Әлемдік саясат құбылып, ірі державалар арасындағы бәсеке күшейген тұста Қазақстан экономикалық дербестігін қалай сақтай алады? Америкалық инвестициялар елге қаржыдан бөлек, технология мен жаңа өндіріс әкеле ме? Ал ірі келісімдерде ұлттық мүдде қаншалықты ескеріледі? Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраева мен АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули Стаффтың сұхбатында осы және өзге де өзекті сауалдар көтерілді.
Әңгімеде Трамп пен Тоқаевтың қарым-қатынасы, Қазақстанның G20 саммитіне шақырылуы, вольфрам жобасы, Теңіз кен орнын игеру, NVIDIA-мен әріптестік, әскери ынтымақтастық және Украинадағы соғысты тоқтату жолдары сөз болды. Сондай-ақ АҚШ-тың Орталық Азиядағы басымдықтары, Қазақстандағы адам құқықтары мен тәуелсіз медианы қолдау мәселелері қозғалды. Елші қазақ тілін үйрену тәжірибесімен де бөлісті.
ҚАЗАҚСТАН G20 САММИТІНЕ НЕЛІКТЕН ШАҚЫРЫЛДЫ?
Соңғы уақытта АҚШ халықаралық саясаттағы белсенділігін арттырды. Мемлекеттік хатшы Марко Рубионың қатысуымен Атлантада халықаралық кездесу өтіп, Еуропада G7 елдерімен келіссөздер жүргізілді. Ал алдағы уақытта Майамиде АҚШ президенті Дональд Трамптың қатысуымен халықаралық саммит өтеді. Оған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та шақырылған. Осы геосаяси өзгерістер аясында АҚШ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың қазіргі басымдықтары қандай? Вашингтон Қазақстаннан не күтеді?
– Біріншіден, Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас бұрын соңды дәл қазіргідей берік болып көрмегенін айтқым келеді. Мұның басты себебі – президент Трамп пен президент Тоқаевтың арасындағы қарым-қатынас. Олар бір-бірін жақсы біледі, жиі сөйлеседі және биылдың өзінде бірнеше рет кездесіп немесе телефон арқылы тілдесіп үлгерді. Өздеріңіз білетіндей, қандай да бір ел жылдың ең маңызды экономикалық кездесулері мен саммиттерінің бірі саналатын G20 жиынын өткізген кезде, оған бақылаушы елдерді шақыруға құқылы. Бұл қатарға ірі экономикалардың өкілдері және әлемдік экономика үшін маңызды мемлекеттер кіреді. Сондықтан президент Трамптың Қазақстанды G20 саммитіне бақылаушы ретінде таныстыру үшін президент Тоқаевты шақыруы әбден орынды болды. Қазақстан – ірі экономика. Биылғы G20 саммитінің негізгі бағыттары мен тақырыптарының бірі энергиямен жабдықтау тізбегі болмақ, сол себепті Қазақстанның бұл жиынға қатысуы заңдылық. Президент Тоқаевтың әлемдік аренада Қазақстанның атынан өкілдік ететініне біз өте қуаныштымыз.
Конгресс сайлауы кезінде АҚШ-та болып, Демократиялық партияның жеңіске жеткеніне куә болдық. Биліктегі партияның ауысуы АҚШ-тың сыртқы саясатына, соның ішінде Қазақстанмен қарым-қатынасына әсер ете ме? Екі елдің ортақ жоспарлары өзгеруі мүмкін бе?
– Биыл Америка Құрама Штаттары тәуелсіздігінің 250 жылдығы екенін білесіз. Мен үшін бұл керемет әсерлі болды. Мен Астанада отырып, сайлауды тек теледидардан ғана көре алдым. 250 жыл өтсе де, мыңдаған, миллиондаған адам дауыс беруге келетін сайлаулардың әлі күнге дейін өтіп жатқаны ғажап көрінеді. Нағыз демократия деген – осы. Бұл – кемеліне жеткен демократияның көрінісі. АҚШ азаматы болғанымды және осының бәрін көріп отырғанымды мақтан тұтамын.
