әлі күнге дейін есімде. Шелек ауылы, туберкулез ауруханасы. Бар болғаны үш планшет. Сомасы – шамамен 90–110 мың теңге. Бірақ бұл біз үшін үлкен қуаныш болды. Ол кезде компанияның штатында бухгалтер де болған жоқ – ол қашықтан жұмыс істейтін.

 Алғашқы тауарды жеткізуге Краснокуцкий жинай алған құжаттарының бәрін алып, өзі аттанады.

– Касса аппаратын, касса кітаптарын алдым – ештеңені түсінбеймін, сұрайтын адам да көп емес.

– Ал таныстарыңыз болды ма? Тендерді жеңуге біреу көмектесті ме?

– Жоқ. Мемлекеттік порталға тіркелдік, ұсыныс бердік те, жеңіп алдық. Баға шешуші рөл атқарды.

Кейін Краснокуцкий өзі әзілдеп «ашкөздік формуласы» деп атайтын тәсілді ойлап тапты: бағаны математикалық жолмен есептеп, жеңіске жету ықтималдығы жоғары болатын соманы анықтауға тырысқан.

Бірақ Андрейдің кәсіпкерлік жолы Aton Plus-тан әлдеқайда ертерек басталған.

АҚШАНЫҢ ДӘМІН СЕЗІНУ

Краснокуцкийдің айтуынша, ол ақшаны алғаш рет шамамен сегіз жасында тапқан. Бұл 1990-жылдар еді. Дүкен сөрелерінде Snickers, Coca-Cola, Fanta пайда бола бастады – ол кезде бала үшін мұндай дүниелер басқа өмірдің белгісіндей көрінетін.

– Ата-анаңа барып сұрайсың, олар «жоқ» дейді. Қазір бәрін түсінсем де,  бала кезімде ренжитінмін: өзге балалар көшеде Coca-Cola ішіп жүр, ал менің олардан қай жерім кем?  

Андрейдің отбасы Алматыда Абай – Гагарин көшелерінің маңында тұрған. Балалар өздерінің шағын «жеткізу қызметін» ойлап тапқан. Жақын маңда тұратын, түнгі ауысымда жұмыс істейтін әйелдер балаларға керек заттардың тізімін және ақшасын қалдыратын. Балалар дүкенге барып, қажет заттарды әкелетін де, қайтарым ақшаны өздеріне қалдыратын.

– Бұл біздің Glovo-мыз еді, – деп қазір Краснокуцкий күліп еске алады.

Кейін бөтелке жиннаған. Айтуынша, бұл «кәсіппен» ауладағы балалардың бәрі айналысқан.

– Меніңше, біздің ауламыз қаладағы ең таза аула болды.

Бірде балалар импорттық кір жуғыш ұнтақ салынған пакет тауып алып, оны базарға апарып сатпақ болған. Қазіргі өлшеммен қарағанда бұл оқиғаның даулы тұстары бар. Бірақ Андрей мұны саудадағы алғашқы тәжірибесі ретінде еске алады.

– Сол кезде ақшаның не екенін түсіндім. Әрі қарай нашақор секілді соның ізіне түсесің. Жақсы мағынасында айтып тұрмын. Тәуелсіз бола бастайсың.

АЛҒАШҚЫ НАҒЫЗ ЖҰМЫС

Бір күні Андрей мектепке бара жатып, Абай даңғылындағы «Серебряный диск» дүкеніне кездейсоқ кіріп, «ғажайыпты» көрді – Sony PlayStation.

– Мен үшін бұл фантастика әлеміндей еді. Оған дейін Dendy, тетрис болатын, бүкіл аула болып ойнайтынбыз. Ал мұнда – PlayStation: суреті, кейіпкерлері… Мен жай ғана: «Ойнасам бола ма?» деп сұрадым.

Оған ойнауға рұқсат берді. Бірақ ол келесі күні де барды. Одан кейін тағы барды. Ол ойнап отырған кезде дүкенге сатып алушылар кіретін. Андрей оларға ойындар туралы айтып бере бастайды. Сөйтсе, оның әңгімесінен кейін адамдар приставкалар мен дискілерді сатып алады екен. Ақыры мектеп оқушысы сабақтан кейін дүкенге келіп, сатушыларға көмектесетін болды.

