Ресей Қазақстанды дәстүрлі бидай нарықтарынан ысырып жатыр: билікте қандай шара бар

Аян Өрібай

Сарапшылар Қазақстан 2021-2022 жылдары 23 елге, 2023 жылы 24 елге бидай сатқанын хабарлайды. Бірақ биыл бұл елдердің қатары екі есе, яғни 12-ге дейін азайған. Мұны олар Ресейден келетін арзан бидаймен байланыстырады. Мұндайда Қазақстанның бидай өсірушілерін қолдау үшін билік енді не істейді? Бұл сұрақты Ulysmedia.kz тілшісі сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевке қойды.

Ulysmedia коллажы

ТӨРЕБАЕВ НЕ ДЕЙДІ

Вице-министрдің сөзінше, биыл бидай Қазақстанда жақсы шыққан. Өнімділігі де жоғары болған. “12 млн тоннаны экспортқа шығаруға ниет білдіріп жатырмыз” дейді ол. Осы мақсатта ауыл шаруашылығы және азық-түлік келісімшарт корпорациясымен бірге шетел нарықтарына Қазақстанның бидайын шығару бағытында қадамдар жасалған.

– Көбінесе Орта Азия нарығы – біздің негізгі сатып алушыларымыз. Біз солармен тікелей жұмыс істеп жатырмыз. Бұл – біздің тарихи нарығымыз. Имплрттаушылармен бірге бағаны төмендетіп, арадағы делдалдарды алып тастау оларға да тиімді, біз де сол арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін жақсы бағамен сатуды ұйымдастырдық. Басқа да нарықтармен жұмыс істеп жатырмыз. Жаңа Мәжілісте Иранмен осы еркін сауда келісіміне қол қойдық. Бұған дейін Иранның өзі шектеу қойған. Енді біз Иран нарығын өзіміз үшін ашып жатырмыз. 2022 жылы біз 500 мың тоннадан астам бидай сатқанбыз. Енді осы келісім күшіне енгеннен кейін өзімізге квота таңдадық. Біздің экспортқа 0 баж алынады. 700 мың тоннаны біз еркін түрде Иранға сата аламыз, – дейді ол.

Төребаевтің айтуынша, Қазақстан Үкіметінің делегациясы алдыңғы аптада Қытайға барып келген. Вице-премьер Серік Жұманғаринмен бірге Қытайға ҚТЖ және азық-түлік келісімшарт корпорациясы, басқа да бидайды экспорттаушы компаниялардың өкілдері еріп барған.

– Сол жақта біз өзіміздің терминалымызды салуды ұсындық. Сондықтан, болашақта осындай терминал салынса, біз Қытай нарығына шексіз экспортқа шығара аламыз. Біздің министрліктің мақсаты – жол ашып беру. Оларды сату Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Азық-түлік келісімшарт корпорациясының міндетіне кіреді. Қазір субсидиялау мәселесі де қарастырылып жатыр. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ауылдағы шағын диқандардың жағдайын жасау үшін сатып алу тетігі де бар, – дейді ол.

“Жалпы, сарапшылардың Қазақстан дәстүрлі бидай нарығынан айырылып жатыр деген сөзімен келісесіз бе?” деген сұраққа вице-министр “ол бәсекелестік мәселесі. Жыл соңына дейін қарастыруымыз керек. Тарихи нарықтарда біздің үлесіміз әлі де басым” деп жауап берді.

САРАПШЫЛАР НЕГЕ ДАБЫЛ ҚАҚТЫ

Бұған дейін Halyk Finance талдау орталығы 2021-2022 жылдары Қазақстан бидайды 23 елге, ал 2023 жылы 24 елге экспорттағанын хабарлаған. Алайда биыл Қазақстанның бидайы жеткізілетін  елдер саны 12-ге дейін қысқарған.

Қазақстан Ресей астығымен бәсекеге түсе алмай, дәстүрлі экспорттық нарықтар мен халықаралық аренадағы позицияларын жоғалтып, елеулі сын-қатерлерге тап болған.

Ресейден астықтың артық жеткізілуі елдегі өндірушілерді бәсекеге қабілетті болу үшін бағаны төмендетуге мәжбүр етеді. Мұндай жағдайда өзіндік құны төмен және өнімділігі жоғары шаруашылықтар ғана нарықтағы қысымға төтеп бере алады деп түсіндірді сарапшылар.

Сондай-ақ, Қазақстан басқа елдерден импорттауға тыйым салу ретінде жергілікті астық өндірушілерді қорғау тетіктерін енгізген. Алайда бұл шаралар уақытша сипатқа ие әрі саланың негізгі мәселелерін шешпейді.