Өзіңіз білетіндей, бұл бізде «аралық сайлау» деп аталады және ол президенттік сайлау өтпейтін жылдары өткізіледі. Әрине, Ақ үйде отырған президент Трамп сыртқы саясатты әлі де өз қолында ұстап отыр. Ол президент Тоқаевпен жақсы қарым-қатынасты жалғастырып келеді. Сондықтан бұл бағытта қандай да бір өзгеріс болады деп ойламаймын. Дегенмен, АҚШ-тағы барлық партия өкілдері Қазақстанмен достығымызды қолдайтынын ерекше айтқым келеді. Бұл тек президент Трампқа ғана байланысты емес, десе де ол екі елдің байланысы қаншалықты мықты бола алатынын көрсетіп берді. Американың Қазақстанға деген мұндай қолдауы бұрыннан бар.
ВОЛЬФРАМ ЖӘНЕ МАҢЫЗДЫ МИНЕРАЛДАР
Қазақстан мен АҚШ арасындағы инвестициялық ынтымақтастық, әсіресе сирек кездесетін металдар саласындағы әріптестік нығайып келеді. Соның бірі – вольфрам өндіру жөніндегі стратегиялық жоба. Алайда америкалық БАҚ-та жобаға қатысты сын айтылып, кейбір банктердің оны қаржыландырудан бас тартқаны туралы ақпарат тарады.
Жобадағы үлестің 30 пайызы Қазақстанға, 70 пайызы америкалық тарапқа тиесілі екені де айтылып жүр. Осы ретте, бұл келісімнің Қазақстан экономикасына берер нақты пайдасы қандай? Жергілікті жерде өңдеу өндірісін жолға қойып, технологиялық әлеуетті дамыту мүмкіндігі қарастырылған ба? Елші ретінде жобаның болашағын қалай бағалайсыз?
– Ең алдымен мынаны айтқым келеді: Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары америкалық компаниялардың мұнай-газ саласына салған инвестициялары – бүкіл экономиканың іргетасын қалаған жобалар. Америкалық компаниялардың Қазақстан тарихының ең бастапқы кезеңінде-ақ келіп, бүгінгі ел дәулетіне негіз болған инвестиция құйғанын, қазақстандықтар үшін жүздеген мың жұмыс орнын ашып, озық технологиялар әкелгенін мақтана айтамыз. Ал вольфрам жобасына, яғни Cove Capital жобасына келсек, бұл – керемет бастама. Ол – әлем тарихындағы ең ірі вольфрам жобаларының бірі.
Менің ойымша, бұл жоба Қазақстанға бірнеше маңызды нәтиже береді. Біріншіден және ең бастысы, бұл өзге америкалық және батыстық тау-кен инвесторларына мұндай жұмыстың сәтті жүзеге асатынын көрсетеді. Бұл жоба батыс инвесторларының келіп, Қазақстанмен осы салада серіктес болуының қаншалықты маңызды екенін дәлелдейді. Оның үстіне, вольфрам жобасы болсын, маңызды минералдар саласындағы АҚШ пен Қазақстанның басқа да ортақ жобалары болсын, бұлар Қазақстанға өз табиғи ресурстарына өзі иелік етіп, шешім қабылдауына жол ашады. Яғни, америкалық инвестордың осында келіп, вольфрам өндіруге қаржы салуы Қазақстанға өз вольфрамының бағасы мен сатылымын өзі бақылауға мүмкіндік береді. Әлемдегі бір ғана алпауыттың минералдар нарығын толық бақылап, бағаны өз дегенімен белгілеуін қаламаймыз. Олар бағаны тым арзандатып жіберсе, Қазақстан өз ресурстарынан тиесілі пайдасын көре алмай қалады. Сол себепті америкалық инвесторлармен жұмыс істеу – ең алдымен Қазақстанның өзіне тиімді.