– Мені «полктің баласы» деп атайтын. Үлкендердің әңгімесін тыңдап, бәрін бойыма сіңіріп жүретінмін. Сосын алғашқы жалақымды алдым – 100 теңге. Қатты қуандым. Үйге жүгіріп келіп, ақшаны анама бердім. Анам ақшаны қайтарып берді: «Өзің таптың – өзің жұмса» деді.

Краснокуцкий дәл сол кезде өз бетінше ақша табудың дәмін толық сезіндім деп есептейді. Кәмелетке толған шағында-ақ ол тауар сататын. Шамамен 20 жасында сыныптасымен бірге компьютер ойындарын сататын жеке дүкен ашуға бел буған. Көп ұзамай өмірдегі алғашқы маңызды сабағын алды.

АЛҒАШҚЫ ҚАТЕЛІК

– Кез келген кәсіпкердің алғашқы қателігі – бәрін білдім, болдым-толдым деп ойлау. Дүкен ашуға достарымнан қарызға ақша алдым. Сол кезде бір нәрсені түсіндім: сата білу бір басқа, бизнесті басқару мүлде басқа екен. Арендасы бар. Электр энергиясы бар. Тауар сатып алу бар. Айналым қаражаты бар. Оған қоса адам факторы бар. Бүгін кешке қызбен киноға барғың келеді, ал ертең тышқан мен пернетақта сатып алуың керек. Кей жерде іс сәтті жүрді, кей жерде жүрмеді. Ақыры серіктестеріммен сөзге келіп қалдық.

Бұл алғашқы үлкен сәтсіздік болды. Дегенмен олар бизнесті әрқайсысына бір-бір дүкеннен тиетіндей етіп бөлісіп тарасты. Краснокуцкийге Гагарин көшесіндегі «Европа-Азия» сауда орталығындағы дүкен тиді. Бірақ біртіндеп сатып алушылар азая бастады. Андрей ол кезде үйленген, шығындары көбейген, ал дүкен барған сайын шығынға бата түскен.

– Мен ақша таба алатыныма үйреніп қалған едім. Ал мұнда клиент жоқ, аренда төлеуге ақша жетпейді, қарыз өсе берді. Бұл мен үшін үлкен соққы болды. Бірақ біреуге жұмыс істеуден жери бастадым. Тығырықтан шығар жолды тағы да жұбайым тауып берді. Ол кезде кіру қиын болатын сауда орталығынан шағын орын тауып берді. Бірақ онда басқа мәселе туындады.  Сатып алушыларға сатудан гөрі жөндеу көбірек қажет екен.

Ал Краснокуцкий ол кезде компьютер жөндеуді білмейтін. Үйренуге тура келеді.

– Қажеттілік адамды жаңа нәрсені өте тез меңгеруге мәжбүрлейді. Сатушыдан сервистік маманға айналдым.

Кейін оның айтуынша, жөндеген техникасы үшін жауапкершілік алу әдеті өз өндірісіндегі сапаға деген көзқарасын қалыптастырған.

АРЗАН ӘРІ ҚАУІПТІ

– Мектепті жабдықтауға арналған алғашқы ірі тапсырысты алған кезде жабдықты арзанырақ алып, пайданы көбірек қалдыруға деген қызығушылық болған жоқ па?

– Жоқ. Егер сен сервистік маман болып, кепілдік берсең, сапасыз техника қойдың ба – кейін оны жөндеуге қайта-қайта барып жүресің. Сөйтіп тапқан бүкіл табысыңды жеп қоясың. Сондықтан қымбатырақ сатып алып, жақсы жабдық орнатып, кейін оны ұмытып кеткен әлдеқайда тиімді.

Краснокуцкийдің айтуынша, компьютер бизнесіндегі маржа да көпшілік ойлағандай аса жоғары емес.

