Ресейде үш қазақ мектебі қай қалаларда салынатыны белгілі болды

Аян Өрібай

Екі елдің келісімі негізінде Ресейде қазақ мектептері қай қалаларда салынатыны белгілі болды, деп жазады Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

РЕСЕЙДЕГІ ҚАЗАҚ МЕКТЕПТЕРІ

Үкіметте баспасөз мәслихатын өткізген оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтен Ulysmedia.kz тілшісі қазақ мектептері екі елдің келісімі бойынша Ресейдің қай қалаларында салынатынын сұраған. Министр Астрахань, Орынбор және Том қаласы екенін айтты.

– Аталған өңірлер зерттеліп жатыр (Ресейде қазақ мектептері қажет өңірлер). Бұл толыққанды процес. Қалалар қазір шамамен айқындалды. Енді келесі қадам – сол қалада салынатын орыны. Қалалар таңдалған кезде қазақ бауырларымыздың көп шоғырланған жерлерде мектеп салу – ең басты мақсат болды. Сондықтан, бұл қалалардың таңдалуы да, ол жердегі мектептің соғылуы да екіжақты пысықталып жатыр. Бұл әлі де біршама уақытты алады. Сондықтан, жерін анықтау, келісімшартқа қол қою, одан кейін құрылысы, қандай болатыны біршама уақытты қажет етеді. Салу – шешім қабылданған дүние. Бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр, – дейді ол.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОРЫС МЕКТЕПТЕРІ

Екі елдің келісімі бойынша Қазақстанның үш облысында орыс мектептері ашылады. Ол білім ордасы кімнің қаражаты есебінен салынатынын бұған дейін Ulysmedia.kz тілшісі министрден сұрап білген еді. Қазақстандағы орыс мектептері Түркістан, Тараз және Қызылордада салынады.