АҚШ – тау-кен саласы мықты дамыған ел. Бұл салада тәжірибеміз мол. Қазақстан өз байлығына өзі иелік етіп, шешімді өзі қабылдауы үшін сол тәжірибемізді осында әкеліп отырмыз.
ТЕҢІЗ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ
Қазақстан өз экономикасының әртараптануына, АҚШ пен Еуропа елдерімен экономикалық байланысының нығаюына мүдделі. Осы ретте, Теңіз кен орнын игеру жобасына тоқталғым келеді. Chevron мен ExxonMobil негізгі қатысушыларының қатарында болған бұл жобаға қатысты келісімдер қазір қайта қаралып жатыр.
Бұған дейін мұнай саласындағы бірқатар келісімшартта Қазақстанның мүддесі толық ескерілмеді деген сын айтылған. Қазіргі келіссөздерде еліміздің ұлттық мүддесі қаншалықты қорғалып жатыр? Қазақстан үшін әділ әрі тиімді келісімге қол жеткізуге қатысты қандай жаңалықтар күтуге болады?
– Өзіңіз білетіндей, мен дипломат және АҚШ үкіметінің өкілі ретінде жеке компаниялардың Қазақстанмен жүргізіп жатқан келіссөздеріне, соның ішінде Теңіз жобасына қатысты келіссөздерге араласпаймын. Дегенмен Қазақстан үкіметінің өкілдерімен жиі кездесетіндіктен, олардың бұл келіссөздерде өз елінің мүддесін өте жақсы қорғайтынын білемін. Әрине, қазіргі келіссөздердің жүріп жатуы заңдылық, өйткені келісімшарт бойынша тараптардың жоба шарттарын қайта қарауына болатын арнайы уақыт бар.
Теңіз – өте алып жоба, ол әлемдегі ең ірі мұнай кен орындарының бірі. Келіссөздердің қалай өтіп жатқанынан хабарым жоқ, біз оған араласпаймыз. Бірақ дәл осы жобаның арқасында Қазақстанның бүгінде қандай деңгейге жеткенін жақсы білемін. Қазақстанға 100 миллиард доллар америкалық инвестиция құйылғанын көру – шынымен керемет нәрсе.
Сауда-саттық – бөлек әңгіме. Өзіңіз айтқандай, екі ел арасындағы сауда айналымы бұрын-соңды болмаған 7 миллиард долларға жетті. Мұның бәрі Қазақстанның америкалық инвесторлармен жұмыс істеуді таңдауының арқасында мүмкін болып отыр. Бұл таңдау болашақта да жаңа инвестициялар тартуға септігін тигізеді.
Инвестициялық ахуал – өте маңызды мәселе. АҚШ елшісі ретінде Қазақстанға алғаш рет келгелі жатқан америкалық компаниялардан ең көп еститін сұрақтарым да осыған саяды: «Ол жақта жағдай қалай? Қазақстанда бізге әділ қарай ма? Кіммен сөйлесуіміз керек? Сот жүйесі жұмыс істей ме? Құқық қорғау органдары ше? Егер салық мәселесі туындаса, кімге жүгінеміз?». Біз бұл сұрақтарға өте байыппен қараймыз. Жақында Қазақстанның инвестициялық ахуалы туралы өзіміздің арнайы есебімізді де жарияладық. Қазақстанның батыстық компаниялармен жүргізген әрбір келіссөзі, жасасқан әрбір келісімі мен талқылауы өзге компанияларға бұл елде жұмыс істеудің қандай екенін көрсетеді. Сондықтан мұндай компаниялардың келуі Қазақстан үшін өте тиімді. Біз мұны қолымыздан келгенше қолдаймыз, бірақ инвесторлардың келуі және осында тұрақтап қалуы үшін елде қолайлы инвестициялық орта бар екенін көрсету – Қазақстанның өз қолында.
ӘСКЕРИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖӘНЕ САНКЦИЯЛАР
Жуырда Қазақстанның Қорғаныс министрімен кездескеніңіз мәлім. Осы ретте, Қазақстан мен АҚШ-тың қорғаныс саласындағы ынтымақтастығына қатысты сұрағым бар. Мендегі ақпаратқа сүйенсек, АҚШ-тың Қазақстанға әскери техника, тіпті Motorola рацияларын сатуға да шектеуі бар көрінеді. Бұл қаншалықты рас? Жалпы, екі ел арасында әскери техника мен жабдықтарды сатып алу-сату бағытында келісімдер жасауға мүмкіндік бар ма?
– АҚШ қорғаныс саласын қоса алғанда, кез келген бағытта Қазақстанның негізгі әріптесі болуға дайын. Сондықтан біз министрлікпен тығыз жұмыс істейміз және екі ел де мұны орынды деп тапса, Қазақстан АҚШ-тан әскери техника сатып ала алады. Қазір біз осы сатып алулар жөнінде белсенді келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Қазіргі талқыланып жатқан мәселелерге санкциялардың қандай да бір кедергі келтіріп отырғанынан хабарым жоқ.
Ал санкциялар тақырыбына бөлек тоқталар болсам, мен жаңа ғана атап өткен инвестициялық ахуал туралы есебімізде Қазақстанның Ресейге қатысты халықаралық және АҚШ санкцияларын сақтау бойынша жақсы жұмыс атқарып жатқаны айтылған. Екі ел арасындағы шекараның ұзындығы мен экономикалық байланыстардың тығыздығын ескерсек, бұл шынымен де орасан зор еңбекті талап етті. Сондықтан Қазақстанның санкция талаптарын сақтауы біз үшін өте маңызды. Біз Қазақстанның бұл бағытта жақсы нәтиже көрсетіп отырғанына сенеміз. Бұл жөнінде жиі пікір алмасамыз және қорғаныс саласындағы әріптестігімізді де одан әрі жалғастырамыз деп үміттенеміз.
Демек, Қазақстанның АҚШ-тан Motorola өнімдері мен өзге де әскери техниканы сатып алуына ешқандай шектеу жоқ қой?
– Иә, сатылымда тұрған әскери техниканың түрі өте көп. Сондықтан кейбір дүниелерге қатысты өте тар шеңбердегі техникалық сұрақтар туындауы мүмкін. Мен бұл жағын терең біле бермеймін, бірақ мұндай шектеулерге жатпайтын өнімдер өте көп. Олардың кейбірін Қазақстан бұған дейін де сатып алған.
NVIDIA ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ДАУ: ҚАЗАҚСТАНМЕН БІРЛЕСКЕН ЖОБАНЫҢ БОЛАШАҒЫ ҚАНДАЙ
NVIDIA компаниясының басшылығына қатысты даулар Қазақстанмен бірлескен жобалардың болашағына қатысты алаңдаушылық туғызды. Еліміздің бұл компаниямен 100 миллиард долларлық инвестициялық жоспары, соның ішінде Екібастұзда деректер орталығын салу жобасы жүзеге аса ма? Компания басшылығындағы өзгерістерге қарамастан, бұл әріптестіктің жалғасатынына қандай кепілдік бар?
– Қазақстан ең алғаш жолын шикізат өндіру саласынан бастады емес пе? Қазақстан мұнайға, түрлі минералдар мен басқа да қазба байлықтарға өте бай ел. Бірақ небәрі 35 жылдың ішінде елдің шикізаттық емес, мүлде басқа салаларға осыншалықты тез бет бұрғаны – дипломат ретінде көрген ең әсерлі дүниелерімнің бірі. Өзіңіз атап өткен Екібастұздағы Деректер орталықтары алқабына (Data Center Valley/Долина ЦОД) қатысты жұмыстар, әлемдік технологиялық компаниялардың келуі, тіпті Қазақстанның таңғаларлық жобалар жасап жатқан өз ІТ-компанияларының пайда болуы шынымен тамсандырады. NVIDIA компаниясының осында келуінің басты себебі де осы.
