Әлемнің алпауыт мемлекеттері шағын елдердің қазба байлығына көз тіге бастаған қазіргі заманда Қазақстан стратегиялық активтерін қорғаудың амалдарын қарастыруы керек пе? Ulysmedia тілшісі бұл жолы осы сұрақты мәжіліс депутаттарына қойып көрді.
“НАҚТЫ АЙТА АЛМАЙМЫН”
Депутат Еркін Әбіл қалай бақылау керектігін нақты айта алмайтынын, бірақ осындай активтерге кім ие болады, қалай сатылады – міндетті түрде мемлекеттік бақылау болуы керектігін айтады. Парламенттік деңгейге шығару керек пе, жоқ па деген сұраққа қазір нақты жауабы жоқ. Себебі парламенттің конституциялық шектеулері бар дейді ол.
Кейбір мәселелерге парламент араласа алмайды. Оның ішінде экономиканың күнделікті оперативтік қызметі бар. Бізде парламент пен үкіметтің құзіреті бөлінген. Екеуінің де құзіреті Конституция бойынша шектелген. Біз тек үкіметтен есеп алсақ, ол болады. Ал тікелей парламенттік комиссия құрып, экономикалық мәселеге қатыссақ, оған Конституциямен шектеу қойылған. Сондықтан, ол бақылаудың формасы қандай болатынын түсіну керек. Сондықтан, дәл қазір қолдаймын немесе қолдамаймын деп мен айта алмаймын, – дейді Еркін Әбіл.
Оның әріптесі Сергей Понамарев әуелі Қазақстанның ірі мұнай компаниялармен ертеректе жасасқан келісімдері турасында айтып кетті. Кейінгі екі аптаның өзінде депутаттар ірі мұнай компанияларымен кездескенін жеткізді. Соның бірі америкалық Шеврон компаниясы. Былтыр ол компания Қазақстанның бюджетіне 23,9 млрд доллар салған. Осыдан кейін депутаттар NCOC компаниясын тыңдаған. Қазақгаз компаниясында болған. “Қазір біз қолданыстағы келісімшарттарды қайта қарай алмаймыз. Бірақ ол келісімшарт аяқталған соң Қазақстанға пайдалы бола түсетін шарттарды қарастыра аламыз” деген депутат Расул Рысмамбетовтің Қазмырыш немесе сол сияқты ірі компаниялар жайлы көтерген мәселесі өте өзекті деп ойлайтынын жеткізді. “Оны қолдау керек” деп сөзін аяқтады.
МЕМЛЕКЕТ РЕТТЕУІ КЕРЕК
Депутат Ермұрат Бапи Қазақстан қазір әлемдік нарық базарында өмір сүріп жатқандықтан, нарықтың шарттарға сай болу керектігін айтады.
Бірақ стратегиялық кен орындарын қорғаудың нормалары сақталуы керек деп ойлаймын. Мәселен, АҚШ сирек кездесетін металдарды өндіру үшін Украинамен келіссөз жүргізіп, Ресеймен жұмыс істемек жоспарда. Мұның бәрі тиісті мемлекеттік, ұлттық қауіпсіздік мәселелері тұрғысында реттелуі керек, – дейді ол.
Ал Мұрат Ергешбаев сирек металдарды жердің астынан шығару өте қиын екенін атап өтеді.
Себебі Украина да соғысқа дейін дамыған мемлекет болды. Оған дейін де жерді игере алмады. Біз ашық экономика болған соң инвесторларды шақырып жұмыс істеуіміз керек. Қазақмыс болсын, басқа болсын акциясын басқаларға сатса, үкіметтен рұқсат алуы керек. Парламенттен келісім алатын болса – оны да қолдаймын, – дейді Ергөшбаев.
“ҚАЗАҚМЫСТЫҢ” КЕЛЕШЕГІ
Депутат Ермұрат Бапидан кейінгі резонансты жайттардан кейін Qarmet секілді “Қазақмыс” компаниясының да иелері ауысуы мүмкін бе деп сұрақ қойылған.
“Қазақмыстың” жекеменшік қожайындардың ырқында болғанына 30 жылдан асып кеткен. Ол үлкен әлемдік компания. Оны 30 жыл бойы сорып келді. Табатын табысын тауып келді. Ал қазір өндіріске инвестиция салмаудың салдарынан, тек баюдың жолына түскендіктен, қазіргі акционерлері тарапынан осындай кемшіліктер болған соң осындай апаттар жиі орын ала бастады. Қазір “Қазақмысқа” ғана емес, жалпы металлургия саласындағы тоқсанын жылдары жасалған келісімшарттарға ревизия жасайтын уақыт болды деп ойлаймын. Qarmet-ті Қазақстанның мүддесіне қайтарып алдық қой. Қазақстандық үлесін көбейттік. Сол сияқты біз тау-кен, металлургия саласындағы кәсіпорындарға бір тексеріс жүргізілуі керек. Елдің, халықтың, мемлекеттің мүддесіне сай қайта қарау мәселесін жүргізуіміз керек, – дейді ол.
Мұрат Ергөшбаевтың айтуынша, қазір заңсыз шығарылған активтерді қайтару комитеті кезінде активтердің кезінде қалай сатылып кеткенін зерттейді. “Егер заңсыз беріліп кетсе, алу керек” деген пікірде. Десе де, жаппай қайтару жағын да қолдамайды. Нарықтық экономикада жүргеніміз ескерілуі тиіс дейді. Әріптесі Еркін Әбіл де сондай пікірде.
Біз мемлекетке алар болсақ, бәрібір ертең бәсекелі ортаға беруіміз керек болады. Сондықтан, біз мемлекетке қайтару емес, тек
ҚАРЖЫ САРАПШЫСЫНЫҢ ЕСКЕРТУІ
Белгілі қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов АҚШ пен Украинаның «пайдалы қазбалар мәмілесі» туралы пікір білдіріп, болашақта қазақстандық металлургиялық компанияларға да қауіп төнуі мүмкін екенін айтқан еді.
Одан кейін Трамп бір кеңесте Ресейдің сирек жер ресурстарын сөз етті. Араға көп уақыт салмай Ресей президенті Ресейдің сирек жер ресурстарын АҚШ-пен бірлесіп игеруге дайын екенін айтты. Ал Қазақстанда Ресейдің ондаған ірі жер қойнауын пайдаланушылары жұмыс істейтінін ұмытпайық, дейді Рысмамбетов.
Сарапшы Қазақстанда тез арада стратегиялық активтер агенттігін құру немесе стратегиялық активтерді бақылауды ұлттық қауіпсіздік комитетіне, стратегиялық активтер агенттігіне және қаржы министрлігіне тапсыру керегін айтты. Рысмамбетов болашақта ресейліктер “Қазақмыс” пен “Қазцинкті” сатып алуға тырысуы мүмкін екенін айтты.
Ulysmedia тілшісі бұған дейін осы мәселеге байланысты сұрақты Қазақстанның өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа қойған болатын.