Сараптама, халықаралық тәжірибе мен ашық дереккөздер: медианың бары неде, жоғы қайда

Ulysmedia

Ulysmedia.kz командасы таяуда Медиа Дамыту қорының қолдауымен жергілікті журналистерді жинап, медиа тренинг өткізді. Тренинг біржақты түсіндіру емес, сұрақ-жауап, ой талқы форматында ұйымдастырылды. Астана мен Алматыда журналистердің көбі шоғырланғанымен, өңірлерде, оның ішінде мұнайымен бюджетті қампайтып отырған Атырау өңірінде салмақты БАҚ құралдары баршылық. Талқылау барысында өңір тілшілерінің біліктілігі де, білері мол екені байқалды.

Ulysmedia

ULYSMEDIA КЕЙСТЕРІ

Тренинг барысында Ulysmedia.kz порталының негізін қалаушы әрі бас редакторы Самал Ибраев әуелі порталды ашу тарихын баяндады. Ақпараттық-cараптамалық сайт 2021 жылғы қыркүйекте құрылған. Саяси-қоғамдық тақырыптағы мәселелерді көтеріп, қазақ және орыс тілдерінде ақпарат таратып, қазіргі күнде ТОП-5 кіретін республикалық интернет басылымға айналды. Сайттың бір айдағы қаралымы 1 500 000-2 000 000 аралығында. Сондай-ақ, сайттың әлеуметтік желілердегі парақшалары ел арасында танымал. Телеграмм, Инстаграмм, Тик-ток желілерінде үзбей ақпарат таратады.

Ұлысмедианың бас редакторы Самал Ибраева мемлекеттік қызметте қоғаммен байланыс саласында 14 жыл еңбек еткен. Журналистикада 2007-2008 жылдары ЭРА телеарнасында тілші болған. 2021 жылдан бері журналистикаға қайта оралды. 2024 жылы Forbes басылымының «Қазақстандағы ең ықпалды әйелдер» рейтингіне енген.  Ұлысмедиада командасында қазір 20-ға жуық адам еңбек етеді. Порталдың YouTube парақшасына 240 мың адам жазылған. Арнада аптаның айтулы жаңалықтары Ұлыс апта форматында ұсынылады. Редакция елдегі елең еткізер басты шаралардан, оқиғалардан тыс қалмай, оқиға орнына баруға барын салады.

Команда жасақталып, еңбек еткен кезде редакция жұмысында күрделі мәселелер аз болған жоқ. Сынақтың ең үлкен – редакция жасалған шабуыл болды. Әуелі сайт жұмысына өте қуатты Dos-шабуыл жасалып, архивте екі жыл бойы жинақталған материалдардың бәрі жойылып кетті. Ізінше бас редактордың балаларының суретімен қоса, малдың өкпе-бауыры салынған қорапты редакция жолдады. Бұл бүкіл Қазақстандағы БАҚ өкілдеріне сол тұста жасалған шабуылдардың бірі еді. Қысым Ulysmedia.kz командасын, оның ішінде тікелей басшысын айналып өткен жоқ.

  «Журналистердің жұмысында қиындықтар кездеседі. Мамандық сонысымен де қызық. Ақпарат аз болатын жағдайлар, зерттеуге уақыт кететін кездер аз емес. Мемлекеттік органдарға жолданған редакциялық сауалдарға да жауап алу қиын. Мемлекеттік органдардың кейбірі ақпаратқа жабық болатындықтан, кейбір сұрақтарды шенеуніктерге тікелей қоюға тура келеді. Коммуникация саласындағы кәсіби төменділік те атап өтер едім. Кадр тапшылығы да жоқ емес», - дейді Самал Ибраева.

Ulysmedia.kz командасы елдегі ірі оқиғалар кезінде – Костенко шахтасындағы 46 кеншінің қазасы кезінде, су тасқыны басталғанда оқиға орнынан ақпарат таратқан.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ

Тренинг барысында медиамаман Ерік Ілиясов халықаралық ұйымдармен қалай жұмыс істейтінін айтып берді. Ол аккредитациядан бастап, гранттарға дейін кезеңдер турасында ойын ортаға салды. Сөзінше, халықаралық ұйымдар шағын немесе дамушы елдердегі мықты экономикалық күш мүмкіндігін қамтамасыз ете алады. Ірі елдердің артықшылықтарын пайдалана отыра көршілерді біріктіреді. Мемлекеттерге тиімді саясат жүргізуге ықпал етеді. Үлкен елдермен қарым-қатынас орнатуға себеп бола алады.

Ерік Ілиясов

Ерік Ілиясовтің айтуынша, халықаралық ұйымдардың өкілдері көп оқиды, көп жазады. Тілдері күрделі. Сұрақты қысқа әрі нұсқа қоюды өтінеді. Журналистер мен қарапайым азаматтарды өз саласындағы халықаралық ұйымдарға мән беруге шақырады.

«Халықаралық ұйымдар журналистерге материал үшін ақша төлемейді. Бірақ журналистік зерттеулерге қатысуға мүмкіндік береді. Гранттар бөледі, баспасөз турын ұйымдастырады. Оқу, стипендия, біліктілікті арттыру бағдарламаларын өткізеді, шет тілін үйретеді», - дейді Ерік Ілиясов.

АШЫҚ ДЕРЕККӨЗДЕРМЕН ЖҰМЫС

Тренинг барысында Ulysmedia.kz порталының арнайы тілшісі Аян Өрібай кулуардан журналистер қалай ақпарат алатынын, редакция әрбір отырыс алдында қалай жоспарлы жұмыс жүргізіп, күн тәртібіндегі мәселелер қалай қозғалатынын айтып берді. Қазір журналистпін деген әрбір азамат сұрақты өзі ойластырып, өзі қойып, оны түсіріп, мобильді қосымшалар арқылы өңдеп, бірден әлеуметтік желілерге тарата алуы керек. Заманның тілшілерге қойып отырған талаптарының бірі – осы. Бұрынғыша халыққа ақпарат жеткізуде редакциядағы көп қызметкердің қажеттігін заманға сай құралдар, әлеуметтік желілер жойған. Редакциялар жылдамдық жағынан бәсекеге түседі.

Аян Өрібай

Журналист сонымен қатар, ашық дереккөздермен қалай жұмыс істейтінін айтып берді. Әдетте, мемлекеттік органдарға ресми сауал жолданғанда жауаптар журналистерді қанағаттандырмауы әбден мүмкін. Көп жағдайда солай болады да. Сол себепті қажетті ақпаратты журналистің өз бетімен ресми дереккөздерден тауып алуы – көп жағдайда жұмысын жеңілдетеді. Ұлттық статистикалық бюроның деректері, квазимемлекеттік компаниялардың ресми есептері, электронды ауцион алаңы, мемлекеттік сатып алу порталы, сот кабинеті – осынау үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Тренинг барысында Аян Өрібай осы жұмыс үлгісін көрсетіп, тілшілерге нақты кейстерді паш етті. Егов порталы арқылы заңды тұлғалар мен олардың есептерін табу да жақсы әдіс. Ашық дереккөздермен неғұрлым көп жұмыс істеу журналистерді ақпаратпен көбірек қаруландыра түседі.