NVIDIA басшысының Қазақстанға арнайы келуі – елдің жетістіктерінің өте жоғары деңгейде екенінің дәлелі. Және компания осы үдерістің бір бөлігі болғысы келеді. Бұл бағыт өзгермейді. Олардың осында серіктестері бар және болашақта тек NVIDIA-мен ғана емес, АҚШ-тың басқа да технологиялық алпауыттары мен ірі цифрлық платформаларымен бұдан да ауқымды ынтымақтастық орнайтынына сенімдімін.
NVIDIA басшысына қатысты оқиғалар дипломат ретінде сізді таңғалдырды ма?
– Меніңше, мұндайды сіздер Қазақстанда да көріп жүрсіздер – кез келген адам лауазымының жоғары не төмен екеніне қарамастан, өз ісіне жауап беруі керек. АҚШ пен Қазақстан сияқты елдерде заң үстемдігі жұмыс істегенде, жоғары лауазымды тұлғалар да заң алдында жауап береді. Әрине, сіз айтып отырған бұл жаңалыққа қатысты менің алып-қосарым жоқ, бұл жөнінде NVIDIA-ның инвесторлары мен басшылары өз пікірін айта жатар. Бірақ бұл жағдай NVIDIA-ның Қазақстанға қатысты жоспарларын өзгертеді деп ойламаймын. Өзіңіз білетіндей, сол сапар кезінде NVIDIA-дан көптеген өкілдер келді. Менің түсінуімше, олар бұл жақтан өте үлкен әсер алып қайтты және осында ұзақ мерзімді іскерлік қарым-қатынас орнатқысы келеді.
УКРАИНАДА БЕЙБІТШІЛІК ҚАШАН ОРНАЙДЫ?
АҚШ-тың Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған дипломатиялық бастамаларын көріп отырмыз. Сіздіңше, соғыстың аяқталуына қаншалықты жақынбыз? Жыл соңына дейін бейбіт келіссөздерде нақты ілгерілеу болуы мүмкін бе?
– Көпшілік сияқты мен де Украинадағы соғыс жақын арада аяқталады деп үміттенемін. Бұл іске араласып отырған тараптардың бәрінің ортақ мақсаты – осынау тым ұзаққа созылып кеткен соғысты тоқтату. Меніңше, адамдар жаңалықтарды көріп отырып, келіссөздердің бәрі ашық өтіп жатыр және елдер арасында болып жатқан жағдайдың бәрі теледидардан көрсетіліп жатқан дүниемен ғана шектеледі деп ойлауы мүмкін. Бірақ шындығында олай емес. Бұл келіссөздердің басым бөлігі, мәселен, Абу-Дабидегідей жабық есік жағдайында өтіп жатыр. Қазақстанды қоса алғанда, барлық тарап бір ортақ межеге – осы соғысты аяқтауға күш салуда. Президент Тоқаевтың өзі де бұл соғыстың тезірек біткенін қалайтынын ашық айтқан болатын. Әрине, біз де, еуропалық әріптестеріміз бен өзге елдер де осы үдерісті барынша қолдап, Қазақстанмен бірлесіп жұмыс істейтін боламыз.
АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗ ЖУРНАЛИСТИКА
АҚШ дәстүрлі түрде адам құқықтары, сөз бостандығы мен демократиялық құндылықтарды қолдап келеді. Қазақстандағы адам құқықтарының сақталуы, сот тәуелсіздігі мен тәуелсіз медианың жұмысы елшілік назарында ма? Ал АҚШ-тағы саяси өзгерістер, соның ішінде Конгрестегі партиялық құрамның ауысуы, Вашингтонның осы бағыттағы саясатына әсер етуі мүмкін бе?
