Қазақстанның батысында алғашқы қар жауды

Видео кадры

Қазақстанның батысында алғашқы қар жауды. Ақтөбе облысы мен елдің батысындағы өзге де өңірлерден қар басқан көше мен жолдардың видеолары әлеуметтік желіде тарай бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Хромтау және Мәртөк аудандарында қар қалыңырақ түскен. Жергілікті тұрғындар жолдар мен аулалардың біртіндеп ақ ұлпаға оранып жатқан сәттерін видеоға түсіріп, желіге жариялап жатыр.

Синоптиктердің мәліметінше, Ақтөбе облысында жаңбыр мен қар түрінде мол жауын-шашын күтіледі. Солтүстік-батыс және батыс бағыттан соғатын желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты полиция жүргізушілерді жолда сақ болуға және жол жабынының тайғақ болуы мүмкін екенін ескеруге шақырды.

Қар өзге өңірлерге де түсуі мүмкін

Бұған дейін синоптиктер 5 қазанда Қазақстанның солтүстік, орталық және басқа да өңірлерінде қар мен қар аралас жаңбыр жаууы мүмкін екенін ескерткен.

Сонымен қатар, кей жерлерде көктайғақ, тұман, қатты жел және жаяу бұрқасын күтіледі.