– Бәсеке өте көп. Алғашқы елеулі тапсырыс шамамен 40–50 компьютермен мектепті жабдықтау болды. Кейін ауқым өсе түсті. Содан соң «Жайлы мектеп» жобасы пайда болды.

ҮЛКЕН СЕРПІЛІС

– Қазір Aton Plus не өндіреді?

– Бізде IT бағыты, компьютерлер қалды. «Жайлы мектептерді» түгел есептесек, шамамен 45–50 мектеп біздің компьютерлік техникамызбен жабдықталған.

Бұл ретте Aton Plus-тың тапсырыс берушілері тікелей мектептер емес, жоба бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігерлер болды. Кәсіпкердің айтуынша, маңызды талаптардың бірі – отандық тауар өндіруші мәртебесі болған. Осы тұста қазақстандық компьютер деп нені айтуға болатыны туралы әңгіменің маңызды бөлігі басталады.

– Процессор мен электронды бөлшектердің едәуір бөлігі, әрине, Алматыда өндірілмейді. Бірақ корпусты компания өзі әзірлеп, өзі шығарады. Біз кейстер өндіреміз. Менің білуімше, Қазақстанда оларды шынымен осында әзірлеп, өндіретін жалғыз компаниямыз. Арнайы станоктар бар. Көпшілік: «Корпус жасау қиын ба?» деуі мүмкін. Мен үнемі: «Келіңіздер. Материал мен жабдық беремін – жасап көріңіздер», – деп жауап беремін.

Краснокцскийдің айтуынша, жинақталуына қарай дайын компьютердің бағасы шамамен 300 мың теңгеден бір миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бірақ кәсіпорын компьютер корпустарымен ғана шектелмейді.

ЦЕХТАҒЫ ТІРШІЛІК

Aton Plus-тың негізгі өндірісі Алматыда орналасқан.

– Ғимарат өздеріңіздікі ме?

– Жалға алып отырмыз.

– Қанша төлейсіз?

– Шамамен сегіз миллион теңге.

– Арнайы экономикалық аймаққа неге кірмейсіз?

– Қағазбастылық көп. Кейде арендадағы орныңда өз күшіңмен жұмыс істеген оңайырақ. Әрине, өз жеріміз болғанын қалаймыз. Ондай мақсатымыз бар.

Краснокуцкийдің айтуынша, төрт жыл бұрын бұл жерде іс жүзінде бос үңгір тұрған. Қазір мұнда цехтар, лазерлік станоктар, ию жабдықтары, пештер, металл және ағаш өңдейтін учаскелер бар.

– Мен тапқан табысыма Lamborghini сатып алған жоқпын. Ақшаның бәрін өндіріске салдым. Енді қымбат көліктің жанындағы әдемі суреттің орнына менде тағы бір станок бар.

ЦЕХ LAMBORGHINI-ДЕН АРТЫҚ

Краснокуцкийдің айтуынша, компанияның ең ірі келісімшарты бір миллиард теңгеге жуықтаған.

– Бір миллион долларыңызды тауып қойдыңыз ба?

– Жоқ, бәрін өндіріске салып жатырмыз.

– Lamborghini сатып алуыңызға болатын еді ғой?

– Мүмкін. Бірақ не үшін екенін түсінбеймін. Мен көлікке құмар емеспін. Одан гөрі станок сатып алғанды жақсы көремін.

Краснокуцкий жабдықты көрсетіп:

– Міне, менің Lamborghini-м осы. Логикасы қарапайым: көлік тұрады немесе жүреді, ал станок қайтадан ақша таба алады.

Краснокутскийдің пікірінше, бизнесті тез байып кетудің тәсілі ретінде қарау мен өндірісті үздіксіз қайта инвестициялауды қажет ететін процесс ретінде қараудың басты айырмашылығы да осында.

ЖАПОНДАР КҮМӘНДАНДЫ МА?

Соңғы сатып алған ең қымбат жабдықтарының бірі – Жапонияда өндірілген өнеркәсіптік УФ-принтер. Бағасы – шамамен 56 млн теңге. Бірақ ақшаңның болуы жабдықты саған бірден сатады деген сөз емес екен.