– Иә, адам құқықтарын қорғау және оны бүкіл әлемде ілгерілету – Америка Құрама Штаттары жұмысының басты өзегі болып қала береді. Бұл ұстаным еш өзгерген жоқ. Тіпті, біздің ресми сайтымызға кіріп, Қазақстан бойынша жыл сайын әзірленетін адам құқықтары туралы есепті көруіңізге болады. Онда бізді алаңдататын мәселелердің бәрі егжей-тегжейлі жазылған. Жаңа айтып өткенімдей, бұл тақырыптағы әңгімелер үздіксіз жүріп жатыр. Жаңалықтардан көрсетілмесе, демек ештеңе істеліп жатқан жоқ деп ойлау – қате. Біз Қазақстан үкіметімен адам құқықтарына немесе басқа да мәселелерге қатысты алаңдаушылықтарымыз жөнінде өте мазмұнды, екіжақты диалог жүргізіп келеміз. Тағы да қайталап айтамын, бұл – екі тараптың да пікірі ескерілетін ашық әңгіме. Жалпы, бұл – біздің бүкіл әлемде қолданатын дипломатиялық тәжірибеміз. Сондықтан мұндай талқылаулардың болып жатқанын сенімді түрде айта аламын.
Ал сөз бостандығы мен бұқаралық ақпарат құралдарының еркіндігіне жеке тоқталсақ, әрине, біз бұл жағдайды әлем бойынша өте мұқият бақылап отырамыз. Өздеріңіз білетіндей, АҚШ Конгресі тәуелсіз медианың жұмыс істеуіне бұрын да, қазір де арнайы қаржы бөліп келеді және мұндай жобалар Қазақстанда да жүзеге асырылуда. Бұл қолдау алдағы уақытта да жалғаса беретініне еш күмән жоқ. Меніңше, Қазақстан үкіметі де мұның жалғасатынын жақсы түсінеді. Ал біз өз тарапымыздан әлемдегі тәуелсіз БАҚ-ты дамытуға қай жерде қолұшын соза алатынымызды әрдайым бақылап отырамыз.
АҚШ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАН НЕ КҮТЕДІ?
Қазан айында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Өзбекстанға сапармен барды. Алдағы уақытта оның немесе АҚШ-тың өзге де жоғары лауазымды өкілдерінің Қазақстанға сапары жоспарланған ба? Жалпы, Вашингтонның Орталық Азиядағы стратегиялық басымдықтары қандай және АҚШ аймақтан не күтеді?
– Мемлекеттік хатшының Өзбекстанға жасаған сапарына расында да маңызды оқиға болды. Онда мен де, Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді де және Қазақстаннан барған үлкен делегация да болды, өйткені бұл «C5+1» форматындағы жиын еді. Жиынды Өзбекстан өткізгенімен, оның басты мақсаты Мемлекеттік хатшы Рубионың Орталық Азия елдерінің барлық сыртқы істер министрлерімен кездесуі болатын, және ол солай болды да. Ол жаққа өте көп компания келді. Мемлекеттік хатшы делегация құрамында 200 америкалық компанияны ерте келді. Мен де, Қазақстанның үкіметтік делегациясының өзге мүшелері де сол жерде көптеген компания өкілдерімен тілдестік. Олардың бәрі – Орталық Азияға инвестиция салғысы келетін, осында келіп бизнес жүргізуге ниетті америкалық компаниялар. Арасында бұрын-соңды бұл аймақта болмағандары да көп. Бұл үлкен серпін берді, тамаша мүмкіндік болды.
Әрине, Қазақстанның экономикасы аймақтағы өзге елдердің бәрінен әлдеқайда озық тұрғаны анық, бұған еш күмән жоқ. Сол компаниялардың Қазақстанда басқа да салаларда бизнес ашып, әріптестік орнатқысы келетінін өз ауыздарынан естідік. Мемлекеттік хатшы Рубионың Өзбекстанға, Самарқанға баруының негізгі себебі де осындай қызығушылықты есту-білу еді. Алдағы уақытта жоғары деңгейдегі сапарлар бұдан да көп болады деп сенемін. Мемлекеттік хатшы Рубио ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мырзаға Қазақстанға келгісі келетінін айтты. Басқа да лауазымды тұлғалар, соның ішінде президенттің өзі де Қазақстанға келуге қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. Қолымыздан келсе, осы сапарларды жүзеге асыру бағытында жұмыс істейтін боламыз.
