«Бақыт емес»: жапон жастары отау құрудан неге жеріп кетті?

Ulysmedia
livejournal.com

Жапония бүгінде әлемдегі ең дамыған елдердің бірі саналады. Технологиясы озық, экономикасы қуатты, тәртібі мен қауіпсіздігі жоғары мемлекет. Бірақ дәл осы ел қазір адам санының күрт азаюы мәселесімен бетпе-бет келіп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Сарапшы Шыңғыс Лепсібаевтың айтуынша, бұл жай ғана демографиялық құлдырау емес, ұлттық деңгейдегі дағдарыс. 

Соңғы деректерге сәйкес, былтыр Жапонияда 700 мыңға жетпейтін бала туылған. Бұл – ел тарихындағы ең төмен көрсеткіш. Үкімет туу көрсеткішін көтеру үшін жыл сайын ондаған миллиард доллар бөліп жатса да, нәтиже мардымсыз. Егер қазіргі үрдіс жалғаса берсе, 2070 жылға қарай Жапония халқы 128 миллионнан 87 миллион адамға дейін қысқаруы мүмкін. 

МӘСЕЛЕ БАЛА САНЫНДА ЕМЕС

Көпшілік Жапониядағы жағдайды «жастар отбасы құрғысы келмейді» деген қарапайым түсінікпен қабылдайды. Алайда мәселенің түбі әлдеқайда тереңде.

– Жапонияда бала туу – ең алдымен экономикалық және әлеуметтік тәуекелге айналған. Отбасы құру жастар үшін бақыт емес, ауыр жауапкершілік ретінде көріне бастаған. Бұл жерде бірнеше фактор қатар әсер етеді: қымбат өмір, тұрақсыз жұмыс, баспана бағасының шарықтауы, артық жұмыс мәдениеті және әйелдерге түсетін шамадан тыс жүк,– дейді сарапшы. 

Оның пікірінше, Жапонияда бала көбіне некеде дүниеге келеді. Некесіз туған балалар үлесі небәрі 2 пайыз шамасында. Сондықтан елдегі неке саны азайса, туу көрсеткіші де бірден төмендейді. 

2025 жылы тіркелген неке саны 500 мыңға да жетпеген. Бұл – өткен ғасырдың 30-жылдарындағы көрсеткішпен бірдей. Жастардың үлкен бөлігі қарым-қатынастан саналы түрде бас тартып жатыр. Кей зерттеулер бойынша, 20 жастағы ер азаматтардың жартысына жуығы ешқашан қызбен кездесіп көрмеген. 

Бұл құбылыс қоғамдағы құндылықтардың өзгергенін ғана емес, жастардың болашаққа сенімсіздігін де көрсетеді.

ОТБАСЫ МАНСАПҚА КЕДЕРГІ

– Жапониядағы ең өткір мәселелердің бірі – әйелдердің қоғамдағы рөлі. Көптеген компанияда ана болған әйелдің мансабы тоқтайды. Әйел бала туған соң жұмысын тастауға мәжбүр болады немесе бұрынғы қызметіне қайта орала алмайды. Қоғамда «ана үйге толықтай көңіл бөлуі керек» деген көзқарас әлі де сақталған. Сонымен қатар, үй шаруасының негізгі бөлігі де әйелдерге жүктеледі. Тіпті толық жұмыс істейтін әйелдердің өзі үй тірлігіне ер адамдардан бірнеше есе көп уақыт жұмсайды. Нәтижесінде олар екі жақты қысымға түседі: жұмыста да, үйде де толық жауапкершілік арқалайды,– деп жазды  Шыңғыс Лепсібаев желідегі парақшасына.

Осындай жағдайда көптеген әйел үшін ана атану – еркіндік пен мансаптан айырылумен тең.

Сарапшының пікірінше, Жапонияда тек әйелдер емес, ер адамдар да үлкен қысым көреді. Бұрын елде тұрақты жұмыс пен өмір бойғы әлеуметтік кепілдік болған. Бірақ 1990 жылдардағы экономикалық дағдарыстан кейін еңбек нарығы түбегейлі өзгерді. Қазір жастардың жартысына жуығы уақытша жұмыста істейді. 

– Мұндай жағдайда отбасы асырау үлкен тәуекелге айналады. Оның үстіне, жапон қоғамында ер адам міндетті түрде тұрақты әрі жоғары табыс табуы керек деген түсінік сақталған,– дейді Шыңғыс Лепсібаев.

Сарапшылардың пікірінше, Жапонияда «отбасы құруға жеткілікті табыс» ұғымы жастардың көп бөлігін психологиялық қысымға түсіріп отыр.

ЕҢ ҮЛКЕН КЕДЕРГІ – ҮЙ

Токио сияқты ірі қалаларда баспана бағасы шарықтап кеткен. Орташа пәтер бағасы жүздеген миллион иенге жетеді. Ал шағын пәтердің өзін жалдау көптеген жас отбасы үшін қолжетімсіз. 

Бала тәрбиесіне кететін шығын да өте жоғары. Сондықтан жастар «бір баланың өзін асырау қиын болса, қалай бірнеше бала өсіреміз?» деген ойға келеді.

– Жапониядағы жұмыс мәдениеті де демографияға тікелей әсер етуде. Көптеген қызметкер ай сайын ондаған сағат артық жұмыс істейді. Кей адамдар үшін жұмыс – өмірдің негізгі бөлігіне айналған. Үйге кеш келу, демалыссыз еңбек ету, эмоционалдық күйзеліс қалыпты жағдай болып кеткен. Мұндай өмір салтында отбасыға, бала тәрбиесіне немесе жеке өмірге уақыт қалмайды,– деп жазды сарапшы. 

Сарапшылар Жапонияны болашақтың «демографиялық зертханасы» деп атайды. Себебі дәл осындай үрдістер Оңтүстік Корея, Италия, Қытай және Еуропаның кей елдерінде де байқалып жатыр.

Яғни мәселе тек мәдениетте емес. Урбанизация, өмір сүру құнының қымбаттауы, еңбек нарығындағы тұрақсыздық және әлеуметтік қысым көптеген дамыған елге ортақ проблемаға айналды.

ЖАПОНИЯ ЖОЙЫЛЫП КЕТЕ МЕ?

Әрине, Жапония картадан жоғалып кетпейді. Бірақ ел халқы күрт азайып, қоғамның құрылымы толық өзгеруі мүмкін. Қарттар саны көбейіп, жұмыс істейтін жастар азая береді. Бұл экономикаға, зейнетақы жүйесіне, медицинаға және өндіріс саласына ауыр салмақ түсіреді. Кей аймақтар босап, тұтас ауылдар жоғалуы ықтимал.  

Ең бастысы – жастардың болашаққа сенімі әлсіреп барады. Ал демография тек статистика емес, қоғамның ертеңге деген үмітінің көрсеткіші.

Жапония бүгін осы үміт дағдарысын бастан кешіріп жатыр.