– Біз үш ай бойы келіссөз жүргіздік. Жапондар рұқсат беруі керек болды. Орнату үшін бөлек бөлме дайындап, арнайы қалқалар жасап, желдету жүйесін орнатуға тура келді. Өндіруші өкілдері пайдалану шарттарын келісті. Олар үшін беделдің маңызды екенін түсіндірді. Қызметкерлер арнайы оқытудан өтті.

Принтер суретті кез келген бұйымға – шыныға, ағашқа, металлға, матаға түсіруге мүмкіндік береді. Краснокуцкийдің айтуынша, Aton Plus – дәл осындай жабдықты орнатқан ТМД-дағы алғашқы компания. Ол осы жабдықты бұрыннан келе жатқан арманын – бірегей ойын компьютерлеріне арналған корпустар өндірумен байланыстырады.

– Бір-біріне ұқсас сериялы қораптар емес, шын мәнінде бір данадан жасалатын өнім. Мысалы, нақты бір адамға арнайы жасалған, жеке дизайны бар, 3D-принтерде басып шығарылған элементтері және мұндай екінші данасы жоқ екенін растайтын сертификаты бар компьютер. Оны eBay-ге шығаруға болады. Бізден сатып алсын. Бұл Қазақстанның тек сатып алып қана қоймай, бірегей дүниелер жасай алатынын көрсететін жарнама емес пе.

КОМПЬЮТЕРДЕН ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТКЕ ДЕЙІН

Краснокуцкийдің айтуынша, компанияның IT бағытында шамамен 19 адам жұмыс істейді: 14–15 адам техника құрастыру және монтаждаумен айналысады, тағы төртеуі әзірлемелермен жұмыс істейді.

Келесі мақсат компьютер корпусынан әлдеқайда күрделі. Компания өзінің бағдарламалық жасақтамасын және өндірістік процестерге арналған жасанды интеллект элементтерін дамытуды жоспарлап отыр.

– Қазір өзіміздің жасанды интеллектімізді жасап жатырмыз. Дайын ChatGPT-ді алмаймыз, өндірісте адам қателесуі мүмкін белгілі бір міндеттерге арнап нөлден бастап өзіміз әзірлейміз.

Білім беру бағыты да бар. Компания оқу материалын визуализациялайтын мектептерге арналған бағдарламалық жасақтама әзірлеп жатыр. Краснокуцкий қарапайым мысал келтіреді: оқулықтағы суреттің орнына оқушы нысанды 3D форматында көріп, оны айналдырып, әр қырынан зерттей алады. Оның айтуынша, мұндай тәжірибе «Жайлы мектептерде» қолданылып үлгерген.

ЗАУЫТТАР ҚАЙДА?

Краснокуцкийдің айтуынша, ол өңірлерді көп аралайды және кезінде салтанатты түрде ашылған өндіріс орындарын кейін көре бермейді.

– Бәрі шағымданғанды жақсы көреді: бізге несие керек, мемлекеттен субсидия керек дейді. Ал менің ойымша, диваннан тұрып, бір нәрсе істеуге кірісу керек.

– Бірақ жемқорлық, байланыс, әкімшілік кедергілер барын жоққа шығара алмаймыз...

– Иә, сылтау іздей беруге болады. Сөйтіп, мүлдем ештеңе істемей қоюың мүмкін. Мемлекеттен, ағаңнан, апаңнан немесе анаңнан көмек күтудің қажеті жоқ. Не үшін күту керек? Кішкентай нәрседен бастаңыз.

Бірақ мемлекеттік сұраныс шағын және орта бизнестің дамуын ілгерілете алатын маңызды тетік  екенін жоққа шығара алмаймын.  «Жайлы мектеп» жобасы ірі құрылыс компанияларына үлкен тапсырыстар берді, ал олар өз кезегінде отандық жеткізушілер мен өндірушілерді тартты. Aton Plus та солардың бірі болды.