Қазақстанда 600-ге жуық америкалық-қазақстандық компания жұмыс істейді, АҚШ-пен инвестициялық және экономикалық байланысымыз тығыз. Соған қарамастан, Марко Рубионың Орталық Азияға сапары кезінде Өзбекстанның таңдалуы сұрақ тудырады. Бұл таңдауға не себеп болды? Қазақстан дипломатиясының белсенділігі жеткіліксіз болды ма, әлде Ақ үйдің Өзбекстанмен қарым-қатынасты тереңдетуге бағытталған жеке басымдығы бар ма?
– Жоқ, мен бұл сауалға еш бүкпесіз, тура жауап бере аламын. Мүмкін есіңізде шығар, «C5+1» форматының ең алғашқы кездесуі де дәл осы Самарқанда өткен болатын. Кездесу орны ретінде тағы да Самарқан таңдалды, Мемлекеттік хатшы онда қысқа мерзімді сапармен барды. Өзбекстан үкіметі бес елдің бәрін жоғары деңгейде қарсы алып, тамаша ұйымдастырды. Бұл жиында Қазақстан үшін де, Орталық Азияның басқа елдері үшін де өте көп мүмкіндіктер ашылды. Бұл бастапқыдан-ақ ортақ, топтық сапар ретінде жоспарланған еді. Мемлекеттік хатшы уақытының басым бөлігін бес елдің сыртқы істер министрлерімен тілдесуге арнады, олардың бәрі бірге бас қосты.
Біз, Америка Құрама Штаттары, Қазақстанға ешқашан өзге бір елдің көзімен қарамаймыз. Көршілеріңіздің кім екені немесе Орталық Азияда тағы қандай мемлекеттер бар екені маңызды емес. Біз Қазақстанды өз алдына дербес, ерекше мемлекет ретінде қабылдаймыз. Оның біз үшін маңызы өте зор, оған миллион түрлі себеп бар. Бұл тек сауда-саттық пен бизнеске ғана қатысты емес, сонымен қатар терроризмге қарсы күрес, қауіпсіздік және экономикадан тыс тағы басқа көптеген маңызды салаларда бірге жұмыс істейміз. Меніңше, Қазақстан АҚШ-қа Мексика немесе Канададан бөлек, дербес ел ретінде қарайтыны секілді, біз де Қазақстанға дәл солай қараймыз. Қазақстан – бірегей мемлекет, ал біздің арамыздағы қарым-қатынас ерекше.
ТІЛГЕ ҚҰРМЕТ – ЕЛГЕ ҚҰРМЕТ
Елші ханым, қазақтың ұлттық киімін киіп, қазақ тілінде сұхбат беріп отырғаныңызға рақмет. Қазақ тілін үйреніп жүргеніңізді де айттыңыз. Қазір тілді меңгеру деңгейіңіз қандай? Үйрену қиындық тудырып жатқан жоқ па?
– Қазақ тілі – өте әдемі тіл. Мен оны үнемі оқып, күннен-күнге көбірек үйренуге тырысып жүрмін. Сіздің қазақша сөйлегеніңізді есту мен үшін бір ғанибет, өйткені тіліңіз сондай жатық әрі әсем. Бұл – шынымен сұлу тіл. Ол мен бұрын-соңды үйренген ешбір тілге ұқсамайды. Сондықтан маған сәл қиындау тиіп жүр, бірақ сонысымен де ғажап. Қазақ тілінің қолданыс аясы Қазақстанның түкпір-түкпірінде кеңейіп келе жатқанын көру қуантады. Бұл – керемет құбылыс. Әрине, біз қазақ тілінің Қазақстанда өзіне тиесілі мемлекеттік тіл мәртебесінде кеңінен қолданылғанын, ал одан кейінгі ең көп қолданылатын тіл ағылшын тілі болғанын қалаймыз. Сол себепті біз ағылшын тілін оқытуға және оған қызығушылық танытқан адамдардың тіл үйренуіне көмектесуге көп уақыт пен күш жұмсап келеміз.
Сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia You-Tube арнасынан көріңіздер.