Краснокуцкий бұл жобаны компаниясы үшін үлкен тәжірибе деп атайды және бағдарламаның өзін де жоғары бағалайды. Осы жерде қызық формула шығады. Мемлекет кәсіпкердің орнына бизнес құруға міндетті емес. Бірақ инфрақұрылымға салынған мемлекеттік миллиардтар ел ішінде қалып, жергілікті өндірушілерге жетсе, олар шенеуніктер көп айтатын мультипликативтік әсерді шынымен қалыптастырады.Бұл әсерді мұнда жұмыс істеп тұрған цехтан көруге болады.

ШЕКАРАНЫ КЕҢЕЙТУ

Краснокуцкийге ішкі нарық тарлық ете бастаған. Компания экспортқа шығуға әрекеттеніп жатыр. Бағыттардың бірі – Әзербайжан. Aton Plus өкілдері ол жаққа барып, жабдықтарын таныстырған. Кәсіпкер жабдықтарды ұйымдастыруға және тасымалдауға көмектескен Қазақстан елшілігінің қызметкерлеріне арнайы алғыс білдірді. Қазір келіссөздер жүріп жатыр. Келесі кезеңде әлеуетті серіктестер Қазақстанға келіп, өндіріс орнын көруі тиіс.

Компания Қырғызстанға да назар аударып отыр. Өзбекстанға шығу әзірге қиындау.

– Байқап көрдік, бірақ әзірге қиын. Демек, кілтін табу керек. Биыл болмаса , келесі жылы болады. Келесі жылы болмаса – одан кейінгі жылы.

ҚЫТАЙ БІЗДЕН САТЫП АЛСЫН

Қытай – қазақстандық өндіруші үшін бір мезетте серіктес те, жеткізуші де, әрі қорқынышты бәсекелес те. Орасан ауқым, арзан компоненттік база, ондаған жылдық өндірістік тәжірибе. Қазақстан Аспан асты еліне жалпы не сата алады?

– Менің мақсатым – бір күні қытайлықтардың да бізден бірдеңе сатып алуы.

– Бұл жалпы мүмкін бе?

– Мүмкін емес нәрсе жоқ. Компанияның компьютер корпустарының біріне электронды плата қажет болған. Оны Қазақстанда өндіретін жер болмаған. Aton Plus өз сызбаларымен Қытайдағы өндірушіге барған. Ал қытайлық зауыт бөлшекті қазақстандық әзірлеме бойынша жасап берген. Олар сызбаның қаншалықты жақсы әзірленгеніне таңғалған. Яғни біз олардың дайын шешімін алып кеткен жоқпыз. Біз өз шешімімізбен бардық, ал олар оны біздің сызбаларымыз бойынша жасап берді.

Краснокуцкий үшін бұл принципті мәселе. Оның пікірінше, Қазақстанның дәл ертең процессорлар шығаратын фабрика салып, әлемдік алыптармен бәсекеге түсуі міндетті емес. Идея, инженерлік шешім, дизайн, бағдарламалық жасақтама жасауға болады. Ал өз технологиямыз әзірге жоқ салаларда жаһандық өндірістік кооперацияны пайдалануға мүмкіндік бар.

– Біз өзімізді төмен бағалаймыз. Бәрі: Қытай, технологиялар… дейді. Бірақ ол жақта да жұмыс істейтін – адамдар. Тек байқап көру керек.

33 ЖАСТА МІНГЕН SUBARU

Табысты кәсіпкер десе, бәріміз қымбат көлік мініп шіренген адамды көз алдымызға елестетеміз. Бірақ Краснокуцкий бұл қасаң түсінікке сай келе бермейтін кәсіпкер.
Ол өзінің алғашқы жеке көлігін тек 33 жасында сатып алғанын айтады. Онысы 1990-жылдардың басында шыққан, қолданыста болған Subaru еді.

– Мен ақша әкелетін нәрсеге қаражат салуға тырыстым. Сондықтан өзіңе жұмсайтын қаржыны көбірек үнемдейсің. Ештеңе аспаннан бірден түсе салмайды. Бұл – қиын жол. Бірақ өте қызық, еліктіретін әрі экстремалды жол.

Сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia.kz YouTube-каналынан көруге болады.